АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?
Бұл мақаланы жазуымызға соңғы кезде баспасөз бетiнде (орыс тiлдi және қазақ тiлдi. Д.И.) жиi көтерiлiп жүрген, Алматы қаласының тарихына байланысты мақалалар себеп болды. Қазақ баспасөзiнде жариялан-ған мақалаларында авторлар Алматы қаласының тарихы көне дәуiрден бастау алатынын тарихи дәлелдермен негiздеп жазса, ал орыс тiлдi баспасөздерде жарияланған мақалалар дәйектемесiнде Алматы қаласының тарихы 1854 жылғы алғашқы казактардың қоныстануымен байланыстырылады.Оның үстiне аталған орыс тiлдi баспасөздердегi мақалаларда: бос жатқан жерлер едi, алғаш рет казактар қоныстанып, қалаға айналдырды, көркейттi, Верный қаласының гүлденуiне Жетiсу облысының ал-ғашқы губернаторы генерал Колпаковский үлкен еңбек сiңiрдi деген сияқты қисынсыз әңгiмелер айтылады. (Қараңыз. Он людям нес добро и свет, \"Вечерний Алматы\", 2002 г. 20 июля.) Ал қала әкiмi В.Храпунов бастаған команда 2004 жылы қаланың 150 жылдық тойын мерекелеуге арнайы кiрiсiп кеткенге ұқсайды. Сондықтан, осы мәселеге орай өзiмiз тарихшы болғаннан кейiн, ойымызды айта кетудi жөн көрдiк. Алдымен айтарымыз, Алматы қаласының тарихын 1854 жылдан бастайтындар өте үлкен жаңсақтыққа ұрынып жүр немесе бiле тұра бiлмегенсiп, өздерiнiң көздеген мақсатына қарай бұра тартып, халықты адастыруда. Өйткенi, тарихи деректерге сүйенiп сөйлесек, қаланың тарихы көне дәуiрден бастау алатынына көз жеткiземiз. Жалпыға мәлiм, Ресей империясы Жетiсу аймағын қарудың күшiмен бағындырғаннан кейiн өлкенi кең көлемде зерттеуге кiрiстi. Ресей ғалымдары Жетiсу жерiнiң археологиясын, этнографиясын, тарихын, ауыз әдебиетiн және басқа да салаларын зерттеп, өз еңбектерiнде жариялай бастаған кезi де XIX ғасырдың екiншi жартысы болып табылады. Сонымен қатар, XIX ғасырдың екiншi жартысында құрылған археологиялық комиссия Қазақстан мен Орта Азияның көне дәуiрiн зерттеуге кiрiсiп, археологиялық зерттеулер жүргiзе бастады. 1884 жылы Археологиялық комиссияның шешiмi бойынша Ф.Д.Нефедов Торғай даласында, 1889 жылы Э.Ю.Петри және С.И.Назаров Қостанай облысында, А.Н.Харузин Батыс Қазақстанда, Н.Н.Пантусов Жетiсуда, Е.Ф. Каль Жамбыл облысында, 1894 жылы А.В.Селиванов Ақмола және Көкшетау облыстарында қазба жұмыстарын жүргiзедi. Бұлардың iшiнде тiкелей Жетiсу жерiнiң, оның iшiнде Алматының археологиясын зерттеумен айналысқан Н.Н.Пантусов болды. XIX ғасырдың 80-жылдарынан бастап Жетiсу жерiн зерттеген ол көптеген археологиялық ескерткiштердi тауып зерттедi, ал 1895 жылы қазiргi Алматының жерiнен қола ыдысты табады. Бұдан кейiн ол 1889 жылы археологиялық комиссияның тапсыруы бойынша Есентай өзенiнiң оң жағалауындағы екi қорғанда және Қарасу мен үлкен Алматы өзендерiнiң аралығындағы бiр қорғанда қазба жұмыстарын жүргiзедi. Ғалым Алматы және оның төңiрегiнде жүргiзген археологиялық зерттеулерi жөнiндегi мәлiметтерiн \"Верный қаласының батыс жағында орналасқан үш қорғанның қазбасын суреттеу\", \"Жетiсу облысынан табылған көне ыдыс туралы\" деген еңбектерiнде жариялайды. Алматы қаласының көне тарихы жөнiндегi зерттеулер Кеңестiк дәуiрде де жалғасын тапты. Мәселен, А.Н.Бернштам 1948 жылы жарияланған \"Прошлое района Алма-Ата\" (Историко-археологический очерк) деген еңбегiнде, В.Д.