|
Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын!
Оның толық аты-жөнi Осман ибн Аффан ибн Әбу әл-Ас ибн Умея ибн Әбду Шамс ибн Әбдiманап. Осман Пайғамбарымыздың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Әбдiманаптан тарайтын аталас туысы. Ол мұсылмандар арасында, екi нұрдың иесi деген атағымен белгiлi едi, өйткенi оның алғашқы үйленген әйелi Руқия да, ол қайтыс болғаннан кейiн үйленген әйелi Үммi Күлсiм де Пайғамбарымыздың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қыздары болатын.
Осман құрайш руының игi жақсыларынан едi әрi беделi де жоғары болатын. Тiптi, Мекке құрайыштары Исламның жаулары бола тұра, оған басқа мұсылмандардай емес, сыйластықпен қарайтын. Пайғамбарымыздың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Худайбияда болған кезiнде құрайштармен келiсiм жүргiзуге басқаны емес Османды жiберуiнiң өзi осының дәлелi. Осман Исламды Әбу Бәкiрдiң үгiтiмен қабылдады да, өз дiнiне адал қызмет еттi. Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, оны өте жоғары бағалады, ол туралы жақсы пiкiрде болды және оны жәннатқа бұйырылғандардың бiрiнен екендiгiн айтып қуантты. Имам әл-Бухари Әбу Муса әл-Ашғариден, ради Аллаһу анһу, мынадай хадис келтiредi: “Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, үйге кiрiп бара жатып маған сыртқы есiктi күзетудi бұйырды. Сәлден соң бiр адам келiп, iшке кiруге рұқсат сұрады. Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, айтты: “Iшке кiрсiн және жәннаттық екенiн айтып қуант”. Бұл келген адам Әбу Бәкiр болатын. Бiраздан соң тағы бiр адам келiп, кiруге рұқсат сұрады. Оған да ол: “Iшке кiрсiн және жәннаттық екенiн айтып қуант” – дедi. Ол Омар боп шықты. Көп ұзамай үшiншi адам келiп рұқсат сұрады. Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, сәл үнсiз қалды да айтты: “Iшке кiрсiн және басына келетiн қайғының салдарынан жәннаттық болатынын айтып қуант”. Ол кiсi Осман ибн Аффан едi”.
Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, атап көрсеткен Османның басына төнетiн бұл қайғы оның халифалық қызметiнiң соңында шыққан бүлiктiң салдарынан болған едi.
Кезiнде көпқұдайшылдардан әбден зәбiр көрiп титықтаған сахабаларына Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, былай дедi: “Расында, Эфиопия деген елдiң жақсы патшасы бар, оған барып паналағандар ешқандай қысымшылық көрмейдi. Аллаһ сендерге жеңiлдiк келтiргенше, сонда барып тұрғандарың дұрыс болар едi”. Сонда олардың iшiнен ең бiрiншi қоныс аударған Осман ибн Аффан және оның әйелi, Аллаһтың Елшiсiнiң, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қызы Руқия болатын. Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Османның өзiнiң әйелiмен бiрге қоныс аударғанын естiгенде: “Аллаһ олардың жолын оңғарсын! Расында, Осман Лут, алейһиссәлам, дәуiрiнен кейiн өзiнiң әйелiмен бiрге қоныс аударушылардың ең алғашқысы” – дедi.
