ҚАЙ ХАЛЫҚТЫҢ ТУЫ ДЕГЕН ҚИСЫНДЫ?
XVIII ғасырда Жетiсуда өмiр сүрген белгiлi батыр, жоңғарлармен соғыста белсендi күрес жүргiзген Қырбасұлы Жауғаш батырдан (1733-1782) қалған, оның ұрпақтарында осы күнге дейiн сақталып келе жатқан дүниелердiң iшiнде бiр әскери тудың басы бар. Ол қалың жез пластинадан өрнектелiп, қиылып жасалған, қима өрнектiң жиектерiнде жiңiшке ойма сызықтар жүргiзiлген, ұңғысында мыстан жасалып алтынданған, жапырақтары жоғары және төмен бағытталған Лотос гүлiнiң бейнесi орнатылған (1-сурет, 1). Б.Әбiлдаұлының «Жауғаш батыр –Абылай ханның елшiсi» атты кiтабында бұл тудың тарихы айтылады1 . Сол деректерге сүйенсек, кезiнде бұл туды Жауғаш батыр Абылай ханнан қалап алған. Бұрын тудың желегi де болған. «Тудың желегiн (шүберегiн) атам Жауғаш өзiмен жорықтас болған жан жолдасы Қарпық батырға берген» дейдi бұл жәдiгердiң қазiргi сақ- таушысы Айдос қызы МәйкөҖапа Қосай келiнi. Енесi Бибi-ананың айтуы бойынша, желектi 1934 жылы белсендiлер тартып алып кеткен2 . Жауғаш батырдың әйелiнiң бiрi Жөлкемнен тараған ұрпақтарында тек тудың басы ғана сақталған. Бұл ту Абылай ханнан алынған деген аңыз болып жеткен дерекке сүйенiп, бұл ту басы қазақтыкi саналып, «Жеңiс туы» аталып жүр3 . Бiрақ оған ғылыми тұрғыдан талдау жүргiзсек, басқаша тұжырым жасауға негiз бередi.
Ту басын формалық-стилистикалық тұрғыдан талдау. Барлық халықтарда әскери тудың басын өздерiне тән дiннiң киелi бейнелерiмен әшекейлейтiнi белгiлi. Қазақтардың туларының басы басқа мұсылман халықтарындағыдай ислам дiнiнiң символдарымен – Алланың атымен, Құран жазуларымен, ай бейнесiмен көркемделген4 . Ал бiз талдау жүргiзiп отырған ту басының формасы мұсылман туларына мүлде ұқсамайды. Бiз бұл форманың аналогтарын буддистiк өнер ескерткiштерiнен табамыз. Оны символдық бейне ретiнде әшекейлеуге қолданған рәмiздiк бейнелер – будда дiнiнде қасиеттi, киелi саналатын бейнелер. Ту басының формасы әшекейлi өрнекке айнал-ған «космостық жалын» бейнесiнен құралған. «Космостық жалын» – буддистiк дiни өнерде космостық құдiреттi энергияның символы болды. Будда дiнiнiң бiр тармағы ламаизмдi қабылдаған моңғолдар бұл бейненi киелi белгi ретiнде көптеген рәмiздiк заттарда қолданған (2-сурет). Бұл бейненi буддистiк дiндi ұстанатын моңғолдардың түрлi қасиеттi дiни байрақтарының басынан, қолөнер туындыларынан, дiни ритуалдық заттарынан көремiз. Киелi дiни рәмiз ретiнде моңғолдардың дiни архитектурасында да кездеседi. Әдетте бұл жалын өрнегiнiң ортасында, онымен әшекейленген заттың функциясына байланысты, буддистiк басқа қасиеттi белгiлер салынатын. Мысалы, «Будда iлiмiнiң дөңгелегi», Будда бейнесi, «Алаулаған меруерт» және т.