Городецкий 1927 жылы Ташкентте шыққан \"Остатки древнего поселения к югу от г.Алма-Аты\" деген еңбегiнде Алматы қаласының ерте дәуiрдегi археологиялық тарихынан көптеген тың мәлiметтер келтiрiп, бұл өңiрдiң адамзат баласының ерте дәуiрден қоныстанған құтты мекенi екенiн бұлтартпас айғақтармен дәлелдейдi. Алматы қаласының аумағынан кездейсоқ табылған археологиялық ескерткiштер де жеткiлiктi. Мәселен, Алматы қаласындағы Восточная көшесi ?2 үйден ерте көшпендiлер дәуiрiне жататын үш аяқты, биiктiгi - 44.5, енi - 35.5 сантиметр екi мыс қазандық табылған. Сондай-ақ, бұрынғы Дұнған мен Пастер көшелерiнiң қиылысынан орта ғасырларға жататын ұзындығы 55 сантиметр, енi 8 сантиметрден тұратын саз балшықтан жасалған су құбыры, XIII-XIү ғасырға жататын күмiс Шағатай тиындары да табылған. Бұндай мысалдарды жүздеп келтiруге болатындықтан, екi, үшеуiне ғана тоқталып отырмыз. Алматы қаласына тиiстi археологиялық ескерткiштер туралы мәлiметтердi \"Археологическая карта Казахстана\" деп аталатын елiмiздiң ғалымдары шы-ғарған көлемдi еңбектен алдық. (Қараңыз: Археологическая карта Казахстана. Алма-Ата. 1960 г.) Соңғы жылдары Алматы қаласында қаншама жаңа құрылыстар салынды. Сол құрылыстарды жүргiзу барысында құрылысшылар кездейсоқ көптеген ерте дәуiрге жататын археологиялық ескерткiштерге кезiккенiн баспасөз беттерiнен оқып жатырмыз. Әрине, Алматы қаласының тарихы көне дәуiрмен шектелiп қалған жоқ. Ғалым Байзақ Қожабекұлы XүI ғасырда жазылған орта ғасырлардағы үлкен туындылардың бiрiнен саналатын шығыстың талантты жазушысы, ақын, мемлекет қайраткерi Мұхаммед Бабырдың \"Бабырнама\" деген еңбегiнде және тарихшы ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатидiң \"Тарихи-и-Рашиди\" деген еңбегiне сүйене отырып, Алматы қаласының тарихына байланысты Бабыр \"Бабырнамада\": \"Ферғананың солтүстiгiнде Алматы, Алмату, сондай-ақ, кiтаптарда Отырар аталып жүрген Янги секiлдi қалалар болғанымен, Моғол мен Өзбектiң шапқыншылығынан кейiн бұл қалалар жермен-жексен болып, тiптi, жұртында елдi мекен де қалмады\" десе, Мұхаммед Хайдар Алматыны \"Моғолстандағы ең жұмақ жер\" деп жаз-ғанмен, \"елдi мекен\" деп қана өте шығады\" деп жазады. (Қожабекұлы Б. Тарихи таным, Ататек. 1994.172-бет.) Алматы қаласының бұрынғы атауын өзгертiп, 1854 жылы салынған Верный бекiнiсiнiң салынуымен бастау - оның бұрынғы бүкiл тарихын сызып тастаумен бiрдей. Ресей империясының отарлау тарихын зерттеген Ресей ғалымдары жаңадан салынған орыс бекiнiстерiнiң бiрде-бiреуi бос жатқан тақыр жерлерде салынбағанын өз еңбектерiнде атап көрсетедi. Профессор С.М.Середонин \"Исторический очерк завоевания Аз-иатской России\" деген еңбегiнде орыс казактарының Сiбiр жерлерiн қалай бағындырғанын жан-жақты сипаттай отырып: \"Тюмень, Тобольск, Пелымь, Березов, Обдорск и Тара-первые русские города края, построенные почти все на местах прежде бывших городков, в которых проживали инородческие князки. Захватив руки в свои руки, свободно плавая по ним в стругах, русские держали окрестные поселения в подчинении: среднее и нижнее течение реки Оби и Иртыша было прочно нами захвачено\" деп жазады. (Азиатская Россия. С.Петербург, 1914 г. том 1. с.12) Ресей империясының жаулап алған аумақтарындағы қалалардың пайда болуы жөнiнде жазған Н.