Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


Елім-ай (Қожаберген-жырау)


image

Баласы Халдан-Бошақтың Сыбан Рабтан,
Көрші елді жауламақ боп көз алартқан.
Бурятты хақименен қосып алып,
Барабы татарларын келіп шапқан.

Барабы татарларын қалмақ шапты,
Татардың бірталайы қырғын тапты.
Қалғаны ұбап-шұбап, бас сауғалап,
Жалма-жан қазақ жаққа көше қашты.

Бұлар кеп Керейлерге паналады,
Ел көріп Орта жүзді сағалады.
Орта жүз қамқорына алғаннан соң,
Жарымы Барабы елі аман қалды.

Бұл қырғын көп ұзамай қазаққа ауды,
Наймандар тастап көшті Алтай тауды,
Жалайыр, Найман, Қоңырат, Қарақалпақ,
Қиналды тоқтата алмай келген жауды.

Бұларды қуып қалмақ Қобданы алды.
Қаңырап Тарбағатай, Жайсаң қалды.
Ел босып, жер иесіз қалғаннан соң,
Ол жерге қалмақтар кеп қоныстанды.

Теріскей Алатауды қалмақ алды,
Найман мен Қоныратты қуып салды.
Қайран жер жау иелігіне көшкеннен соң,
Жоңғардың Алатауы деп аталды.

Торғауыт, Жоңғар, Ойрат – бәрі қалмақ,
Орыстар мен Қытайды жүрген алдап.
Сол екі елден алған соң дәу мылтықты,
Келеді жолдағы елдің бәрін жалмап.

Шыңдарын Алатаудың бұлт басты,
Кез болып қысаңшылық қазақ састы.
Жау қалмақ шегіркеше қаптап кетіп,
Қайран ел есі шығып, көше қашты.

Қырылу Алакөлден басталып тұр,
Қазақтар жау қалмақтан жасқанып тұр,
Орыстар мен Қытайға арқа сүйеп,
Ит қалмақ сол екі елден күш алып тұр.

Қазақты қалмақ қолы бас салып жүр,
Мекені әр ауылдың бос қалып жүр
Жалайыр, Найман, Қоңырат, Қарақалпақ
Айырылып мекенінен зар жылап жүр.

Алтын, күміс, мал беріп аямай-ақ,
Орыстар мен Қытайдан білгір жалдап.
Сыбан Рабтан ден қойып өнерпазға,
Ғаскерін үйреттірді бес жыл қамдап.

Болмаса қалмаққа өнер қайдан келсін,
Тетігін зор мылтықтың қайдан білсін,
Осындай мол жабдықпен келіп шапты,
Дегендей қайратымды қазақ көрсін.

Ызғарлы күншығыстан жел келеді,
Шұбырған Алтай жақтан ел келеді,
Еділден Убашы қалмақ тағы шапты,
Зор бөгет тас маңдайға кез келеді.

Осылай екі жақтан тиды қалмақ,
Ғаскерін күн-түн демей жиды қалмақ.
Қазаққа екі беттен шабуылдап,
Түсірді бейбіт елге ауыр салмақ.

Қазақтың сахарасы жер құлпырған,
Қытай мен орыстарды қызықтырған.
Қоқан, Хиуа, Бұқар да көз алартып,
Қазақты бас салуға дайын тұрған.

Қаруын орыс, қытай қалмаққа сатты,
Айдап сап малғұндарды қоқандатты.
Қырғызып қазақтарды қалмақтарға,
Орыстар қамалдарын салып жатты.

Жау болды ағайын ел Естек бізге,
Жасады ол да жорық елімізге.
Қоқан да күнгей беттен қоқандады,
Соқтықпақ өйғыр, қырғыз тағы бізге.

Мұсылман көмектеспей мұсылманға,
Бермеді қару-жәрдем қысылғанда.
Түрікпен, Қоқан, Хиуа, Бұқар жау боп
Жат болды өзбек, Тәжік дін исламға.

Бектері ойғыр, шүршіт болып найсап,
Тонады көшкен елді сан атой сап.
Күншілдік мұсылманға кесір болды,
Бимәлім замананың сырын айтсақ.

Өйғырдың анасы - қытай, атасы - түрік,
Қытаймен көрші тұрды жиенсініп,
Соқтығып Ұлы жүзге әлсін-әлсін,
Шетінен еліміздің салды бүлік.

Шүршіттің анасы - қытай, атасы - араб,
Жатпайды олар-дағы текке қарап,
Тиісіп Найман, Қоңырат, Жалайырға,
Мазасын кетірді елдің шабуылдап.

Қоқан, Бұқар сатпады мылтық - қару,
Олардың болды ойы бізді шабу.
Қазаққа күнгей беттен түре тиіп,
Жолдарын ойластырды олжа табу.

Хиуаның тигіш еді мылтықтары,
Сол мылтық қазақтарға сатылмады.
Аз еді ел ішінде күлдірмамай,
Өзінің иесінен артылмады.

Қамданған қалың елде күш болады,
Қамсыз елге жау-душпан тұс болады.
Оңтүстіктен соқтықты түрікпендер,
Сор маңдайға қасқыр да өш болады.



Еділ мен Жайық жақтан көш келеді,
Көш бас сайын бір топ нар бос келеді.
Жер мен судан айырылған қиын екен,
Мөлтілдеп көзге ыстық жас келеді.

Еділ мен Сарыарқаға көмекке кеткен,
Сарбаздар тез оралмай елі күткен.
Киінді қыз-келіншек еркектерше,
Бұл күнде ат үстінде адам біткен.

Қазақтар Бұхар жаққа елші салды,
Дұшпаннан сақтау үшін мал мен жанды.
Елші апарған тартуды алғаннан соң,
Азырақ Хиуа, Бұхар тынышталды.

Шағатын қалмақ болып улы жылан,
Қоныстан ауды қазақ болып құлан.
Мал бағып, тыныш жатқан елімізге,
Ит қалмақ оқ боратып, салды ылаң.

Ел едік, егін егіп бейбіт жатқан,
Күтпеп ек жау болар деп пәле баққан.
Қысқа қам жасауға да үлгерместен,
Кез болдық қалың жауға дабыл қаққан.