б. рәмiздер (2-сурет)5 . Буддистiк өнер каноны моңғолдың халық өнерiне де, моң-ғол ұлттық ою-өрнегiне де белгiлi бiр стильдiк сипат бердi. Ту басының үстiңгi жағының формасы осы стильдiк ерекшелiкте жасалғанын көруге болады. Ал, Лотос гүлi – әрдайым қасиеттi рәмiздердiң орналасатын киелi тұғыры. Буддизмнiң иконографиялық жүйесi бойынша, Лотос – Будданы, оның заңын, күн нұрын тұспалдайтын символ6 . Бастары Лотос гүлiндегi тұғырға орнатылған космостық жалын бейне- сiнде жасалған дiни және әскери тулар, байрақтар XVII–XIX ғасырлардағы моңғол бейнелеу өнерiнде кездеседi (3-сурет). Туларда әдетте Лотос гүлiнiң астында аттың қылынан жасал-ған және ақ, қара, қызыл түс- ке боялған қыл байрақ бекiтiлген. Талданып отырған ту басының ұңғысында орналасқан, алтынмен апталған жапырақтары жоғары және төмен қарай бағытталған лотос гүлдi тұғырының асты ашық, ойық болуы да, оған қыл байрақ бекiтуге арналғанын дәлелдейдi. Яғни ту басына салынған Лотос гүлi тудың байрағы болған қыл шашақтың бекiтiле- тiн қозасы ретiнде практикалық функцияны да атқарғанын көремiз. Моңғолдың өнер ескерт- кiштерiндегi тудың бейнелерiне сүйенсек, қыл шашақтан төмен қарай, тудың сабына түстi матадан жасалған үшбұрышты немесе құйрықты желегi бекiтiл ген (2-сурет).
Сонымен, бұл ту басының формасы – стильдiк сипаты XVIII ғасырда Қазақстанға шабуыл жасаған моңғол тайпалары – ойрат-қалмақтардың әскери (жауынгерлiк) туының басы екенiн көрсетедi. Көшпелi халықтарда әскери рәмiздердiң бiрнеше түрлерi болды, олар ту, байрақ, жалау болып бөлiнедi. Байрақ – ондық (елулiк), жүздiк сияқты әскери бөлiктердiң әскери белгiсi, ол қыл не жiбек шашақтан, аңның құйрығынан, немесе түстi матадан жасалған таспадан тұрады (3-сурет, 2,3). Ту – үлкен әскер бөлiктерiнiң (мыңдық, түмен, лек) қасиеттi әскери белгiсi. Ол түстi матадан жасалып, ағаш сапқа бекiтiл- ген, түрлi киелi белгiлер салынған желек түрiнде болады (3-сурет, 1). Ерте кездерде тулардың желегiнiң бiр, екi немесе бiрнеше құйрықтары болатын7 . Тудың басына (лаух) әр халықтың өзiне тән киелi рәмiздерi салынған, бұл рәмiздер металдан (жезден, мыстан) соғылып, дәрежесiне сәйкес күмiспен не алтынмен апталды. Дәрежесiне қарай тулардың лента түрiндегi, немесе қыл не жiбек шашақтан жасалған байрағы болды.
Әңгiмемiзге арқау болып отырған қалмақы тудың басын зерттегенiмiзде оның үстiңгi жағы екi бөлiктен құралып жасалғаны анықталды. Бiр бөлiгi (негiзгiсi) – дәстүрлi формада тұтас жасалған, космостық жалын бейнесiндегi бiр ту басының үстiңгi бөлiгi де, екiншiсi – сондай басқа бiр ту басының сын-ған қалдығы (1-сурет, 2,3). Кейiн екеуiн бiр- бiрiне ұзын темiршеге шеге арқылы қосып бекiткен де, олардан ту басының жаңа бiр формасы жасалып, Лотос гүлi бейне- сiндегi дәстүрлi тұғырға бекiтiл- ген. Бұл ту басының формасын күрделендiре түсу үшiн, көр- кемдiк мақсатпен және жаңа жасалған туға бұрынғы тудың бөлiгiн қосу арқылы олардың киелiлiгiн жалғастыру, күшейту үшiн iстелген болу керек. Ту басының төменгi жағындағы Лотос гүлiнiң екi бөлiгi қазiр босап, бiр-бiрiнен ажырап қалған, бiрақ бұрын олар бiртұтас болған. Ендi осы айтылғандардың бәрiне сүйенiп, бұл тудың реконструкциясын жасауға болады (4-сурет).