Осман ибн Аффан Аллаһ ерекше ризыққа бөлеген өте бай адам болды. Саудагерлiкпен аты шыққан ол, мол байлықтың иесi едi. Соншалықты мол байлықты зун-Нурайн Аллаһ разылығы үшiн қайырымдылық iстерiне жұмсайтын. Ол жұртқа жақсылық жасау жолында әрдайым жарысқа түсiп, үнемi алдыңғы саптан көрiнетiн. Мұндай игiлiктi нәрселерге ақша жұмсаудан қайыршыланып қалам деп қорықпайтын. Оның айқын дәлелi ретiнде мына мысалдарды келтiруге болар едi:
Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Мәдинаға келген кезiнде мұнда тұщы судың өте тапшы екенiн бiлдi. Мәдинада тұщы суды тек қана “Рум” деп аталатын құдықтан алатын. Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, айтты: “Егер кiмде-кiм Рум құдығын сатып алып мұсылмандардың игiлiгiне жаратса, мен оған жұмақта одан да жақсы құдық бұйыратынына уәде беремiн”. Бұл құдық Ғаффар деген рудың кiсiсiне қарайтын. Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Мәдинаға келгенге дейiн оның суын жұрт тек қана ақшаға сатып алып iшетiн. Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, оның иесiне: “Жұмақтағы құдық үшiн сатасың ба?” – дедi. Ол айтты: “О, Аллаһтың Елшiсi! Менiң және отбасымның одан басқа ешнәрсесi жоқ”. Бұл әңгiме Османның, ради Аллаһу анһу, құлағына жетiп, ол құдықты орасан көп ақшаға – 35000 дирхемге сатып алды. Сосын Пайғамбарға, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, келiп: – Оған берген уәдеңдi маған да бере аласың ба? – дедi. Ол: – Иә! – деп жауап бердi. Осман айтты: – Мен оны мұсылмандарға сый еттiм.
Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Мәдинада мешiт салдырғаннан кейiн оған мұсылмандар күнiне бес уақыт намаз оқу үшiн және Пайғамбарымыздан, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Аллаһтың үкiмдерiн, рұқсат етiлген және тыйым салынған нәрселерiн кеңiнен ұғындыратын уағыздарын тыңдау үшiн жиналатын болды. Осында олар өз дiндерi жөнiнде көп мағлұматтарға қанығатын. Жамағат көбейiп, мешiт тарлық еттi. Сонда Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өз сахабаларының бiрi мешiт жанындағы жердi сатып алып, оны әлдеқайда кеңейтсе деп тiледi де айтты: “Егер, кiмде-кiм жердi сатып алып мешiттi кеңейтсе, оған жәннәтта бұдан да жақсы орын берiледi”. Оны да Осман өзiндегi негiзгi қордың есебiнен 25000 дирхемге сатып алып, ол жердi мешiтке қосты. (Имам ат-Термизиден алынған).
Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Табуқ жорығына шығуды ұйғарғанда өзiнiң сахабаларынан әскер қосынын жабдықтауды, қаражат жағынан көмектесулерiн өтiнiп былай дедi: “Кiмде-кiм “Қиыншылық әскерiне” жәрдем етсе оған жәннат бұйырады”. (Қуаңшылық пен ашаршылықтың салдарынан қиындықпен әзiрленген бұл әскердi жұрт кейiн “қиыншылық әскерi” деп атап кеткен). Рум әскерiмен соғысқа дайындалып жатқан қосынды жабдықтауға әркiм қолынан келген көмегiн көрсеттi. Ал зун-Нурайнның қосқан үлесi тiптi зор болды. Ол жорыққа жарау-жабдығымен үш жүз түйе қосты және Пайғамбарымыздың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, бөлмесiне кiрiп мыңдаған динар ақшаны төгiп салды. Мұны көрген Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, риза көңiлмен: “Бүгiннен кейiн Османға не iстесе де зиян келмейдi” – дедi. Ол бұл сөзiн бiрнеше мәрте қайталады.
Осман ибн Аффан кездейсоқ жағдайға байланысты Бәдiр соғысына қатынаса алмай қалды. Осыны iлiк еткен кейбiр бейпiл ауыздар оны қаралауға тырысып бақты және басқалар оның адалдығына шүбә келтiрсе деп тiледi. Бiр күнi Омардың ұлы Абдоллаға бiр адам келiп бiрнеше сұрақтар қойды. Бiр сұрағында: – Осман мен Әли туралы не айтасың? – дедi. Ол былай деп жауап қатты: – Османға келетiн болсақ, оны Аллаһ кешiрген, ал сен болсаң оның айыбын табамын деп тырысып бағасың. Ал, Әлиге келетiн болсақ, ол Аллаһтың Елшiсiнiң, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, ағасының ұлы әрi оның күйеу баласы. Сосын ол қолын нұсқап, айтты: – Сiздiң көрiп отырғаныңыз соның үйi.