Бастарын Қаратаудың мұнар жапқан,
Сылдырап Сырдың суы сылаң қаққан.
Жүргенде момын халқым көшіп - қонып,
Кенеттен қалмақ құрды қанды қақпан.

Ел көшті Бұхар жаққа айдап малды,
Айрылып асқар тау мен шалқар көлден.
Тарақты, Арғын, Қыпшақ жылжымады,
Арқада құйқалы жер сары белден.

Сыр бойы, Қаратауда қоныс болмас,
Келсе де Үйсін-Найман Алакөлмен.
Мылтықты жауды көріп, шыдап болмас,
Қазақтар қамданбақ боп хабар берген.

Басынан Алатаудың көш келеді,
Көшкен бас сайын жорғалар бос келеді.
Аты жоққа аттылар жәрдемдессе,
Құдайым ондай істі хош көреді.

Қаруын орыс пен қытай сатпаған соң,
Қатынас арадағы тоқтаған соң,
Сенделді хандар, билер ақыл таппай,
Кенеттен қалмақ елді таптаған соң.

өткен жыл әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал жетті.
"Бағыну бір көсемге дұрыс қой!" - деп
Боларын осы апаттың болжап кетті.

Төреден әйтеке би безін деді,
Келді ғой көсем сайлар кезең деді.
Қазақты батыр көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді.

Ақылды болсын батыр көсем деді,
Басқарса қазақ болар есен деді.
Көрші елмен татуласып, тіл табысар,
Тағы да болсын өзі шешен деді.

Осындай көптен көсем ізде деді,
Хандарды шеттетуді көзде деді.
Қазақты төре бастап көгертер деп,
Малтаңды би мен бектер езбе деді.

Үш жүзден үш ақылшы болсын деді,
Қазаққа бақ пен дәулет қонсын деді.
Сайланған көсемдерің кемеңгер боп,
Халықтың болашағын шолсын деді.

Бұл сөзді би мен бектер ұға алмады,
Бас қосып, дұрыс кеңес құра алмады.
Үш жүздің шонжарлары төре жақ боп,
Ортадан батыр көсем шыға алмады.

өткен күн ойлағанмен, қайта оралмас,
Бақыт құс ұшып кетсе қайтып қонбас.
өсиетін әйтекенің естеріне ап,
Қазыбек, Толе, Ақсуат шайқады бас!

Қазыбек, Толе, Ақсуат шешен жорға,
Қиналды ақыл таппай осы жолда.
Сайланды әбілқайыр ғаскер басы,
Өзінше ел билігін алып қолға.

Жас биі Кіші жүздің Малайсары,
Ол-дағы ақыл-айла таба алмады.
Бас қосып Күлтөбеде кеңес құрып,
Жөн көрді қоршау бұзып құтылғанды.

Кім жақсы көрер дейсің ұтылғанды,
Сонда да ел аппатан құтылмады.
Арасы хан, сұлтанның ала болып.
Кездейсоқ ел жағдайы оңа алмады.

Еділдің арғы беті қыстап ұдай,
Қолдайтын одан басқа халық болмай.
Бірігіп Кіші жүзбен тізе қосып,
Қалмаққа қарсы аттанды Қара Ноғай!

Болысар одан басқа халық болмай,
Қазағым серкесі жоқ болды қойдай.
Желікті күннен-күнге қанішер жау,
Ішсе де күндіз-түні қанға тоймай.

Бар болсаң, ісімізді оңда құдай,
Қазақты қан майданда қолда құдай.
Әз Тәуке өлгеннен соң быт-шыт болдық,
Қазақтың басын қосар көсем болмай.

Айрылды бай, мырзалар саудасынан,
Бектердің ұшты бақыт сау басынан.
Аң аулап жүрген кезі түскен айналып,
Жаңылды хан, сұлтандар тәубасынан.

Ажырады ер інісі мен ағасынан,
Төмендеп бұрыңғы ерлік бағасынан.
Өсірген әлпештеп-ақ ұл мен қыз,
Адасып қалды ата-анасынан.

Бас қоспай, қайран елім бытырады,
Хал-жағдай күннен күнге құлдырады.
Жау атқан дәу мылтыққа төтеп берер,
Қазақтың қолында жоқ еш құралы.

Қолда бар қылыш, қанжар, садақ, найза,
Айбалта, сойыл, шоқпар, кетпен, қайла.
Осының бәрін қару етсек тағы,
Таппадық қарсыласып ешбір айла.

Япырым-ау, мынау құтсыз жыл ғой қоян,
Қазаққа дегені ме қанға боян!
Жаралы және ішетін тамағы жоқ.
Әр жерде аштан өлді талай ноян.

Құлдырар болды енді қоғамымыз,
Болды ғой аяқ асты Отанымыз.
Кетірген барша жұрттың берекесін,
Билер мен ханға болсын обалымыз.

Қорғанар жоқ бекініс, қамалымыз,
Тайды ғой еріксізден табанымыз.
Жау атқан дәу мылтыққа тоқтау болмай,
Таусылды ақыл-айла, амалымыз.

Қирады ақ орданың сүйектері,
Кілемнің қырқылды ғой жиектері.
Соғыс аштық, суыққа ұрынған соң,
Қарттардың селкілдеді иектері.

Талды ғой сарбаздардың білектері,
Шайылды сардарлардың жүректері.
Хан, патша қазынасындай болған қазақ
Шошынды құлағандай тіректері.

Тозды ғой арулардың желектері,
Өртенді таудың қайың, теректері.
Суықта бала-шаға дірдектеді,
Талай жан есі шығып дедектеді.

Көзінен қазақтардың бал-бұл ұшты,
Күндері той-думанды, мерекелі.
Бытырап шіл боғындай тозып кетті,
Болса да біздің қазақ берекелі.

Дариға-ай, ел табаны ауған ба еді,
Қалмақта бұрын мылтық болған ба еді.
Қашаннан қазақ-қалмақ шабысса да,
Дәл мұндай қырғын апат болмап еді.

Басынан Қаратаудың көш келеді,
Көш бас сайын тайлақтар бос келеді.
Туысқаннан айырылған қиын екен,
Мөлдіреп екі көзге жас келеді.

