|
Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын!
Әли ибн Әбу Тәлибтiң аңызға айналған көптеген ғажайып ерлiк iстерiн әрбiр мұсылман баласы мақтан тұтады. Әрине, оның бәрiн шағын кiтапшаға сыйғызу мүмкiн емес. Әйтсе де бiз Аллаһтың Елшiсiнiң, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, көрнектi iзбасары және мұсылмандардың төртiншi әмiршiсi туралы қысқаша болса да жалпылама түсiнiк берудi жөн көрдiк.
Әли ибн Әбу Тәлиб Пайғамбарымыздың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, немере iнiсi едi. Ол немере ағасы Мұхаммедке, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, пайғамбарлық қонардан он жыл бұрын дүниеге келдi. Әкесi Әбу Тәлиб әрi кедей, әрi көп балалы шаңырақтың иесi болғандықтан Мұхаммед ибн Абдолланың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, үйiнде тәрбиеленiп, өсiп, ержеттi. Аллаһтың Елшiсiне, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, ең алғаш сенiм келтiргендер – ерлерден Әбу Бәкiр, әйелдерден Хадиша, құлдардан Заид ибн Харис болса, балалардан Әли едi. Ол Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, соңына бала кезiнен ерiп, өле-өлгенше одан ажыраған жоқ. Әли ибн Әбу Тәлиб өзiнiң тым жастығына қарамастан арыстан жүректi өте батыр адам болды. Ол әрқашан да Ислам үшiн, Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, үшiн жанын пида етуге даяр тұрды. Төменде бiз келтiретiн оқиғалар осының айқын дәлелi бола алады.
Әлидiң Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, үшiн өзiн құрбандыққа қиюы
Пайғамбарлықтың он үшiншi жылында құрайштың қасарысқан игi жақсылары бас қосып, жиын ашып Аллаһтың Елшiсiн, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өлтiруге бел байлап, кесiмдi пәтуа жасасты. Әрине, құрайш тайпасына кiретiн әрбiр ру егер хашимиттерге қол көтеретiн болса, қылышы кекке суарылған қанды қырғынның басталуынан, ол соғыста басқа рулардың бас бұғып, көмек беруге де жарамай, өздерiнiң жалғыздан-жалғыз қаларынан қорқар едi. Сондықтан олар өз iштерiндегi адам кейпiнде отырған шайтанның ақыл қосуымен әр рудан бiр-бiрден жауынгер сайлап, Мұхаммедтi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, солар өлтiруге тиiс боп шешiлдi. Бiрақ Аллаһ олардың жасырын сырларын өзiнiң Елшiсiне бiлдiрдi. Солай бола тұрса да ақылды да зерек, әрi сенiмдi жаратылған Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өзiне сенiп тапсырылған аманатты өзiндей бiр адамға табыстамай үйiн тастап шыққысы келмедi. Аллаһтың Елшiсiнiң, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, мойнында бiраз қарыз – борыштары бар едi. Солардың бiр түйiрiн де кемiтпестен, толық күйiнде иелерiне тапсыруды Әлиге жүктедi және бұл iстердi бiтiрмей Меккеден шықпауын бұйырды. Сондықтан ол орын алған барлық жағдайды өзiнiң немере iнiсi Әлиге түсiндiрiп, оған өзiнiң орнына үйде қонып шығуын ұсынды. Әли бұл ұсыныстың зор қаупiн бiлдi. Егер бұл жерге қонса, құрайш тайпасының сақадай сайланып, iрiктелген жауынгерлерi оны басқа адамға (Пайғамбарға) балап, қылыштың жүзiмен турап тастаулары әбден мүмкiн едi. Осыны бiле тұра Әли Аллаһтың Елшiсiнiң, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, ұсынысына бiрден келiстi. Оның сабырлы қалыпта ұйқыға кiрiп, таң атқанға дейiн бiр рет те оянбауы – Жаратушы Иесiне қатты сенгендiгiнiң белгiсi едi. Ғұламалар атап көрсеткендей, адамның ержүректiгi мен батырлығының белгiлерiнiң бiрi – өмiрiне тiкелей қауiп-қатер төнiп тұрса да ұстамдылық пен салқынқандылық танытуы екен. Ал ендi мұндай адамдардың iшiнде де өз еркiмен өлiмге бас тiгiп, қаннен қаперсiз ұйықтау деген сирек кездесетiн-ақ құбылыс. Егер, ертедегi Ислам тарихында болған үлкен-үлкен шайқастарға зейiн аударар болсақ, оларға қатысты хазiрет Әлидiң орасан рөлiн байқар едiк: бiрде ол жауымен жекпе-жекке шығып, табанының астына салады, бiрде ту көтерiп саптың алдында жүредi, бiрде дұшпанның қатарын сеңдей соғып ойсыратады, бiрде қамал бұзып, жол ашады, ал ендi бiрде пұттарды қиратады, ол – шын мәнiнде даңққа бөленген батыр едi.