Имам әл-Бухари Осман ибн Маухибтен мына мазмұндағы хадистi келтiредi: “Мысырда мекендейтiн бiр кiсi Меккеге келiп, қасиеттi Қағбада болып хаж парызын атқарды. Ол сонда отырған бiр топ адамды көрiп, жанындағы кiсiден: – Бұлар кiмдер – деп сұрады. Ол: – Құрайштар – деп жауап қатты. Тағы: “Олардың iшiнде ғұламасы кiм” – деп сұрады. Оған: Омардың ұлы Абдолла, – дедi. Ол Абдолланың қасына келiп айтты: – О, Омардың ұлы! Менiң сiзге қояр сауалдарым бар едi, соған жауап берсеңiз. Османның “Ухуд” соғысында қашып кеткенiн бiлесiң бе? Ол: – Иә – дедi. – Оның Бәдiр соғысына да қатыспай бой тасалағанын бiлесiң бе? Ол: – Иә – дедi. – Ал соның “Ридуан” ант беру рәсiмiне қатыспағанын бiлесiң бе? Ол тағы: – Иә – дедi. Бұл жауаптарды естiген мысырлық: Аллаһу-Акбар! – дедi көтерiңкi дауыспен.
Мәселенiң мәнiсiн аңғарған Омардың ұлы былай дедi: – Берi жақындаңыз, мен сiзге түсiндiрейiн. Ухуд соғысындағы жағдайға келсек, оны Аллаһтың кешiргенiне куәлiк беремiн. Ал, Бәдiр соғысына қатыспаған себебi, ол ауыр сырқатқа шалдыққан өзiнiң әйелiн, Аллаһтың Елшiсiнiң, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қызын қамқорлыққа алған болатын. Осы iсi үшiн Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, оған алғыс бiлдiрiп былай деген: “Расында, саған Бәдiр соғысына қатысып, өзiнiң үлесiн қосқандардың сауабы берiледi.” Ал Ридуан ант беру мәселесiне келсек, Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, меккелiктер үшiн одан гөрi сыйлырақ адам болғанда, оны жұмсамас едi де, ол бұл рәсiмнен тыс қалмаған болар едi. Ридуан ант беру рәсiмi ол сапарға аттанып кеткеннен кейiн болды. Бiрақ Осман үшiн Пайғамбарымыздың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өзi дауыс бердi. Ол сол қолын оң қолының үстiне қойып: “Бұл Осман үшiн” – деген. Осыны айтып болған соң Омардың ұлы мысырлық кiсiге: – Ал, ендi осы алған жауабыңызбен қайтыңыз, – дедi.
Мұсылмандардың екiншi халифы Омар ибн әл-Хаттаб өлгеннен кейiн, оның артында қалған үмiткерлер өз iштерiнен Осман ибн Аффанды халиф етiп сайлады. Халифатты ол басқарған жылдарда оның құрамына Хорасан, Армения, Әзiрбайжан қосылды. Исламды оқытатын мектептер мен медреселер ашылды. Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, мешiтi қайта салынды. Оның қабырғалары бұрынғы саз кiрпiш орнына әрленген тастардан қаланды. Тiреулерi де осындай тастардан жасалды, ал ол бұрын пальма ағашы болатын. Төбесi пальма жапырақтарының орнына, үндi еменiмен жабылды.