Елдердің Бұхар жақта болмай жайы,
Тышқақтап көп қырылды, құлын-тайы,
Қалмақтар зор мылтықтан доп атқан соң,
Қазақтың оң жағынан тумады айы.

Қысқа қам жасауға ел үлгермеді,
Шабындық қиын болды өртенгені.
Доп атып дәу мылтықтан надан қалмақ,
Қазақты соғысуға келтірмеді.

Қазақта жоқ бекініс, қамал, қорған,
Сақтану қиын болды жау оғынан.
Шұбырды бет алдына жосып халық,
Ажырап қанды ұрыста өз тобынан.

Сайғақтай сая таппай туған жерден,
Бақ-береке қашты ғой талай ерден.
Қолына ұстағаны таяқ болып,
Әр жерде қалды өліп есіл мерген.

Қанданды қазақ атам қең даласы,
Өлік пен ашқа толды сай-саласы.
Құтқармақ елді апаттан боса-дағы,
Әнеттей жолда қалды ер данасы.

Соғыс, аштық, жұт елге келіп қабат,
Қазақпен хош айтысты сән-салтанат.
Қырылып бала-шаға, кемпір мен шал,
Тірі жүр қару ұстап ер азамат.

Жау алды Ұлы жүзді бұлтартпастан,
Үстіртке Қарақалпақ көше қашқан.
Орта жүз, Кіші Жүздер қоршауда боп,
Соғысып қалың жаумен араласқан.

Бектері Қарақалпақ болып жалтақ,
Оларда ой болмады тізе қоспақ.
Бірігіп тым болмаса туыс болып,
Ұрысқа шыға алмады бізді қостап.

Басында Күлтөбенің болып жиын,
Түсінді ел зор апатты болар биыл.
Құрсаулап жан-жақтан жау қоршап келеді,
Қоршаудан шығуға амал табу қиын.

Тараз бен Түркестанды қалмақ алды.
Ташкентке жетіп нөпір лаң салды.
Тігілген ақ ордалар, қайран қоныс,
Қаңырап тіршіліксіз босқа қалды.

Кердері теңізі, Сыр, Қаратаудан,
Ыққан ел соққы көрді қалмақ жаудан.
Сахарадан таба алмай жанға сая,
Есті алып, әлсіретті қоныс ауған.

Шабуыл, аштық пен жұт қысқан заман,
Қазақтан бақыт құсы ұшқан заман,
Қолданар мылтықтары болмаған соң,
Қалмақтан қазақ қашып-пысқан заман.


Бүгінгі күн - мұнар күн,
Жер бетін тұман басқан күн.
Жалантөс аспас асудан,
Кәпір қалмақ асқан күн.

Бейбіт жатқан халқымды,
Жаныңа қалмақ басқан күн.
Ақыл таппай қиналып,
Билерім қатты сасқан күн.

Паналар жер таба алмай,
Ер етегін басқан күн.
Атуға болмай мылтығы,
Қалмақтан қазақ қашқан күн.

Сәмеке, Ғайып, Болат сұм,
Соңына елді ерте алмай.
Хонтайшыға сатылып,
Елдің сырын ашқан күн.

Шағырмақ күнім түн болды,
Хан мен сұлтан жын болды.
Сәмеке, Ғайып, Болаттың,
Сатқындығы шын болды.

Әбілмәмбет солқылдақ,
Ақ балшыққа борпылдақ.
Келіспейді ерлермен,
Қабандарша қорсылдап.

Ұрысуға болмай хал,
Талай сабаз болды дал.
Әр жерде қалды көмілмей,
Бала-шаға, кемпір-шал.

Адамдар көп сұлаған,
Балалар көп жылаған.
Талай сұлу сымбатты,
Көзінің жасын бұлаған.

Қазақтың жасыл даласын,
Түтін мен шаңға орантты.
Атаңа нәлет ит қалмақ,
Қорғасын оқты боратты.

Құмалақтай қорғасын,
Талай жанды сұлатты.
Дәл мылтықтан түскен доп,
Ерді атымен құлатты.

Боздағынан айырып,
Ата-ананы жылатты.
Сүйгенінен айырып,
Сұлуларды шулатты.

Жекпе-жек шығу аз болды,
Мылтығына кәпір мәз болды.
Қазақтар түсіп қыспаққа
Қалмақтың көңілі жаз болды.

Кіші жүз Алшын Байұлы,
Байбақты Дат палуанның,
Көтергеніне қарасаң,
Жасыл ала ту болды.

Не болса да көрем деп,
Соғысып жаумен өлем деп.
Қоршауды бұзып өтем деп,
Күлтөбе басы шу болды.

Ер емес жаудың туын құлатпаған,
Қалмақтың адамы жоқ жылатпаған.
Қолында мылтығы көп нөпір қалмақ,
Шығұды жекпе-жекке ұнатпаған.

Түспен деп кәпір қалмақ алдауына,
Аянбай қарсы шығып қас жауына.
Орта жүз, Кіші жүз де күшін қосып,
Қалмақтың быт-шыт қылды қоршауын да.

Мылтықсыз қазақтардың қаны қызды,
Тастамай жетектеді ұл мен қызды.
Батырлар найза ұстаған алға түсіп,
Орта жүз, Кіші жүздер қоршау бұзды.

Аға баласы - Ұлы жүз болып қолды,
Жау басып, қайран бауыр быт-шыт болды.
Қазақ пен татарларға босқа өшігіп,
Сыбан Рабтан ит шықты қанды жолды.

Баласы Сыбан Рабтан Шона Даба,
Соқтықты елімізге көп лаң сала.
Жалайыр мен Найманды қуып тастап,
Құрығын тағы салды Дулаттарға.

Баласы Сыбан Рабтан Халдан Серен,
Татар мен қазақтарды қыра берген.
Доп атып зор мылтықтан үсті-үстіне,
Күн сайын жұртың қанын төге берген.

Ит қалмақ қазақ қанын судай шашты,
Мылтығы көп болған соң, күші асты.
Жау тиіп, есі шыққан есіл Дулат,
Арғын мен Қыпшақ жаққа көше қашты.