Бәдiр соғысында
Екi жақтың да әскерi сап түзеп, майдан даласында тұрды. Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, екi қолын аспанға көтерiп, ұзақ уақыт бойы тапжылмай тұрып Жаратқан Иеден жәрдем сұрады. Оның сахабалары да Құдiреттi Аллаһтан жеңiске жеткiзуiн тiлеп, жалбарынып, дұға оқып тұрды. Қанды қырғын ұрыс басталмас бұрын кәпiрлер жағынан үш жауынгер ортаға шығып, қарсы жақтың батырларын жекпе-жекке шақырды. Ортаға суырылып үш ансар шықты, олар: Ауф ибн әл-Харис, Муаз ибн әл-Харис және Абдолла ибн Руах едi. Олар: – Сендер кiмсiңдер? – деп сұрады. Мұсылмандар: – Ансарлардың тобынан – деп жауап қайтарды. Мүшриктер: – Сендер бiзге керек емессiңдер. Ей, Мұхаммед! Бiзге қарсы өз халқымыздан лайықтыларды шығар! – деп айқай салды. Сонда Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам: – Убайда ибн әл-Харис, және сен, әй, Хамза, сен, әй, Әли ортаға шығыңдар. Олар жақын келген сәтте жау жағы: – Мiне, бұлар лайықты қарсыластар! - дестi. Убайда Утабамен, Хамза Шейбамен, Әли Әл-Уалидпен жекпе-жекке шықты. Әли Әл-Уалидтi әп-сәтте жер жастандырды. Хамза да Шейбаны көп ұзатпай сұлатып салды. Убайда мен Утаба болса бiр-бiрiне берiсе қоймады. Екеуi де қатты жарақаттанды. Сол кезде Хамза мен Әли Утабаға барып, оны өлтiрдi де, жаралы жолдастарын өз тобына әкеп қосты. Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, оларды бұл iстерiне кiналаған жоқ. Бұл соғыс - мұсылмандардың барлық жеңiстерiнiң басы болды және оларға дем бердi, ал кәпiрлердiң жүректерiне қорқыныш салды. Олар осы соғыстан бастап жеңiлiстiң ащы дәмiн татумен болды.
Әл-Ахзаб күнi – ор қазу соғысы
Һижраның бесiншi жылында шәууәл айында болған бұл соғыстың тұтануына Мәдинадан шығып Меккедегi құрайштарға қосылған иудейлер себепшi болған едi. Олар Мекке мүшiрiктерiн Аллаһтың Елшiсiне, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қарсы соғысқа шақырып, “Оларды түп тамырымен жойғанша бiз сендермен бiрге боламыз”, - деп даурықты. Сосын олар Пайғамбармен, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, соғысқа Ғатафан тайпасын үгiттедi. Арабтардың басқа да тайпаларын жағалап шықты. Олардың бiрi көндi, бiрi қарсы болды. Пайғамбармен, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, бейбiт келiсiм орнатқан еврейлердiң Бану Курейза деген тайпасы да Ка`б ибн Асад Әл-Карзидiң арандатуына түсiп қалды. Бұл тайпа Хайн ибн Ахтаптың бұйрығымен бейбiтшiлiк келiсiмiн бұзып, ұрысқа қосылатын болды. Өзiне қарсы дайындалып жатқан жорық туралы естiгеннен кейiн Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өзiнiң барлық күшiн топтастырды, сахабаларын жинап, кеңес құрды. Сөйтiп, Мәдинаны iшкi жағынан қорғауды ұйғарды. Салман Әл-Фарисидың ұсынысы бойынша, қаланы айналдыра дұшпанның шабуылына кедергi болатын ор қазылды. Оның орны сәттi таңдап алынған едi. Өйткенi, қаланы онсыз да жан-жағынан жартасты таулар қоршап тұрды, ал қарсы беттегi жалғыз ғана ашық жерiнде тұнып өскен пальма ағаштары