Компьютер дәуірінде балаларға арналған кітаптар керек пе?
Бұл сұрақты туғызған қандай күш? Кітапқа деген сұраныстың жоқтығы ма, әлде тауардың өтімсіздігі ме? Осы сауалдарға өздерінше жауап, тығырықтан шығар шешім іздеген кітап баспалары өз өнімдерін мүмкіндігінше қызылды-жасылды бояуы мол дүниелермен толықтыра бастады. Мағынасы салмақты баяғыдағы балалар әдебиеттерінің орнын бояғыш сурет кітаптары басты. Бұл бүгінгі бүлдіршіннің сұранысын толықтай қанағаттандыра алып отыр ма? Бұл пікірге аға буын өкілдері қарсы уәж айтады. Еліміздегі "Балауса" баспасының бас редакторы Оразақын Асқардың пікірінше, балаларға арнап кітап шығару қай кезде болса да, аса қажет. Адамға көріп қабылдау мен оқып қабылдаудың әсері екі түрлі. Аға буын өкілі өз көзқарасын одан әрі былайша дәлелдейді: "Мысалы, біз жатып-жастана жүріп, "Абай жолын" оқыдық. Сол арқылы кітаптың да, шығарманың да кереметтігін сездік. Одан бері де теледидардан киноға айналған нұсқасын көрдік. Бірақ, шыны керек, кинолық нұсқасын табиғатымыз онша қабылдай қоймады. Демек, ол менің ішкі рухани қажеттілігімді соншалықты дәрежеде қанағаттандыра алмады. Сол секілді Шолоховтың "Тынық Дон" дейтін төрт томдық романы, екі сериалы фильмі бар. Бұның кинолық нұсқасын мен қабылдай алмадым. Жалпы, кітаптан алған әсер мен кинодан алған әсерді салыстыруға да болмайды. Бүгінгі таңда кітап шығару керек пе деген сауал туса, мен әрине қажет дер едім. Компьютер ауылдық жерлердің бәрін түгелдей қамти қойған жоқ. Сол себепті де балаларды бұндай пікірлер арқылы кітаптан ажыратпауымыз қажет". Қалай десек те, қазіргі кітап баспаларының балаларға қатысты өндірістеріне сын айтушылар көп. Бірақ бұл мәселеде кітап баспасы өкілінің күдігінен гөрі сенімі басым. "Дербестік алғаннан кейін бізде ешнәрсе жоқ болып қалды. Кітап шығару ісі тұрмақ, бүкіл дүкендер бос қалды. Тіпті өлген адамды жөнелтуге кездеме таппай қалған кездеріміз де болды. Соны ұмытпауымыз керек. Қазір құдайға шүкір, елде кітап баспаларынан көптеген кітаптар шығарылып жатыр. Бірақ бұл кітаптарды бұрынғы кеңес кезіндегі кітаптармен салыстыруға болмайды. Жетпіс жыл өмір сүрген мемлекеттің бүкіл өндірісі де орныққан. Біз де соған келе жатырмыз. Мен, негізі, жаратылысымнан оптимист адаммын", – дейді Оразақын Асқар. Сөз ортасында ол кісі баспалар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды: "Бүгінгі таңда "Балауса" баспасы әлем әдебиетінің елу томдығын қазақ тілінде шығарып жатыр. Бұл деген баспа саласы үшін үлкен жетістік. Елімізде балаларға арналған жеке меншік баспалар да бар. Тіпті олардың саны жиырмаға таяу екен. Міне, бұл балалар кітаптарына деген сұраныстың көптігін көрсетеді. Рас, бұрынғы жағдайға қарағанда кітаптар қазір қымбат. Себебі бәрімізге белгілі". Қазір Қазақстандық кітап дүкендерінің барлығын өзге тілдегі өнімдер басып алған. "Біздегі өндіріс өкілдерінің жұмыстары сонда қайда кетіп жатыр" деген сұрақ әрқайсымызды да мазалайтыны анық. Бұл реттегі аға буын өкілінің жауабы төмендегідей: "Қазақстандық кітап өнімдері дүкендерге түспей жатыр деп біржақты пікір айтуға келмейді. Өйткені елдегі кітап дүкендерінен отандық өнімдерді де кездестіруге болады. Рас, бұл жерде мен Ресейдің кітаптарының басым екендігін жоққа шығармаймын. Себебі олар кітап өндірісін дұрыс жолға қойған. Сол себепті де олардың өнімдері өтімді. Ал бізде қалай? Біз қазір өзімізде өндірілетін аз кітапты оқыта алмай жүрміз. Қазіргі жастар ой мен құлақпен алатын мәліметтерден гөрі, көзбен көретін жеңілдіктерге ұмтылып кетті. Бар проблемамыз осылардан шығып отыр". Тығырықтан шығудың шешімін іздеген бір топ "қазіргі қоғамда кітаптардың бәрін компьютерге көшіру керек" деген пікірлер айтып жүр. Оразақын Асқардың пікірінше, біз бұған қарсы болмауымыз қажет. Үлкен буын, әрине, бұған тосырқап қарайды. Бірақ түбі осы жоба іске асатын шығар. Егер ондай жағдай келсе, бұрынғыдай біз бір қабырғаны бір-ақ алып, кітап сөресін жасамайтын боламыз. Өмір сөзсіз осылай өзгереді. Мұның да дұрыс әрі бұрыс жақтары бар. Осы мәселе көтерілгенде кітаптың сапасы да сөз болатыны даусыз. Бұл тұрғыда біреулер "Қазіргі балаларға арналған кітапты шығарушылар мазмұнына емес, қызылды-жасылды бояуларына мән беріп кетті. Сол себепті де сырты әдемі кітаптардың ішіндегі қателерден көз сүрінеді" дейді. Мұндай кемшіліктерді "Қызылды-жасылды бояу мен қағаздың сапалығы өнімнің өтімділігін артырады. Өйткені қазіргі кітап баспаларының арасындағы бәсекелестік зор. Ал әріп қателерінің кететіні әрине, ең үлкен кемшілік. Бұл оқырманды өзінен алыстатады. Сөз болып отырған келеңсіздіктер тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көп орын алған. Қазіргі кездері баспалар осы мәселеге қатты назар аударуда. Өйткені кітаптың сапасының жоғары болғаны ең алдымен баспаға абырой", – дейді бізбен әңгімесінде Оразақын Асқар. Балаларға кітап оқыту мәселесі ең алдымен ата-ананың мойнындағы шаруа. Егер де өзегінде көп нәр жатқан кітап деген киелі дүниенің құндылығын бала санасына әу бастан сіңіріп өссе, жоғарыдағыдай сұрақ та туындамасы анық еді. Бірақ заман ағымы осындай мәселені өмірге әкелді. Ендеше, ендігі күрес кітаптың бар жанашырларына ортақ.
Шолпан ҚҰРМАНБАЙ
450 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|