Мейман боп қайын жұртқа келіп едім,
Сый-құрмет Кіші жүзден көріп едім.
Еліме қайтар кезде жау қамады,
Жаратқан осыншама не қып едім.

Жорықта қырық бес жыл ғұмырым өтті,
Орта жас ол да мені тастап кетті.
Ит қалмақ соғысуға душар қылды,
Болмаса ақсақалдық кезең жетті.

Қазаққа қиын болды келген індет,
Ежелден жауға шабу ерге міндет.
Шығарда жау қоршауын күшпен бұзып,
Екі ұлым майданда олді Науан, Бекет.


Екі ұлым, екі атқосшым оққа ұшты,
Төрт боздақ қара жерді барып құшты.
Өлімін төрт сабаздың көрген шақта,
Өртеніп іші-бауырым күйіп-пісті.

Сол кезде өзімді-өзім тоқтата алмай,
Ұрандап "Ошыбайлап" салдым айғай.
Сілтедім оңды-солды көк найзаны,
Жығылды талай дұшпан салып ойбай.

Пенденің бала деген жүрегі ғой,
Аз күндік тіршілікте тірегі ғой.
Боздақтың жаудан кегін алу үшін,
Қалмақтың жендеттерін түйредім ғой.

Екі ұлым бірге еріп келіп еді,
Қызықты Сыр бойынан көріп еді.
Ақыры қан майданда шаһид болды,
Қос құлыным жау қалмаққа не қып еді.

Қалмақтың алақандап ұрттап қанын,
Құштырдық талайына аттың жалын.
Әйтеуір бір өлім деп, қылыштастық,
Қазақтың қорғау үшін мал мен жанын.

Үйде, түзде болсаң да, бір-ақ өлім,
Дұшпаннан алған дұрыс елдің кегін.
Келсем де алпыс бірге найзаладым,
Қалмақтың қанға құмар талай бегін.

Кезінде қыннан қылыш суырылған,
Апшысы ит қалмақтың қуырылған.
Орта жүз, Кіші жүз боп қоршау бұзды,
Еріксіз дұшпан жақтан ту жығылған.

Болсам да қол бастаған батыр ноян,
Қайғыны ішімдегі қалай жоям.
Елімнен ғаскер ертіп шықпасам да
Шайқастым алпыс бірде болмай қоян.

Айырылды тұлпар атым тағасынан,
Тозып тұр ақ сауытым жағасынан,
Қайралған қайық болат алдаспаным,
Боялды қызыл қанға сағасынан.

Қоян жыл дәл алпыс бір мүшелім ғой,
Жасымнан сардар болған кісі едім ғой.
Көрші елге елшілікке ылғи барып,
Халқыма адал қызмет істедім ғой.

Тіліне араб, парсы едім жетік,
Оны да қолданбадым өнер етіп,
Шамамша ел қорғаны - батыр болып,
Мен жүрдім өз халқыма қызмет етіп.

Адам деп өз бойына өнер жиған.
Ел іші деп атайды мені имам.
Жас кезімнен көп аттанып,
Болғам жоқ балгер, молда, қожа, ишан.

Жасымнан қол бастаған болдым сардар,
Соңымнан еріп жүрді өңкей дегдар.
Кез болдым алпыс бірде қатал жауға
Ісіне құдіреттің не амал бар?

Замана күннен-күнге қағынып тұр,
Қатал жау тұс-тұс жақтан жабылып тұр.
Аяйтын ешбірі де көрінбейді,
Талайтын жолбарыстай шабынып тұр.

Болды ғой қиын заман япырым-ау,
Жарар еді қазақ қалса апаттан сау.
Улгіртпей елден сарбаз жиюға да
Соқтықты қапияда мейрімсіз жау.

Тарығып ұзақ жолдар тарттым бейнет,
Туатын күн болар ма бізге зейнет.
Қолында ағалардың тірі ме екен,
Ең кенжем - жалғыз қызым, құлыным Зейнеп.

Өтежан, Қарабас би, Тобыш ағам,
Үш ағам аман ба екен жау оғынан,
Көрем бе, тұған елді көрмеймін бе,
Білмеймін жаудың беті өте жаман.

Дариға-ай, тұған жерден алыс қалдым.
Белгісіз не болары біздің халдың.
Тірі боп елмен бірге кездесер ме,
Үйдегі он ұл, бір қыз балапаным.

Білмедім жолда мұндай сор боларын,
Апаттың қазақ үшін зор боларын.
Орта жүз керей-дағы ауды ма екен,
Білмеймін істің алда не боларын.

Қай заман, мына заман бағы заман,
Болар ма баяғыдай тағы заман.
Қара орман, тұған жерім алыс қалып,
Көл-дария көздің жасын ағызамын.

Қызығын жаулар көрді жиған малдың,
Нақақтан қанын төгіп талай жанның.
Біз кеткенде жорықта жүрген ұлым,
Шіркін-ау, тірімісің қайда бардың?

Бұл заман байқап тұрсам, қайғы заман.
Бос кеткен ер еңбегі зайғы заман.
Есіл, Ертіс, Тобылдағы тұған елге,
Жететін күн болар ма есен-аман.

Кенжесі ем, Толыбай сыншы Қожаберген,
Бата алғам әнет пенен әз Тәукеден.
Күйзелген ел жағдайын көзбен көріп,
Өзегім өртенген соң айтам өлең.

"Елімай-ай" - деп бастай бер, Айша жарым,
Біз айтпасақ, кім айтар елдің зарын.
Жауға шабар қасымда жасағым жоқ,
Өлең айту болды ғой бар амалым.


Біз айтпай, елдің зарын кім айтады,
Мұндай жай ел қайғысын ұлғайтады.
Халқына қысылғанда айтпағанда,
Пайдалы насихатын кім айтады.

Асынған құтты болсын жарақтарың,
Жырыма құлағың сал қарақтарым.
"Шабуылы жау қалмақтың күшті екен" - деп,
Кетпеңдер жаудан қорқып тарап бәрің.

Жорықта жолың болсын азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым.
Қожа, молда, ишандар көтін қысып
Қоржынға салып қойсын шариғатын.