В.Турчанинов: \"Устраивались города и на местах инородческих городков, завоеванных русскими. Таким образом возник, например, Кузнецк, названный еще в начале XүII века так потому, что в бывшем здесь раньше укреплении \"Абалары\" жители занимались почти поголовно кузнечным ремеслом. Были когда-то инородческими городами Тюмень, Туринск, Курган, Ак-тюбе, Алматы (ныне город Верный) и т.п,\" деп жоғарыда аталған проф.С.М.Середониннiң тарихи мәлiметтерiн нақтылай түседi. (Азиатская Россия Т.1.с. 285.) Алматы қаласы да жоғарыда аталған қалалар сияқты көнеден келе жатқан елдi мекен болып табылады. Бiздiң жыл санауымызға дейiн Жетiсу сақтарының, одан кейiн үйсiндердiң орталығы, елдi мекенi қызметiн ат-қарған болса, бертiнде Ұлы жүздегi Дулат тайпасының орталығы болған. Өзiмiзге тарихтан мәлiм, сонау ертеден қоныстар, елдi мекендер жанға жайлы, өмiр сүруге қолайлы жерлерге салынды. Алматының орналасқан жерi де тура сондай, тiршiлiкке қолайлы жер болып табылады. Статист-зерттеушi Н.В.Турчанинов Верный қаласының табиғатының сұлулығын тұрмысқа өте қолайлы, әрбiр үйдiң бау-бақшасы бар, оларда алма, алмұрт, алша өте жақсы өсетiнiн жағымды баяндай келiп: \"Прежнее название города \"Алматы\" от туземного слова алма, что означает яблочные деревья, указывает на то, что в Верном всегда наблюдалось изобилие фруктов\", деп жазады?. (Турчанинов Н.В. Города Азиатской России. В.кн. Азиатская Россия сп., 1914 г., Т.1. с. 332) XIX ғасырдың екiншi жартысында орыс казактары ең алғаш рет Жетiсу жерiне аяқ басқанда, ең шұрайлы жерлерге қоныстанып, жергiлiктi халықты басқа жерлерге көшуге мәжбүр еттi. 1867-68 жылдардағы реформаларды дайындауға қатысып, Жетiсуда болған А.Гейнс казак қоныстанушыларының бейбастық әрекеттерiнiң салдарын былай деп өкiнiшпен баяндаған: \"Жақын маңдағы ағаш атаулыны түп тамырымен қазып алып, тып-типыл еткенi сондай, адам бұрын орман өсiп тұрған жерге келген кезде бiр шыбықты да көрмейдi?\". Сонымен бiрге, казактар жаңа қоныс-тар үшiн орын таңдаған кезде қазақтардан жердi тартып алу жағдайларын реттейтiн заң нормаларының болмауы себептi \"егiншiлiк үшiн ең шұрайлы\" аудандарды басып алып, \"аборигендердi\" құнарсыз, қуаң жерлерге ығыстырып шығарып, жергiлiктi бастықтарға \"дән ризашылығын бiлдiрiп отырады\". (Қараңыз: Қазақстан тарихы. Алматы, Атамұра: 2002. 3-т. 415-бет.) Көптеген орыс ғалымдары мен зерттеушiлерi Верный бекiнiсi салын-ғанға дейiн оның орнында көнеден келе жатқан Алматы (Алма-Ата емес. Д.И.) қаласының болғанын ашып жазған. Мәселен, проф. Середонин Кенесары Қасымұлының басшылығындағы көтерiлiске лайықты баға бере отырып: \"Он стал героем Киргиз и надеялся объединить всех киргиз в один независимый народ мечты Кенесары находили живой отклик во многих киргизах, и деятельность его оставила глубокие следы в истории западной Сибири и Оренбургского края\" деп баяндайды. Бұдан ары ғалым Кенесары дегенмен де Ұлы жүз қазақтарын өз жағына тарта алмады, оған қарсы сұлтандар өз билiгiн сақтап қалуы үшiн бiздiң үкiметтен өз қол астына алуды сұрады. Соған сәйкес казак отрядтары Қырғыз даласына, одан әрi Қытай шегiне дейiн баруға жiберiлдi дей отырып: \"Казаки приказали (яғни қазақтарға, Д.