болатын. Жақсы жарақтанған он мың кәпiр әскерi мұсылмандарға қарсы ұрысты бастады. Ол кезде қаланы қорғауға алған мұсылмандардың саны үш мыңға да жетпейтiн. Исламның жаулары Мекке мен бiрiккен араб тайпаларының көпқұдайшылдарынан, қала iшiнен шыққан иудейлерден, Бану Курейза тайпасының адамдарынан және екiжүздiлерден құралған едi. Олар қаланы қоршағанмен, ұрыс қимылын бастай алмады. Өйткенi, олардың бұл ойларын жүзеге асыруларына терең қазылған ор кедергi келтiрдi, Тек Амру ибн Абдол-уадд Әл-Амир бастаған бiрнеше салт аттылар ғана ордың енсiздеу жерiнен шағын алаңқайға өтiп, мұсылмандарды жекпе-жекке шақыра бастады. Амру ибн Абдол-уадд: – Кiм менiмен жекпе-жекке шығады, – деп айқай салды, Хазiрет Әли орнынан тұрып: – О, Аллаһтың Елшiсi, мен барамын, – дедi. Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам: – Бұл Амру ғой, отыр, – дедi. Амру тағы айқайлады: – Менiмен ұрысатын кiм бар? Және мысқылдап былай дедi: – Сендерден бiреу соғыста өлсе жұмаққа кiредi дейтiн едiңдер, сол жұмақтарың қайда?. Әли орнынан тағы тұрып: – О, Аллаһтың Елшiсi, – деген кезде, ол оған: – Орныңа отыр, – дедi. Амру айқайын тағы салды.… Әли орнынан тағы тұрды.…Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам: – Бұл – Амру, – дедi. Әли жауап қатты: – Өлсем де ұрысқа шығамын. Ақыры оған Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, рұқсат еттi. Әли Амрудың қасына барды, ол: – Сен кiмсiң? – деп сұрады одан Амру. – Әлимiн. – Әбду Манаптың ұлысың ба? – Мен Әбу Тәлибтiң ұлымын, – дедi Әли. (Әбду Манап Әлидiң атасы) – О, Амру! – дедi сосын сен бiр кезде: – Егер құрайштың бiр еркегi екеудiң бiреуiн таңдауға шақырса құп аламын” - деп Аллаһтың алдында уәде бергенiң рас қой? – Дәл солай, – дедi Амру. – Мен сенi Аллаһқа, Оның Елшiсiне және Исламға шақырамын, – деген ұсыныс айтты Әли. – Оның маған түкке де қажетi жоқ, – деп кесiмдi жауап қатты ол. – Ендеше, төмен түс, – дедi Әли. – Неге? Мен сенi өлтiргiм келмейдi, – дедi Амру. – Ал, мен сенi өлтiргiм келедi, – дедi Әли. Бұған қатты ызаланған Амру атының сiңiрiн қиып жiбердi де, тұмсығынан бiр соқты! Сосын ол қылышын жалаңдатып Әлиге ұмтылды, Әли қалқанын тоса қойды, ол қақ бөлiндi. Сол кезде шалт қимылдап Амрудың мойнынан шапты. Амру жан тәсiлiм етiп, жерге сұлап түстi. Мұсылмандар Әлидiң тәкбiрiн естiп, оның Амруды өлтiргенiн бiлдi. Жекпе-жек аяқталған соң ордан берi өткен салт аттылар өз жағына қайта қашты. Бұл оқиға тағы да Әли ибн Әбу Тәлибтiң ержүректiгi мен даналығын көрсетiп бердi. Аллаһтың жәрдемiмен мұсылмандар тағы да үстем шығып, мерейлерi тасыды. Әли осы ұрыста көп жерде даналық көрсеттi. Бiрiншiден, ол Аллаһтың Елшiсiнен, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, рұқсат сұрады. Екiншiден, Амрудың есiне берген уәдесiн салып, ол оны мойындаған кезде Аллаһтың жолына және Исламға шақырды. Үшiншiден, Амру Исламды қабылдаудан бас тартқанда, оны ұрысқа шақырып, тең жағдайдағы айқаста о дүниеге аттандырды.