Намаз оқып жатқанда жаулар қырар,
Атылған дәл мылтықтан доп кеп ұрар.
Мінажат қып жайымызда отырғанда,
Ит қалмақ ұстап алып тұтқын қылар.

Қөңілің алла мен дінге болса таза,
Тартқызсаң жау қалмаққа қатан жаза.
Жұмақтың төрінен орын аларсыңдар,
Кешірілер намазың болған қаза.

Мекенің болсын тау мен орман, тоғай,
Ол жерден жау алуы болмас оңай.
Ұрыста қазақ қолын аруақ қолдап,
Халқыма надыр алла пана болғай!

Тұрмыстың көрдің, міне, ауырларын,
Аман бол қайда жүрсең бауырларым.
Тастама ата-анаңды, ұл-қызыңды,
Қасыңда жүрсін бірге алған жарың.

Астыңда болмаса да тұлпарларың,
Аянбай соғысыңдар сұңқарларым.
Майданда өл, жауға тірі берілмеңдер,
Төкпеңдер жау алдында беттің арын.

Бұл заман болды елге қиын заман,
Шіріткен тамам елдің миын заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қағынды қазақ үшін биыл заман.

Қазыбек, Ер Жанібек, Алдабек би,
Көрді олар өз халқынан кеткенін күй.
Үшеуі тозған елді біріктірер,
Қайғырма, азаматтар, есіңді жи.

Тірлікте жарамайды күдер үзген,
Сайла орын, жер үй салып, жапан түзден,
Қазақтың қыздарына жараспайды,
Қалмақтың бектеріне көзін сүзген.

Қыздарым, келіндерім, жауынгер бол!
Дұшпанға басыңды име, ұсынба қол!
Сендер де қару-жарақ асыныңдар,
Қалмақтан кек алатын өжет жан бол.

Қыздарым, келіндерім, топ құрыңдар,
Ерлерше киініңдер, сай тұрыңдар.
Ұрыста өл, мазақ болма, берілмеңдер,
Қалмақты селебемен шапқа ұрыңдар.

Қиыншылық ылғи болмас, әлі-ақ өтер,
Ерлерім жауды ұзатпай тентіретер,
Бөгенбай, Ерсары, Асқап, Жабай, Көшек,
Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер.

Шәкіртім қайда екен Бұхар жыршы,
Ол Бұхар әрі ақын, әрі сыншы.
Ол-дағы қарап жатпас аттан салар,
Сөзіне оның, халқым, құлақ түрші!

Бұхаржан биылғы жыл отыз жаста,
Атағы ақындықпен шықты алашқа.
Ол-дағы көп қайғырып жүрген шығар,
Түскен соң ауыр бейнет қайтсын басқа.

Керейдің батыры бар Ақпанбеттей,
Оған да қоймаушы еді қалмақ беттей.
Естісе, сарбаз жиып, туын ұстап,
Дұшпанға келіп тиер жанған өрттей.

Бар еді Кіші жүзде батыр Жайнақ,
Жау десе аттанушы еді жүзі жайнап,
Ол-дағы халқын жинап, жасақ құрып,
Қалмақты "ә" дегенше шығар жайпап.

Сүйей жүр әлсізіңді әлі барың,
Қолдағы жолдас болсын қаруларың.
Ұрысқа жау қалмақпен шыққан кезде,
Алла мен аруақ болсын сыйынарың.

Бұл келген заман болды бастарыңа,
Тоқтарың қайырыла жүр аштарыңа.
Қолдай жүр бір-біріңді тастамаңдар,
Тізе қос, етек жиып, ес барында.

Ұрыста қиындыққа шыдай берсек,
Қалмаққа қырылатын келер кезек,
Табағын жаудың өзіне қайта тартар,
Бөгенбай, Ерсары, Асқап, Жабай, Көшек.

Жауменен басталғанда үлкен ұрыс,
Қаршылдап жарқылдасын алмас қылыш.
Бастап өт Сарыарқаға қалған елді,
Жараспас ер жігітке босқа тұрыс.

Ашыңдар ел өтетін жаудан жолды,
Шаншыңдар көк найзамен оңды-солды.
Майданда жолың болғыр сардарларым,
Жинаңдар құрастырып қалың қолды.

Бастасын тозған елді көсемдерім,
Ақылшы болсын сөзге шешендерім.
Хан, сұлтан, төрелерді ел санамай,
Тізе қос, күшті жиып есендерің.


Төрелерге сенім жоқ, ел ермесін,
Қазағым хан тұқымын дос көрмесін.
Хан, сұлтан, төре, қожа, өңкей құзғын,
Оларға енді тізгін жұрт бермесін.

Сарыарқа қазақ жері кіндігі деп,
Атаның мүлкі болсын жиғандарың.
Жау қалмақ - ата жауым ит екен деп,
Қалмақтың мойны болсын қиғандарың.

Жау керегі меруерт, маржан ба еді,
Қалмаққа елді қыру арзан ба еді.
Қазақ пен қалмақ талай соғысса да,
Жаңбырдай қорғасын оқ жауған ба еді.

Дәу мылтықтан доп атып,
Қазақты қалмақ күйретті.
Қалмаққа мылтық атуды,
Орыс пен қытай үйретті.

Атаңа нәлет сұм қалмақ,
Дәу мылтығын сүйретті.
Жазықсыз жұртты бостырып
Даланы тегіс күңірентті.

Мейман боп келемін деп қуаң Сырға,
Қайта алмай қиналдым ғой, мен де қырға.
Халқымның мүшкіл халын көзбен көріп,
Қобыз ап қосып тұрмын мұңды жырға.

Жасынан ер жүрегі шерге толған,
Халқына қарайғанша қорған болған.
Қиналып қысылғанда, жыр шығарған,
Керейде Қожаберген бабаң болам.

Сүйген жарым Айшаның,
Асыл тегін сұрасаң,
Кіші жүз Алшын ішінде.
Есентемір елі еді,
Сылаң Сырдың бойында,
Мекені Бестам жер еді.
Алдында өрген малының,
Есебі жоқ көп еді.

Қайын атам Қабылан би,
Өз халқына бел еді.
Қартайса да беделді,
Айтулы ердің бірі еді.