Осман ибн Аффанның ең ұлы iстерiнiң бiрi – Құран Кәрiмдi реттеп, қайтадан жинақтап бастырып шығаруы болды. Бұл бiр жағынан Аллаһтың Кiтабын әр жерде әртүрлi оқудан туындаған толқуды басу үшiн және мұсылман қауымын бiрiктiру үшiн де қажет болды. Мысал ретiнде мына оқиғаны келтiруге болады: Хузайфа ибн Иаман Ирак және Шам мұсылмандарымен бiрге Армения мен Әзiрбайжан жорығына қатысады. Осы жорыққа қатысқан Ирактың мекендеушiлерi Құранды әл-Микдад ибн әл-Асуадтың, Әбу-Дарданың, Әбу ибн Каабтың мақамдарымен, ал Шамның тұрғындары Абдолла ибн Мас`удтың және Әбу Муса әл-Ашғаридiң мақамдарымен оқитын. Олардың әрқайсысы өз мақамдарын дұрыс санап, басқасын бұрысқа жатқызды, тiптi дiнсiздiкке апарып тiредi. Бұл жағдай мұсылмандар арасында алауыздық туғызып, бүлiк шығу қаупi төндi. Мұны көрiп сескенiп қалған Хузайфа дереу атына мiнiп мұсылмандар әмiрi Осман ибн Аффанға аттанды. Ол үйiне де соқпастан бiрден Османға келiп былай дедi: – О, мұсылмандардың әмiршiсi! Христиандар мен иудейлердiң кiтаптарындағы қайшылықтар сияқты бiздiң қауымның да Кiтап туралы алауыздықтары асқынбай тұрып кеселдiң алдын алуға асыққаның жөн. Ол әмiршiге өзiнiң көрген-бiлгенiн баяндап шықты. Сол сәтте-ақ Осман Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, сахабаларын жинап, осы мәселе төңiрегiнде ақылдасты. Ол жиналғандарға Құранды бiр үлгiде жазып шығудың қажеттiгiн түсiндiрiп, оған нақты түрде Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, хатшысы Зайт ибн Сәбиттiң жазу үлгiсiн алуды ұсынды. Ал қирағаттап оқуға құрайш оқуының үлгiсiн алып, арабтардың ең үздiк тiл маманы Саид ибн әл-Ас арқылы бүкiл халифатқа таратуды жөн көретiнiн айтты. Бұл шешiмнiң қауымға тек пайда келтiретiнiн түсiнген сахабалар дауласуға бармады.
Кезiнде бiрiншi халифа Әбу Бәкiр Зайт ибн Сәбитке Құран сүрелерiнiң түпнұсқасын жинауды бұйырған болатын. Оның бәрi мұсылмандар анасы Хафсаның үйiнде сақтаулы едi. Хазiрет Осман адам жiберiп осы түпнұсқаны алдыртты. Одан соң оны Осман Зайт ибн Сәбитке, Абдулла ибн Зубейрға, Са`ид ибн әл-Асқа, Абдуррахман ибн әл-Хариске кiтаптар етiп көшiрiп жазуды бұйырды. Бұл iсте Зайттың жазу үлгiсi және құрайштың тiлi негiзге алынды. Кiтаптар жазылып бiткен соң түпнұсқа мұсылмандар анасы Хафсаға қайтарылып, Кiтаптың көшiрмелерi Шамға, Иеменге, Бахрейнге, Басраға, Куфаға, Меккеге жiберiлдi және ендi бiр данасы Мәдинада қалдырылды. Бұл кiтаптарға қайшы келетiн басқа кiтаптардың барлығын өртеп жiберуге қатаң тапсырма берiлдi.
Сонымен, ең бiрiншi аса Ұлық Аллаһтың жәрдемiмен, одан кейiн Османның ақылының арқасында Мұхаммедтiң, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қауымы бiрiгiп, нығайды. Алауыздықтың жолы тыйылды.
Имам Ахмадтың ибн Омардан келтiрген хадисiнде былай деп айтылады: “Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, бүлiк туралы бiрдеңенi есiне алды, осы кезде жанымыздан бiр адам өтiп бара жатты. Ол оны көрсетiп: “Бұл адам сол күнi азаптап өлтiрiледi” – дедi. Мен қарасам, ол – Осман екен.”
Жоғарыда атап айтқанымыздай, мұсылмандардың әмiршiсi Осман арабтарды жiкке бөлушi дiнсiздер ұйымдастырған бүлiктiң құрбаны болды. Бүлiкшiлер сарайдың арт жағынан жасырын секiрiп түсiп, халифтың үйiне басып кiрдi. Ораза тұтып, Құран оқып жатқан хазiрет Османға қанжар салып өлтiрдi. Одан аққан қанның алғашқы тамшылары Аллаһ Та`аланың: “Аллаһ сенi олардан құтқарады”, – деген сөздерiнiң үстiне төгiлдi.
|