И.) вести себя до китайской границы и верстах в 30 от нее выбрали удобное место для города и получившего имя Копал (в 1851 г.). Несколько позже основанно укрепление Верное, на месте древнего города Алматы (Яблочный). Так образовались русские владения к югу от озера Балхаш, составившие Семиреченскую область, с главной рекой Или, впадающий в Балхаш\" деп жазған. (Середонин С.М., Исторический очерк завоевания Азиатской России. В книге Азиатская Россия СП., 1914 т.1 с.34) Ал Алматы қаласы жайында 1886 жылы П.П.Семенов-Тянь-Шаньский былай деп жазады: \"Өзiм Көксуға бара жатқан жолымда 11 тамызда мен Iле арқылы жүрiп отырып, тамыздың аяғында Iледен арғы өлкеге, Верный бекiнiсiне немесе, жергiлiктi тұрғындар атайтындай, Алматы қаласына жеттiм. Алматы қаласы Алматинка өзенiнде орналасқан, шамамен алғанда Пизамен және Флоренциямен бiр ендiкте жатыр\". (Қазақстан тарихы. 3-т. Алматы, 2002. 510 -511 бб.) Ендеше, Верный бекiнiсiне дейiн бұл жерде Алматы деген қаланың болғанын бiле тұра оның тарихын бекiнiстiң салынуымен бастауымыз қай қисынға келедi. Алматы қаласының тарихын 1854 жылдан бастауымыз отаршылдық саясатты дәрiптеу, қазақ жерiне мәдениет пен өркениет орыс отаршылдығымен бiрге келедi деп мойындау, орыс казактарының Жетiсу жерiн алғашқы игерушiлерi екенiн тану болып табылады. Ал бұлай ету, өзiмiздiң бұған дейiнгi халық ретiндегi және бүкiл Жетiсу жерiнiң тарихын сызып тастаумен парапар нәрсе. 1854 жылы көне Алматы қаласының жерiнде Ресей империясының бекiнiсiнiң салынуына Ұлы жүз қазақтары қарсы болды. Өйткенi, бұдан бұрынғы Кiшi және Орта жүз жерлерiнде салынған бекiнiстердiң қандай мiндеттер атқарып жатқанынан Жетiсу қазақтарының хабары бар болатын. Ұлы жүз қазақтарының бiр бөлiгiнiң қоқандықтар жағында Ресей әскерлерiне қарсы күресуiнiң себебiнiң бiрi осында жатыр. Атақты Кенесарының ұлы Сыздық Төренiң сарбаздарының құрамына қазақтар Ресейдiң Оңтүстiк Қазақстанды басып алуына қарсы күрес жүргiзгендiгiн де айта кеткенiмiз жөн. Ресей үкiметi өздерi Верный деп атаған әскери бекiнiсiн 1860 жылдары Қазақстанның Оңтүстiк аудандарын басып алуға және Орта Азияны бағындыруға пайдаланды. Екiншi жағынан Шығыстағы Қытай мемлекетiмен қарым-қатынас, шекаралық қызмет саласында негiзгi тiрек еттi. Сондықтан, оның дамуына көп көңiл бөлiнiп, 1867 жылы құрылған Жетiсу облысының әкiмшiлiк орталығы дәрежесi берiлген едi. Верный бекiнiсiнiң салынуы және кейiнгi оның тарихына байланысты айтылатын әңгiменiң екiншi қыры Жетiсу облысының ал-ғашқы губернаторы болған, генерал Г.А.Колпаковскийге байланысты болып отыр. Кейбiреулер Колпаковскийдi 1860 жылы қазан айында Ұзынағаш түбiнде қоқандықтарды жеңiп, Жетiсу жерiн азат еткен жарылқаушы ретiнде көрсеткiсi келедi. Ал шын мәнiнде бұл оқиғадан қазақ халқына келiп-кетер жақсылықтың шамалы болғанын тарихи оқиғалар куәсi айғақтайды. Г.А.Колпаковский Жетiсу жерiн басып алуда ең алдымен Ресейдiң мүддесiн көздедi. Байырғы жер иесi қазақ халқының жағдайы ол үшiн екiншi немесе оныншы қатардағы тұрған мәселе болатын. Ол Жетiсу халқын ұсақ-түйекке құлақ аспағандығы үшiн өлiм жазасын қолдануға дейiн барып, аяусыз жазалап отырған. Жоғарыда бiз атап өткендей Ұлы жүз қазақтарының бiр бөлiгiнiң қоқандықтарды қолдауының екiншi бiр себебi осында болса керек. Деректерге қарағанда, Қоқан әскерлерiне қарсы күрестi қиындатқысы келмеген Батыс Сiбiр генерал-губернаторы Госфорт Колпаковскийден қазақтарға байланысты \"өз қимылдарын неғұрлым абайлап және сақтықпен жүргiзудi талап етуге мәжбүр болады\". (Бекназаров Р. Оңтүстiк Қазақстан тарихының очеркi XүIII-XIX ғғ. Алматы, 1976. 