Жағалбайлы басшысы, -
Сансызбайұлы Төспенен.
Тізе қосып екеуі,
Сыйынып алла, аруаққа,
Мұғаджар тауға бармақ боп,
Көшті бастап жөнелді.

Жауда қалып туған жер,
Еңіреді ел мен ер.
Аударып табан көшсе де,
Мұғаджар тауы шалғай жер!

Шықса да талай қарсы дұшпан жауға,
Шабақтай болды оралған құрған ауға.
Алшынның рулары бел байлады,
Көшпек боп Еділ-Жайық, Орал тауға.

Күн бар ма енді бізге жиналатын,
Дәм-тұзы туған елдің бұйыратын.
Сауқшыл, бейбіт жатқан қазақ едік,
Жау көрсек, қарсы бірге жұмылатын.

Өскенбіз қазақ ұлы бір ұяда,
Қызыққан ел емеспіз дүнияға.
Үлкенді кіші сыйлап әрқашанда,
Топ болса, сөз бастатқан қарияға.

Салғанмен қалмақ қатты бүліншілік,
Қуса да елді жерден быт-шыт қылып.
Шыдаңдар тобың бұзбай, азаматым,
Арылар әлі-ақ бастан қиыншылық.

Қолдай жүр ғарыбыңды әлі барың,
Қоныстан жылжымаңдар күші барың.
Мекеннен марал ауса, жайы болмас,
Еске ұста, бұл сөзімді есі барың.

Би мен бек бір-біріңді сынамаңдар,
Дауласып ел арасын былғамаңдар,
Сардарлар сарбаз жинап, күш құраңдар,
Сөздерін хан, сұлтанның тыңдамаңдар.

Жырымды ұғыныңдар милыларың,
Қосқайсың елдің басын сыйлыларың,
Аянбай жау қалмақпен соғысқанда,
Алла мен аруақ болсын сыйынарың.

Қаратау, Сыр, Сарыарқа, Еділ-Жайық,
Тұрақты қазақ елі қонысы деп.
Санаңдар түп қазыққа соны лайық.
Әуелден мал кіндігі өрісі деп.

Жасақты қоймаған соң әрбір шепке,
Насихат жүрмеген соң әр кез көпке.
Көшумен күні өткен біздің қазақ,
Кез болды бейғамдықтан зор індетке.

Мұндай боп жаудан табан тайған ба еді,
Жаңбырша қорғасын оқ жауған ба еді.
Өтпес өмір, өткелсіз кешу болмас,
Түзде өлмей, үйде өлген арман ба еді.

Басталды елде аштық көп ұзамай,
Қалмақтың шабуылы аз болғандай.
Ұшырады шұбырындыға жас пен кәрі,
Сұм заман қазақтарға қас болғандай.


Жау қалмақ жақындады Шуға таман,
Сескенді ел есі шығып, онан жаман.
Күн сайын әр ауылды жау кеп шауып,
Орнап тұр ел басына ауыр заман.

Торғауыт, Жонғар, Ойрат бәрі қалмақ,
Орыстар мен Қытайлар қойған жалдап.
Сол екі ел қару-жарақ бергеннен соң,
Құртпақшы мұсылманның бәрін жалмап.

Күнгей жақты қаптаған қалмақ алды,
Жетісудың өңірі елсіз қалды.
Бостырып Үйсін, Найман, Қоңыратты,
Жай жатқан қазақтарға лаң салды.

Жас келмей екі көзге қайтсын енді,
Көңілім зор апаттан көп сескенді.
Мұздады жылы жүрек күн-түн сайын,
Жау қалмақ елге қаптап беттегелі.

Дін ордасын былғады кәпір қалмақ,
Оқ таып, жолдағы елді өтті жалмап.
Айнала қазақ жерін жаулап алып,
Түсірді мұсылманға ауыр салмақ.

Қор болды бірлігі жоқ біздің қазақ,
Басынып ата жауым етті мазақ.
Орыстар мен Қытайдан көмек алып,
Көрсетті жауыз қалмақ елге азап.

Қазақтың жағдайына болып қанық,
Байлаулы қазақ қолын пайдаланып.
Иесіз қалған жерге шатыр тігіп,
Орыстар жанталасты қорған салып.

Зерабшанға ел кетті,
Естілерден ес кетті.
Дүние-малды тартып ап,
Қазақты жау еңіретті.

Сұм қалмақ шабуылдап бірнеше ұдай,
Қоршауды бұздық қолдап аруақ, құдай.
Аштарға аттың бірін сойып беріп,
Келеміз Айша екеуміз жүріп тынбай.

Нағашым Айдабол би, Күлік мырза,
Ісіне халқы олардың болған риза.
Аруағы екеуінің қолдай түссе,
Көреміз туған елді дәм бұйырса.

Талайды оққа ұшырып, кесіп басын,
Жау алды қазақтың кең сахарасын.
Күнәсіз жүкті әйелдің ішін тіліп,
Түйреді найзаманен жас баласын.

Тірлікте бұл сұмдықты көрмейін деп,
Шамамша жауға соққы берейін деп.
Дұшпанға ыза кернеп, карсы шаптым,
Майданда шаһид болып өлейін деп.

Дұшпанмен ұрыс салдым аянбай-ақ,
Аялдап алды-артыма қарамай-ақ.
Мені көріп жастар да аттан салды,
Қалмақты найзаладық аямай-ақ.

Айналып зор шайқаста ұрыс соңы,
Жаңбырша жауып кетті қалмақ оғы.
Дұшпандар оқ бората бастағанда,
Шегінді шығын болмай қазақ тобы.

Қай заман, мына заман, сорлы заман,
Пендені бұғаулайтын торлы заман.
Атадан ұл, анадан қыз айырылып.
Халқымды жайлады індет мулде жаман.

Қағынып тарылды ғой заманымыз,
Тозды ғой жаяу жүріп табанымыз.
Толласыз зор мылтықтан доп атылып,
Сарқылды ақыл-айла, амалымыз.

Мына заман, қай заман, құйын заман,
Жұрт шұбырып болды ғой бәрі ақтабан.
Алакөлден басталды сұлаған жұрт.
Мәңгіртті есті алып, қонын ауған.

