(Жұбан Молдағалиевтің 1986 жылғы желтоқсандағы Колбинмен кездесу кезіндегі толғауы)
Дию Тағдыр жалын құсып, жын атқан,
Талай талап, талай орға құлатқан;
Қайран қазақ,
Аңғал қазақ,
Нар қазақ,
Құрбақасы түспеген бір құлақтан...
Тасыр тағдыр тасырланып сынаса,
Маңызданған, абыржымай тым аса;
Қиналмаған: «Құлағында, –
деп қойып, –
Құрбақа ойнар құлан орға құласа!»
Құлан – өзі, құрбақасы – басқалар,
Құлағын да қақпас талап жатса да...
Қазақтығын ұмытпаған, сабыр қып,
Жердің беті жылжып қара басса да...
Жердің беті жылжыса да жылжымай,
Маңдайына жеткен кезде жылжып Ай.
Жөней берген қадап Айды басына,
«Жөнін берсін, – деп, –
түбінде, бір құдай!»
Сыбап алып,
..............ықпай, «құдай – шұнақтан»,
Қайран қазақ құр ат мініп, қыр асқан.
Сөзге тоқтап,
Сөзге көңіл семіртіп,
Ақындары, батырлары жұбатқан.
Жүйкесіне құлдық тиіп, шу батқан
Қалған кезде ерлер аумай тұлақтан:
Жұбан ақын жұбатпаған, жылаған,
Жылап тұрып мірдің оғын тура атқан.
Жұбан ақын жырламаған – жылаған,
Шықпай қалай тұр деп бойда мына жан.
Құлындарын шыңғырқанда қылбұрау,
Құлагердей ышқынып кеп құлаған.
Жайдың отын жұтып алған асылдай,
Олжас ақын шыққан Олжа батырдай.
Ақындары, батырлары болмаса,
Қазақ қалай жүрер еді, апырмай!
Мұхтар ақын, сөз айтпайтын кісіге,
«Бауырымдап!» кірген өрттің ішіне!
Сыршыл жырдың «ақ бантигін» – суырған –
Іліп алып аждыћаның тісіне…
«Отқа түсіп, оққа тосып денемді,
Ел қорғадым, қорғай берем мен енді» –
Жұбан ақын шабуылды бастаған,
Жүрегі айтып: «Мен – қазақпын!» – дегенді.
Не үшін тұдық?
Не үшін уды төктік Біз?
Европаны не үшін көктей өттік Біз?
Тұған елден, тұған жерден алыста,
Не үшін күйіп, не үшін қанға бөктік Біз?...
Не үшін тірі қабырғамыз сөгілді?
Не үшін жұртқа жұлығымыз көрінді?
Не үшін қазақ – көнді, көнді, көндікті, –
Көнбістіктен артық көрген көріңді!?
«Бала үшін!» – деп маңдай жіпсіп, нұрланып,
«Бала үшін!» – деп жүрмедік пе тырбанып.
Балаң үшін алдаспандай жарқылдап,
Сұрапылға кірмедік пе сұланып...
Ақ бесіктей –
Құлын жортқан даласын –
Әлдилеген, бұлаңдатқан баласын.
Кең көсілген кең жерінде ұланы
Жайлауындай жайып тастап жағасын.
Ырысым деп, қызын бетке қақпаған,
Тынысым деп, ұлға өсиет хаттаған.
Жаны барда – қанаттыға қақтырмай,
Тұмсықтыға шоқыттырмай баптаған.
Бұлаңдатып, меселдесіп қайырмай,
Бұла өсірген ата жұрттан айырмай.
Бұлықсытып солдан шыққан күніндей,
Толықсытып оңнан туған Айындай.
Күндерде де шұбырынды, ақтабан,
Қол тигізбей, намысындай сақтаған:
Анасына, әлдилеген ұрпағын,
Баласына, бұғанасы қатпаған!
Күндерде де «мың тіріліп, мың өлген», –
Қалмасын деп қазақ намыс – жігерден,
Сынбасын деп сағы келешегімнің,
Жығылмасын деп кісілік туы елден.
Жасық болып қалмасын – деп, – ұрпағым!
Жұтқан талай шортандардың қылтанын.
Артық көрген сұлтанынан өзгенің,
Өз елінің өзегі асыл ұлтанын!
Жүрген қазақ, ұлдың басын игізбей,
Тұщы етіне ащы таяқ тигізбей.
