Құдіретті бір хақ барша алапқа,
Соған лайық мәртебе де, мадақ та!
Пәк, зұлжалал, ұлылықтың иесі,
Жаратушы, кемел қадір-киесі.
Құдіретті бір хақ барша алапқа,
Соған лайық мәртебе де, мадақ та!
Пәк, зұлжалал, ұлылықтың иесі,
Жаратушы, кемел қадір-киесі.
Же жадырап, жер-көк, жұрттың иесі,
Дайындап берген ризығыңды тиесі.
Ол баршаға ризық беріп, жақтайды,
Тойындырып бәрін, өзі татпайды.
Тірі жанды ешқашан аш қалдырмас,
Жеп-ішкізер өзегін еш талдырмас.
Не қаласа – құдіреті жетеді,
Кім-кімді де тілесе, ұлы етеді.
Ықыласым пайғамбарға таңдаулы,
Достарына ықтиарым арнаулы.
Мұһаммед-елші барша жұрттың басы ол,
Тірі жанның көзі менен қасы ол.
Әзіз кітап – бұл ұлылық негізі,
Біліктіге болғай білім теңізі!
Құт білікпен безенген бұл, жамағат,
Шүкір қылып ал да, тіле қанағат.
Күллі дана сөзі түгел сүзілген,
Інжу-маржан тізбегіндей түзілген!
Шығыс ханы, Машындардың бектері,
Даналары жердің, асыл тектері.
Бұл кітапты артық көрген асылдан,
Қазынасының ішіне ерек жасырған.
Бір-біріне мирас қылып қалдырған,
Басқаларға бермей, жеке алдырған.
Зияны жоқ көп пайда, нұр-арайы,
Мәнін ұқпас түркілердің талайы.
Тыңдағанға – ұғынықты, қадірлі,
Жазбасы – ауыр, надандарға кәдімгі!
Көз-қолыңды демеп жарық шашар да,
Ісіңді оңдар сөзі екі жаһанда.
Машын-Шынның хәкімдері жарысып;
Мадақтасты таң-тамаша қалысып.
Шығыс елі, күллі түркі ішінде,
Дүниеде – кітап жоқ бұл пішінде.
Кітап құнын білсе – білер білікті,
Ақылсыздар нені сезіп, біліпті!?
Бермеу керек кісілерге кез келген,
Бұдан жақын емес дос та көз көрген!
Білімсіздер қасиетін біле алмас,
Ақылдылар оқып, көзін бір алмас.
Бұғра хан тұсында бұл жасалған,
Құтті кітап – хан тілі деп атанған.
Бұрын-соңды мұндай кітап жазған кім,
Енді асырып, келістіріп жазар кім?!
Кім бар, қане, жазып бере алушы,
Мадақтайын шықса егер, жазушы.
* * *
Әр ұлыста, орда, сарай, шаһарда,
Жаңа атпен, кітап түрлі ат алған.
Әр елдің бек, даналары алыпты,
Ел рәсіміне бейім жаңа ат тағыпты.
«Әдәбүл Мүлік» деп атапты шынлықтар,
«әнисул Мәлік» деп атапты машынлықтар.
Мұны ұлықтар күллі Шығыс елінде,
«Зийнатүл умәра» – деп таратқан, тегінде.
Ирандықтар «Шахнама» деп қараған,
Турандықтар «Құт білімі» санаған.
Ат қойғанмен бұрып әр ел тіліне,
Жақын күллі адамзаттың діліне!
Жаңа ат беріп, қосқан сөздің шырайын,
Пенделерін жарылқасын құдайым!
Ей, кітапты қабыл алып, қарарсың,
Түркі тілі ғажабына қанарсың,
Оқып қара, кітап ұнар баршаға,
Тұтар қолға, көп кенд, оқыр патша да.
(Кітап күллі кісіге ақыл береді,
Шахтар оқып артар құрмет, беделі!)
Ел, мүлікті тұтушы кім? өзі кім?
Айтқан кітап данышпандар сөзімен.
(Мұнда бәрін айтқан ойлы хәкімдер:
Елді қалай басқарған жөн әкімдер?)
Патшалықты басқарудың әр түрі,
Әмірліктің шарттары мен тәртібі,
Неден мүлкің хараб, бақи болмағы?
Неден кетіп, неден қолда қалмағы?
(Шахтықты не бақи қылып, не аздырар?
Қайтсе қалып, неден безіп, жазғырар?)