Тудың алтындалуы, байрағы болуы – оның дәрежесiн көрсететiн белгiлер. Осы ерекшелiктерге сүйенсек, бұл ту басы мыңдықтың, немесе түмен әскердiң ортақ бүкiл әскерлiк туы болған. Шығыста бүкiләскерлiк ту әдетте әскербасыға қолбасылық лауазымды бергенде әскери дабылмен бiрге тапсырылатын. Оны қолбасшы әскербасылықта тұрғанша ұстайды. Ту – киелi әскери рәмiз болғандықтан, одан айырылу – әскер үшiн жеңiлумен парапар, сондықтан бүкiл әскер туды көзiнiң қарашығындай қорғайтын. Айқас кезiнде туды ұстау белгiлi батырларға тапсырылған.
Сонымен бiрге, айқаста, соғыста жаудың туын алу, қолға түсiру де жауынгер үшiн асқан ерлiк болды. Өзi туралы жырлағанда Махамбеттiң:
Ту түбiнен ту алған, Жауды көрсе қуанған, Мен – Өтемiстiң баласы Махамбет атты батырмын, – деуi сондықтан8 .
Әскери олжаның iшiнде де жаудың әскери туы қаншалықты маңызды олжа саналғанын осыдан түсiнуге болады. Бiз әңгiмелеп отырған бұл ту басы – жоңғар шапқыншылығы кезiнде соғыста қолға түскен қалмақ туының басы болу керек. Ертеде соғыстан кейiн жаудан түскен әскери олжаны бөлудiң қалыптасқан жолы болды. Ол дәстүр бойынша олжа жауынгерлерге жеңiске қосқан үлесiне, дәрежесiне байланысты бөлiнетiн. Айқаста басты рөл атқарған батырларға, әрине, үлкен олжа тиетiн. Жауғаш батырға бұл туды Абылай ханның сыйлауы да мұның олжаға түскен сый екенiн көрсетедi. Бұл тудың Жауғаш батырға ең үлкен олжа ретiнде бөлiнуi, сыйға тартылуы – заңды нәрсе. Бұл – оның жоңғарларға қарсы соғыста көп еңбек сiңiргенiнiң, жауды жеңуде қаншалықты мол үлес қос-қанының дәлелi. Жаудың бұл туын айқас кезiнде Жауғаш батырдың өзi қолға түсiруi де әбден мүмкiн. Жауғаш батырдың оны олжа ретiнде өзiнiң серiктерiмен бөлiсуi, тудың желегiн жолдасы Қарпық батырға беруi, тудың айқаста жаудан олжаға түскен ту екенiне айғақ. Абылай ханның Қоралас Қырбасұлы Жауғаш батырға әскери олжадан берген тағы бiр үлесi – олжаға түскен қалмақ қызы Жөлкем болатын, ол Жауғаш батырдың жетi әйелiнiң бiрi болды. Оны қалмақтың бас қолбасшысы Сайынбөлектiң қызы деседi.9 Ту басының Жөлкемде сақталуына, тудың Жауғаш батырға Жөлкеммен бiрге берiлуiне қарағанда сол қалмақ қолбасшысының туы да болуы мүмкiн.
Қорытынды. Сонымен, осы жоғарыда айтылғандарды қорытындылайтын болсақ, мынадай тұжырымдар жасай аламыз:
– Жауғаш батырдан қалған жәдiгер тарихи дерек көзi ретiнде бұрын-ғы кездегi әскери саладағы қарым-қатынастар, әскери дәстүрлер туралы түсiнiгiмiздi толықтыра түседi.
– ХХ ғасырдағы сияқты, өткен ғасырларда да жаудан алынған әскери тулар да соғыстан түскен олжа iшiнде бағалы әскери трофей саналған. Сондықтан, бұл мақалада талданған ту басы – тек Жауғаш батырдың ерлiгiнiң белгiсi ғана емес, қазақ халқының жоңғарлармен соғыстағы жеңiстерiнiң куәсi де.
– Айқаста шептi бұзып, жаудың туын алу үлкен ерлiк саналғандықтан, жаудың үлкен әскери туын алуы – Жауғаш батырдың жоңғар қалмақтарымен болған үлкен айқастарда көрсеткен көп ерлiгiнiң бiрi деп айтуға болады.
Халиолла АХМЕТЖАН, Қару зерттеушi, Қазақстан Суретшiлер одағының мүшесi
276 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|