Қалай отыр,
Қайран қалдым, ұл-қызын,
Табанына таптатқызып кигіздей.
Өзі өсірген, қарын шашын қырғызып,
Қойды қалай бұрымдарын жұлғызып.
Досқа жайған қолдарың ұланың,
Басқа айбар тку емес пе ұл-қызың.
Маңдайдағы күн емес пе жайнаған,
Таңдайдағы тіл емес пе сайраған!
Күн тұтылып,
Тілің қалды байланып,
Тірі өліктей талып жатыр бай далаң!
Кеудедегі Үміт еді сөнбеген,
Қазақ үшін жақсылыққа шөлдеген...
Үзілді үміт,
Жақсылық та жалт берді,
Көңіліне күдік енді көлбеген!
«Азғын!» – десті...
Ұрпағы азса, халық кім?
Аз ғұмырда – «Айыптардан» жалықтым.
Адам емес...
Қимас адам «шірігін»
Тірлігі де сең сенделткен балықтың...
Иә, иә...
Күйін кешті ел... балықтың...
Балық – тілсіз...
Балық – пірсіз...
Қамықтым!
Бауыр етім – балама қол тигізбе,
Алсаң – мені ал,
Сал отына тамұқтың!
Тамұғыңды,
Дауылыңды көргенмін,
Мың қуарып, мың қайтара өнгенмін...
Көрі солдат...
Құрыш өзек дойырмын,
Сертті күні сілтемекке – өрген мың.
Одағыма
Қан да бердім, жан бердім.
Ар да бердім, қалағанша мал бердім.
Саясатта саясатын қорғадым...
– Бас керек пе?
Басымды да ал! – дедім.
Мен солдатпын.
Ал, солдатты танып ал –
Керек қылса, судан тегін қаны бар.
Қанын беріп,
Жанын беріп,
Тігіп бас –
Мал – жан, бәрін садаға етер –
Ары бар!..
Арым – балам, Арым – анам, атым – ар...
Құйрық – жалым... пірім солар.
Бас ұрар!
Арыма – тіл, жаныма – кір тигізбен,
Құл баласы емес Олар
Басынар!
Басындырман,
Басымды Ұрман...
...Араша!..
Ашынды жан,
Тасынды қан, қарашы!
Ит қосатын, құлдың ұлы демейсің,
Айбыны асқан алты Алаштың баласы!?
Жатқа құл ғып қоймайын деп ұлымды,
Қазақ талай қырылды һәм шұбырды.
Шырылдатып ұл-қызымды қысқан қол,
Шымырлатып бара жатыр жұлынды...
Өз тентегім, өз босағам, өз жерім,
Көз сүзбедім төр, тағына өзгенің.
Өз тентегім,
Өз тезім бар тентекке,
Бар тағы да өз күйігім, өз кегім.
Аларым жоқ, араласпан басқаңа,
Ұрпағыма қол тигізбе, жасқама!
Ертеңімді қақпа, бетке ағайын,
Беті қайтқан ел мүсәпір, масқара!
Ел едік қой, ел едік қой, ағайын,
Елді күңге теңедік қой, ағайын?!..
«Елім! Елім!» – деп едік қой, ағайын,
Елге ештеңе демедік қой, ағайын?..
Ақын болып тілдесеміз қалай біз?
Ақсақал боп жүздесеміз қалай біз?
Әке болып күн кешеміз қалай біз?
Күн кешеміз, құйрық – жалсыз, қалай біз?..
Қырғын кешсем, балам үшін қырқыстым,
Жағалассам, қазақ үшін жұлқыстым.
Жанұшырып үшқан оқпен жарысып,
Жат жерінде жатпен жаға жыртыстым.
Ертеңімді бетке қақпа, жасқама!
Бауыр етім – баланы отқа бастаман...
Ботасы үшін шайнасады бурадай,
Көнбіс қазақ көнгенімен басқаңа...
«Көнбіс» қазақ, қорлығыңа көнбейді,
Қанатын қый, жерге тірі көм мейлі!..
Баласына қол тигіздің –
Қазақтың
Кегі мәңгі! Кегі мәңгі сөнбейді!
Бауыр етім – балама қол тигізбе!
Қарадайын намысыма күйгізбе!
Балам үшін мен басымды тігемін,
Ұл-қызыма құл бұғауын кигізбен!