Хайбар ұрысы
Һижраның жетiншi жылында Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өз әскерiн бастап Хайбар деген елдi мекенге келдi. Күн кешкiрiп кеткен едi. Қай жер болмасын түнде шабуыл жасамау Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, әдетiне айналған, сондықтан түндi қала сыртында өткiздi. Таңертең қаперлерiнде ештеңе жоқ Хайбар тұрғындары құрал-саймандарын асынып егiс басына жұмысқа шыққан. Олар мұсылмандардың кеп қалғанын сол кезде барып бiлдi. Яхудилер: “Құдай атымен ант етемiз, бұл Мұхаммед пен оның әскерi”, – деп айқайлап, асыға қашып қорғандарына тығылды. Қорғаннан олардың қолбасшысы Мерхап ұрыс даласына шықты. Ол жекпе-жекке шақырып былай өлеңдеттi:
– Мен Мерхапты бүкiл Хайбар таниды. Садағымды тартамын, Сыннан өткен батырмын. Кейде мылжалап, кейде бiр-ақ ұрып жығамын.
Оның шақыруын Амир ибн әл-Акуаъ қабыл алды. Ол Мерхапқа былай деп жауап қайтарды:
– Мен Амирмiн, бүкiл Хайбар таниды, Күш-қуатым жетiлген, Мен де асқан батырмын.…
Олар кезек-кезек қару сiлтедi. Мерхаптың алдаспаны Амирдiң қалқанын қақыратып жiбердi. Төменгi жақтан тағы бiр соққанда Амирдiң ендi қалқалайтын ештеңесi қалмаған едi. Ол ауыр денесiмен жерге жығылды, шахид өлiмiмен қаза тапты.
Сол күнi Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, былай дедi: – Ертең мен бұл туды Аллаһты және Оның Елшiсiн сүйетiн бiр адамға тапсырамын. Ол адамды Аллаһ та, Оның Елшiсi де сүйедi, оның көмегiмен Аллаһ бiзге жеңiс жолын ашып бередi. Осы түнi көп адамдар “туды кiмге тапсырмақшы екен?” - деген мазасыз ой кешiп, көз iлмей шықты. Оны алудан әркiм-ақ үмiттендi. Ертеңiне Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, отырғандарды назарымен бiр шолып өттi де: – Әли ибн Әбу Тәлиб қайда? - деп сұрады. – О, Аллаһтың Елшiсi! Ол көзi ауырып келе алмады, – деген жауап алды. – Оны маған алып келiңдер, – дедi ол. Әлидi алып келiсiмен Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, оның көзiне сүпiледi де, Аллаһтан емдеуiн сұрап дұға қылды. Әли сол сәтiнде дым болмағандай ауруынан айығып кеттi. Пайғaмбар оған туды табыс еттi. Әли айтты: – О, Аллаһтың Елшiсi! Қашан олар бiз сияқты болғанша шайқаса берейiн бе? Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, былай деп жауап қайтарды: – Олардың мекенiне кiргенде сабырлы қалыпта бол, Исламға бейбiтшiлiк жолымен шақыр. Аллаһтың олар үшiн қандай хақысы бар екенiн хабарла. Аллаһтың атымен ант етемiн, егер Жаратқан Ием сенiң себебiңмен бiр адамды тура жолға салса, сен үшiн ол – бiр табын қызыл түйелердi иеленгеннен артық”. Ұрыс даласына жекпе-жекке шақырып, тағы да Мерхап палуан шықты. Ескi әуенiне салып әндеттi:
– Мен Мерхапты бүкiл Хайбар таниды. Садағымды тартамын, Сыннан өткен батырмын, Кейде мылжалап, кейде бiр-ақ ұрып жығамын. Арыстандар от шашып келсе де алып ұрамын. Мен қорғаған топырағыма аяқ бастырмаймын.
Оған қарсы майданға хазiрет Әли сұңқардай атылды. Қолында қалқан, ол да өлеңдеттi:
– Маған Арыстан деп анам ат қойған, Қорқынышты ну орман арыстанындай, Қылышқа қылышпен төтеп берудi бiлемiн, Жауларымның жонынан таспа тiлемiн.