Әскер, қолды қалай жинап, бастайсың,
Жауды қалай тосып, қуып тастайсың?
Тәртіп-жөні бұл кітапта қадап-ақ,
Сипатталған, ұғындырған саралап.
Және елді берік ұстар кісіге,
Бұйырады ел басқару ісі де,
Лайық адам керек бұған ақылды,
Ай келбетті, ойнатар ой-жасынды.
Патшаларда қалың халық қақы бар,
Ал, халықта патшалардың қақы бар.
Ел патшаны сақтап, құлқын түзетсін,
Патша елдің жанын-тәнін күзетсін!
Қай патша да тайсалмайды ұрыстан,
Қолды ұрыста басқарған жөн дұрыстап,
Айтады, көр, қандай айла тұтуды,
Жау әскерін қалай бұзып ұтуды.
(Айтады, көр, жауды қалай жеңуді,
Қолды қалай бастап жауға енуді.)
Қалай істеу керек шахтық жұмысты,
Қалай жөнге салу керек ұлысты.
Ондай ханы болса, халқы сүйінер,
Жүзін көрсем, деп талайлар иілер.
Құты барға қызмет бер, жанастыр,
Бәзбіреуді қу, қақпаңнан әрі асыр.
Жақын ұста, сені жақын тұтқанды,
Құтсыз, қорға сана, безіп шыққанды..
(Жақсылармен қалай жақын келуді,
Жамандардан қалай безіп, жеруді..)
Саясатта кімнің басын қаққан жөн,
Парасатты ер көңілін қалай тапқан жөн.
Ақылды, есті, алып жүрек ер болып,
Қалай қазна толтырған жөн, кең болып..
Бегі құтты, ел көңілі тоқ болса,
Күллі ісі – рахат, уайым жоқ болса.
Біраз сөзді өсиет еттім, құнтта,
Дұға қылсаң, мені де ата ұмытпа!
Байқап көрген, бұл кітапты терген ер,
Елдің басы, құнары мол, өнген ер.
Ақылымен құрмет көріп, мақталып,
Рахатта өмір сүрді шаттанып.
Тақуа болып, жүріп шындық жолымен,
Ақылды өмір кешті пәктік жөнімен.
«Құзорда» елі оның туған мекені,
Түп-нәсілі, анық, тілді екені..
Кетті шығып туған елден алысқа,
Жырмен кітап берді түгел халыққа.
Хаттап-қаттап барын жазды көңілде,
Тәмамдады жырмен Қашқар елінде.
Хандар ханы Тавғаш Қара Буғра –
Падишахтың құзырында оқыды.
Мархабатпен даңқ қосты атына –
Ақылы мен қаламының хақына.
Хас Хажыбтық атақ берді тағы да,
Мұны сеніп жақын тұтты жанына.
Сол мәні үшін жұрт құрметтеп қарады,
Аты: Жусіп Хас Хажыб деп тарады.
Кітабында талай жайды айтады ол,
Бұл төрт ұлық сөздерінен байқалар:
Бірі оның – шындық жолы, әділет,
Екіншісі – құт пен ырыс, Дәулет.
Үшіншісі – ақыл менен парасат,
Төртіншісі – ұстамдылық, Қанағат.
Әрбіріне басқа-басқа ат тағып,
Баяндайды қалатындай жатталып.
Әділдікті Күнтуды Елік атапты,
Өздеріне соны әмірші жасапты.
Ал, дәулетті Айтолды деп санаған,
Уәзірлік орынды оған балаған.
Өғдүлміш деп ат қойыпты ақылға,
Жалғыз ұлы ол уәзірдің қасында..
Одғұрмыш деп аталыпты қанағат,
Уәзірдің жақыны ол жұрағат
Бұл төртеудің хиқматы шырын-бал,
Сол сөздерден осы кітап құрылған.
Кітаптар көп арабша да, тәжікше,
Біздің тілде бұл жалғыз-ақ әзірше.
Тек білікті білер мұның құрметін,
Ақылды ұғар ақыл-ойдың қымбатын.
(Тек білікті білер мұның түйінін,
Ақылды ұғар шын ақылдың қиынын.)
Біл, түркіше жырмен жазып арнадым,
Дұға қылсаң, мені ұмытып қалмағын.
Мен жаһаннан өтем, естіп, жасырсың,
Көп ғибрат алып, көзің ашылсын.
Илаха, сен жарылқағын аңғар да,
Ризық бер, күллі момын жандарға!
Жүсіп Баласағұн