Басынан Қаратаудың көш келеді,
Тай, тайлақ көш басы сайын бос келеді.
Ауылдар жұбын жазбай бірге көшсе,
Бір-бірін қиын жолда ес көреді.

Арқаға кеткен ғаскер қайтты оралып,
Шуға жетті атының мойны талып.
Бәрі де ну намысқа паналады,
Қалмақ боп шыбын жанын аман алып.

Аңғал қазақ алданған,
Төренің сөзін малданған.
Жан-жағынан жау қамап.
Жол таба алмай дағдарған.

Шапқыншы қалмақ құтырып,
Жерімізді таптаған.
Дәу мылтығын сүйретіп,
Құмырскаша қаптаған.

Қырсығы тиіп хандардың,
Қалмақтан халқым ұтылған.
Опасыз сұлтан, төреден,
Жөн болар, елім, құтылған.

Көсемі жоқ қазақтың басы қатқан,
Төрелер жау қалмаққа елді сатқан.
Жасанып жарақтанған қанқұйлы жау,
Бас салды қазақтарды бейбіт жатқан.

Құй ойла, құй ойлама, бітті жұмыс,
Бастаңдар қоршау бұзып, үлкен ұрыс!
Жорықта жолың болғыр боздақтарым.
Жараспас ер жігітке босқа тұрыс.


Хан, патша қазынасындай болған қазақ,
Төрт түлік малға толған далалары.
Қарулы ит қалмаққа болып мазақ,
Үш жүздің көп киналды даналары.

Қазақтар паналады тоғай-нуға,
Кең дала толып кетті айғай-шуға.
Соғысқан ит қалмақпен қазақ қолы,
Түскендей болып еді от пен суға.

Өленге қостым көзбен көрген көпті,
Халқымды соғыс, аштық тентіретті.
Біразы Найман, Қоңырат, Жалайырдың,
Сарысу өзеніне келіп жетті.

Бұл заман, қай-қай заман, мыстан заман,
Қазақты қалжыратқан дұшпан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қар жауған қантардағы қыстан жаман.

Қия алмай дала, тау-тасын,
Сиғыза алмай ер басын.
Жер-суынан айырылып,
Халайық төкті көз жасын.

Мінгестік Айша екеуіміз жалғыз атқа,
Амалдап қамшы бастық ақбоз атқа.
Құтылып жаудан алыс кете бардық,
Әйтеуір тұтқын болмай ит қалмаққа.

Сыйынып алла менен аруаққа,
Бет түзеп біз жөнелдік Арқа жаққа.
"Ауылға жетем" - деген зор үміт бар,
Елімді жолықтырсын біздің баққа.

Мекенім Есіл, Ертіс, Тобыл бойы,
Елімнің жайылушы еді ешкі-қойы.
Күн туып ата жаудан кек алатын,
Қалмақтың іске аспасын қарам ойы.

Сұм дүние опасы жоқ жалған екен,
Бізден бұрынғы ерлерді де алған екен.
Бақұлдық ел-жұртымен айтыса алмай,
Елде өлмей, далада өлген арман екен.

Өткен күн көз алдыма жай бір елес,
Күйініп өлең-жырмен айтым кеңес,
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар мен,
Отыз үш мың сахаба да дүниеден өткен,
Солардан Қожаберген артық емес.

Дәулет-бақ пен перзентке асығыс жоқ,
Біреуге ерте, біреуге кеш береді.
Жоқшылыққа еш жүйрік жеткен де жоқ.
Пендеге шыдамдылық дес береді.

Сұм соғыс, аштық пен жұт нені қойсын.
Айырылды ел бар дәулет пен жиған малдан.
Ит қалмақ оқ боратып несін қойсын,
Хәл кетті нелер асыл сардарлардан.

Санама біріңді артық, біріңді кемге,
Біріңді-бірің сүйе сүрінгенде.
Әр уақыт тобың жазбай бірге жүрсең,
Татисың аз да болсаң іргелі елге.

Тарқатпа сарбаздарым жиыныңды,
Жаудан кек ап, оңайлат қиыныңды,
Қалмақты жеңіп шығып, құдай өңдап,
Боздақтар қайтадан тап үйіріңді.

Нұр жауар талапты ерге деген ермін,
Есіркеп қашан алла жеткереді.
Құдайдан елге амандық тілеп жүрмін,
Қазақты қашан қолдап ескереді.

Қажыды халы азайып біздің халық,
Мәңгіртіп соғыс, аштық жүдеткелі,
Көлігін қолда барлар пайдаланып,
Жөнелді ел бет-бетіне күнелткелі.

Атқарып тәуір жұмыс елшілікте,
Ұнадық ер атанып көпшілікке.
Айырылып қасыма ерген төрт боздақтан
Дәл бүгін мен тап болдым кемшілікке.

Батыр деп түсіп елдің ықыласы,
Мен болдым жас шағымнан жорық басы.
Кешегі орда бұзған отыз бесте,
Сыйлап еді мұсылманның кәрі-жасы.

Болғанмен отыз түрік тектеріміз,
Түріктің көп елінен шеттедік біз,
Мұсылман қасқыр болып мұсылманға,
Қандастар жат боп кетті дәл осы күз.

Уайымдама, Айшанжан!
Қалды деп боз ат шабандап.
Жетерміз елге біз аман,
Аң атып жеп амалдап.

Қайғыра көрме, ой ойлап,
Қалармыз деп жаяулап.
Есен болсақ, жан жарым,
Барармыз елге баяулап.

Бөгелмейік аялдап,
Жүрейік атпен аяңдап.
Ұзап шықтық алысқа,
Жете қоймас ит қалмақ.

Болса да адам үшін жаман ресім,
Қалайша айтпай қоям мұның несін.
Халқымның хал жағдайын өлең етіп,
Жырладым апат күннің шежіресін.


Артымда өзім өлсем атым қалсын,
Жырыма барша жұртым құлақ салсын.
"Бабамның Қожаберген өлеңі" - деп.
Ұмытпай кейінгі ұрпақ есіне алсын.

Самарқанд, Бұхарадан білім алғам,
Өнерге құштар болып жас шағымнан.
Атанып зерек шәкірт қатарында,
Үргеніш медресесін тамамдағам.