Қоян-қолтық шайқас кезiнде оңтайлы сәттi мүлт жiбермей Әли оны бастан бiр шапты. Мерхап тiл тартпай кеттi. Аллаһ Та`ала осы шайқас арқылы мұсылмандарға жеңiс сыйлады. Олар жиырма күннiң iшiнде қаланы толық бағындырып болды. Хазiрет Әли бұл жерде де ақыл мен ерлiктiң үлгiсiн танытты. Бiрiншiден, оның: “Қашан олар бiз сияқты болғанша шайқаса берейiн бе?” - деген сөздерi. Ол осылайша сұрақ қою арқылы Пайғамбарымыздан, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, соғыстың қанша уақытқа созылатынын айқындап алғысы келдi. Бұл үлкен ақылдың белгiсi едi, өйткенi, өкiлеттi өкiл ретiнде әрбiр адам алға қойылған мiндет пен мақсатты айқын бiлiп, соған сәйкес ақыл-оймен қимыл-әрекет жасауы тиiс болатын. Екiншiден, “Маған анам Арыстан - деп ат қойған”-деген сөздерi. Осыны айтып Әли Мерхапқа арыстаннан мерт болатынын айтып көрген түсiн меңзедi және оның жүрегiне қорқыныш салып, сағын сындыруды көздедi.
Хазiрет Әлидiң Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қасындағы жағдайы
Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Әлидi өте жақсы көретiн, тiптi оған қызы Фатиманы қосты, олардан немерелер сүйдi. Немерелерiнiң аттары – Әл-Хасан және Әл-Хусейiн болатын. Бiр күнi Әли мен Фатиманың арасында отбасылық ұрыс-қағыс шығып қалды. Әли үйден шығып кеттi де, өкпелеген күйiнде мешiт айналасындағы жерге жатып қалды. Сол мезетте Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, олардың үйiне кiрген. Қызы Фатимадан: – Әли қайда? - деп сұрады. Фатима: – Екеуiмiз сөзге келiсiп қалдық, сосын ол үйден шығып кеттi. Қазiр ол мешiтте жатыр, - дедi. Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Әлидiң артынан барып, оның бiр қырындап жатқанын, жамылған шапаны түсiп қалып, арқасына балшық жабысқанын көрдi. Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, оны еркелетiп былай дедi: – О, балшықтың әкесi, орныңнан тұр! Осыдан соң бұл лақап ат оған екiншi есiм боп таңылды, ал ол бәрiнен де осы есiмiн жақсы көрiп кеттi.
Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Табук жорығына аттанарда Әлидi Мәдинадағы өзiнiң әкiмi етiп қалдыра отырып, оған былай дедi: “Тек менен кейiн Пайғамбарлар болмайтыны болмаса Мұсаның кезiндегi Харунның дәрежесiндей жағдайыңа риза емеспiсiң?”.
Хазiрет Омар Халифатты басқаруға сенiм артқан алты адамның бiрi - Әли болатын. Сол жылы Осман халифа болып сайланды. Ал, ол өлтiрiлгеннен кейiн, мұсылмандардың қалауымен осы орынды Әли иеленiп, ант бердi.
Әли Аллаһтың хақ дiнiн жақсы бiлетiн адамдардың бiрiнен едi. Ол Аллаһтың Елшiсiнiң, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, көп хадистерiн таратуға себепшi болды. Сол тұстағы Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, iзбасарлары мен олардың iшiнен шыққан ғұламалар өздерi бiлмеген мәселелер төңiрегiнде Әлиге жүгiнетiн. Ол Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өзiне Құран мен суннадан басқа тағы бiр кiтап қалдырған деген қауесеттi жоққа шығарды. Бiр күнi Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, одан: – Бұрынғы өткендерден ең залым адам кiм? – деп сұрады, ол: – Самуд халқының түйесiн өлтiрушi, – деп жауап қайтарды. Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам: – Ал қазiргiлерден ең залым адам кiм? – деп сұрағанда, ол: – Оны Аллаһ пен Оның Елшiсi жақсы бiледi, – дедi. Сонда Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, айтты: – Қазiргiлерден ең залым адам – сенi өлтiрушi болады.
Оны Әбдуррахман ибн Мулджам қасиеттi рамазан айында таң намазына шыққан кезiнде опасыздықпен өлтiрдi.
Аллаһ Та`ала Пайғамбарымыздың барлық сахабаларына разы болсын, өйткенi, олар Аллаһқа және Оның Елшiсiне берген уәделерiне адал болды. Аса құдiреттi Аллаһ Та`ала былай дедi: – “Мүминдерден Аллаһқа деген уәделерiн шындыққа шығарған ерлер бар. Олардың кейбiреуi жанын құрбан қылды. Және кейбiреуi күтуде. Олар серттерiн әсте ауыстырмады”. (Ахзап, 33:23)
|