303-б.) Г.Колпаковскийдiң \"ерлiктерi\" оның Жетiсудiң қазақтарының жерiн тартып алып, оны алдымен казактарға, одан соң Ресейден қоныс аударған шаруаларға беру кезiнде айрықша көрiнедi. Жетiсу облысы табиғатының өте қолайлығына байланысты және мұнда қоныс аударып келген казактардың көп болуы Ресейден қоныс аударушы шаруаларды қатты қызықтырды. Сондықтан да бұл өңiрден басқа аймақтарға қарағанда өте көп мөлшерде жер тартып алынды. 1868 жылы оның ұсынысы бойынша, \"Жетiсуда шаруаларды қоныстандыру туралы\" уақытша ережелер қабылданып, Ресейден қоныс аударушы шаруаларға жәрдем көрсетiлiп, жағдайлар жасалды. Ол өзiнiң алдына ашық түрде мақсат етiп: \"облысты орыстандыруды\" қойды. Осындай \"iзгiлiктi\" жүргiзiлген шаралардың нәтижесiнде XX ғасырдың бас кезiнде Жетiсу облысындағы 17.000 мың казак отбасының иелiгiнде ең құнарлы жердiң көлемi 585.000 десятина болды. Қазақтардан тартып алған, сол ең құнарлы жерлердi казактардың қалай пайдаланғаны саяхатшы ғалым В.П.Семенов-Тянь-Шаньский былай баяндайды: \"Казачьему населению, принудительно населенному в крае и состоявшему к тому же, из худших элементов, выделенных сибирским войскам, были отведены, нередко даже орашаемые, киргизские земли. Условия эти не могли не привести к постоянным столкновениям между казаками и киргизами и к систематическим притеснениями последних, что не могло не отражаться самым вредным образом на развития края и его производительности. Обширные земельные наделы, полученные казаками, скоро были запущены и хозяйство их в большинстве случаев сводилось не к занятию личным трудом земледелия, а к эксплуатации в той или иной форме Киргизского населения? К неблагоприятным последствиям казачьей колонизации Семиречья следует отнести также и истребление лесной растительности во всех более или менее доступных местностях: предгорье и долины, прилегающие к станицам, были в короткий срок вследствии неразумного хозяйничания казаков, оголены от леса настолько, что уже в конце 60-х годов лес приходилось добывать из трудно доступных ущелий\". (Восстание Туземцев Средней Азии в 1916 году. Кзыл - Орда 1917 г. с. 81) Жетiсу жерiн өз көзiмен көрген саяхатшы ғалымның еңбегiнен ұзағырақ мысал келтiргендегi мақсатымыз - белiне қылыш байлап, күйе жеген көнетоз жамылғыларын киiп, анда-санда Жетiсу бiздiң жер деп бой көрсетiп қалатындарға қайдан шығып, қайда келгенiңдi бiл және кiм болғаныңды бiл деу едi. Сөзiмiздiң соңында айтарымыз - Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында Алматының 2,5 мың жылдық тарихы бар деп жазылған екен. Сонда оның тарихын 1854 жылдан бастап, 150 жылдығын тойлағалы жатқандардың тiрлiгiн қалай түсiнемiз? Әлде бұл бүгiнгi таңдағы отарлау саясатын одан әрi орнықтырудың, дәрiптеудiң жаңа iс-тәсiлi ме?
Досалы САЛҚЫНБЕК, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ аға оқытушысы
1199 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|