Қоршауға түспей көшіп Төле кетті,
Соңынан біраз ауыл ере кетті.
Ит қалмақ бізді бүгін жеңгенменен
Түбінде жауды қазақ жеңер депті.

Құрттатып ет жейтұғын қалмақ кәпір,
Қазақтың сахарасын жайлады ақыр.
Теңемек болып бізбен терезесін,
Жауығып жүруші еді тігіп шатыр.

Іс болды-ау, аса қиын таңдай татыр,
Қорланды жаяу қалып сансыз батыр.
Жайнаған гүлдей тұрмыс ғайып болып,
Дариға-ай, ойда-жоқта болдық пақыр.

Бұл апат үш жүз елін тентіретті.
Халықтың дайындықсыз есі кетті.
Жал-жая, қазы-қарта жеген қазақ,
Амалсыз шөп тамырын қорек етті.

Батырлардың ағасы,
Қырықта жас шамасы.
Қамқор болар халыққа,
Бөгенбайдың данасы.

Қанжығалы Бөгенбай
Алтынды тонның жағасы.
Осы күнгі сардардың
Бәрінен артық бағасы.

Тазартылар күн туар,
Қазақтың кең даласы.
Ел қорғаны ұл туар,
Қалмақтың құрыр шарасы.

Жазығы жоқ қазақтың,
Батырлар болар панасы.
Елді қырған қалмақтың,
Жыртылар әлі-ақ жағасы.

Қазақтар түйіп қабағын,
Қалмақтың орып тамағын.
Қайта тартар дұшпанға,
Өздері тартқан табағын.

Быт-шыт қып шебін, қамалын,
Әбден құртып амалын.
Қазағым жерін тазартып,
Тайдырар қалмақ табанын.

Қанды ұрыс екі жаққа да қиын болды,
Айнакөл жағасында қырғын болды.
Орта жүз, Кіші жүз боп қарсыласып,
Қалмақтан алты мың жан шығын болды.

Қазақтар қаша көшіп ұрыс салды,
Бетпақта адастырды қалмақтарды.
Еділ-Жайық, Арқаға қазақ ауып,
Шу, Талас, Сыр, Қаратау жауда қалды.

Бостырып Жалайыр мен Наймандарды,
Алтай мен Алатауды қалмақ алды.
Жалайыр, Найман, Қоңырат Бөрібайға еріп,
Сарысу бойына кеп қоныстанды.

Тұсында Таңбалы тас болып шайқас,
Қазақтар ата жаумен салды айкас.
Қалмақтар үсті-үстіне оқ боратты,
Дегендей Үш жүз ұлы көріп байқас.

Соғысып бұл ұрыста байқасқанда,
Қаймықпай жау қалмақпен шайқасқанда.
Дұшпандар жеме-жемде ұта алмады,
Қолма-қол қазақтармен айқасқанда.

Ашынған қазақ қорқып бұға алмады.
Қалмақтар жекпе-жекке шыға алмады,
Мылтығы жеткілікті кәпір қалмақ,
Шығуды жекпе-жекке қаламады.

Бес мыңдай жау қырылған Үзкент жақта,
Екпіндеп баса көктеп келген шақта.
Бөгедік Сарысуда қалмақ қолын,
Дұшпандар өте алмады батыс жаққа.

Жауларға қарсы тұрды Алшын қолы,
Кесілді еріксізден қалмақ жолы.
Аймақкөл жағасына жетсек тағы,
Келмеді Әбілхайыр жиған тобы.

Көп тостық Әбілхайыр келеді деп,
Тосыннан жауға соққы береді деп.
Алайда негізгі қол көрінбеді.
Қорықтық халық түгел өледі деп.

Қамданып жасақ жиып, тігіп шатыр,
Қолбасшы Әбілхайыр қайда жатыр,
Сәмеке, Әбілмәмбет, Ғайып, Болаттың,
Көмегі қазақтарға болмады ақыр.

Қайғырып қазақ елі шекті уайым,
Зор соғыс төмендетіп хал-жағдайын.
Жырымды әрі қарай ұластырып,
Азырақ қайын жұртты баяндайын.

Басында мамыр айы шықтым жолға,
Дедім мен алла, аруақ өзің қолда.
Ай жүріп қайын жұртқа келіп жеттім,
Көрместен ешбір бейнет ұзақ жолда.

Қазақтан бақыт шіркін тайған ба еді,
Қалмақта бұрын мылтық болған ба еді.
Елімнен бақыт құсы ұшып кетіп,
Қалмақтың шадтарына қонған ба еді.

Қазақтың қамсыздығын жаулар сезген,
Тыңшысы қалмақтардың елді кезген.
Шал-кемпір бейнесінде жер шарлаған,
Санақшы тұтқындалды жаннан безген.

Қалмақтың аямасын әбден сезем,
Жаулардың қорлығына қалай төзем.
Дұшпандар дәу мылтықтан доп атқанда,
Күңіренді тау, орман, көл, асау өзен.

Тарақты Ер Байғозы қолдың басы,
Бұл күнде жиырма алтыға келген жасы.
Ол дағы Кіші жүзге күйеу екен,
Сыйлаған оны да елдің кәрі-жасы.

Қатысты Кіші жүзден Тайлақ мерген,
Құлатты көздегенін атқан жерден.
Бір мерген Саңырақ атты жараланды,
Тайлақтың жолдас болып қасына ерген.

Әйгілі Тайлақ, Саңырақ батыр емес,
Шығатын жекпе-жекке жандар емес.
Өзгеше мергендікпен аты шыққан,
Болмаса дара жүріп қылмас егес.

Байғозы қолма-қолда екен күшті,
Ер болып, жеке шығып, көзге түсті.
Атысқа ғадеттенген қалмақтардың,
Бетпе-бет кездескенде зәресі ұшты.

Мекендеп Тобыл, Ертіс екі арасын,
Қазақтың күйге бөлеп ен даласын.<


1005 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 4.71Rating: 4.71Rating: 4.71Rating: 4.71Rating: 4.71 (барлығы 42 дауыс)

comment Пікір жаз (0 жазылған) 

Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар