АБЫЛАЙ ХАННЫҢ СУРЕТІ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?
1963 жылдың күзiне қарай Қазақстанның астанасы Алматыда қазақ зиялыларын елең еткiзген ерекше оқиға болды. Белгiлi қазақ қаламгерi, классик-жазушы Ғабит Мүсiреповтiң алдына қырықтың қырқасынан ендi ғана асқан бiр жiгiт кiрiп келген. Ғабең ол кезде зиялы қауымның ұйытқысына айналып отырған үлкен орталықтың бiрi - Жазушылар үйiнде, Қазақстан Жазушылар одағын басқарады. Ол уақта үкiмет пен партияның беделiнен гөрi ақын-жазушылардың беделi анағұрлым жоғары. Қарапайым жұрт үкiмет пен партияны көбiне қорыққаннан сыйлайтын. Ал, ақын-жазушыларды елiнiң еркесi мен серкесi деп бiлдi. Бар құрметiн соларға көрсетiп, қашанда аузына қарап отырған.
Тәжiрибе алмасып, бiлiмiн жетiлдiруге 4 айға Америка Құрама Штаттарына барып қайтқан Онкология және радиология институтының үлкен жауапты қызметкерi, дәрiгер-ғалым Сайын Балмұханұлының Ғабит Мүсiреповке баруы да осының айғағы едi.
Елдегi бар билiктi өзiнiң ғана қолында ұстаған Коммунистiк партияның кезiнде қарыс қадам қиғаш басуға болмайтын. Бiр қадам қисық бастың екен, алды-артыңа аңдушы салып қояды. Үш адамның бiрiн «үш әрiптiң» адамы деуге болатын заман едi. Ал, өзге әлеммен ат құйрығын кесiскендей, шекарасын тарс жауып алған Кеңес өкiметi үшiн ол кезде Америка Құрама Штаты №1 жау болатын.
Ғайыптан тайып мұхиттың арғы жағындағы елге барып қайтқан Сайын Балмұханұлы сияқты жандармен сөйлесуден көп жұрттың қашқақтайтыны сондықтан едi. Оның үстiне, дәрiгер-ғалым жасырын түрде АҚШ-тан «халық жауларының» бейнелерiн әкелген болатын.
- Алдында, көрген-бiлгендерiмдi айтайын, әкелген қазынамды көрсетейiн деп, Орталық Комитеттiң хатшысына кiрген болатынмын. Ол кiсi менi тыңдағысы келмегендей сыңай танытқан соң, мен шығып кеттiм де, Жазушылар одағының төрағасына бардым. Ғабеңмен бiр-екi рет кездескем, танитын едi, сөзiмдi түгел тыңдады. Америкадан алып келген Мәжиттiң суретiн көрсеткенiмде, «Ойпыр-ай, бұл жiгiттi бiлушi едiм, жап-жас талантты жiгiт болатын» дедi. Ал, Сәкеннiң суретiн көрiп қуанып «Мына жерде өзi тiптi сұлу ғой» деп, кейiн сол суреттi кiлемге салғызды, - дейдi «халық жауы» атанғандардың суретiн әкелген Сайын Балмұханұлы.
Сайын Балмұханұлы Нью-Йорктағы Колумбия университетiнiң кiтапханасында Азамат Алтай деген қырғызбен кездесiп қалған. Оның шын аты Құдайберген едi. Құдай берсе бергендей екен. Алдында, Америкаға Әуезов келгенде, қасынан бiр елi қалмай, аудармашы болып жүрген қырғыз Ұлы Отан соғысы кезiнде қолға түсiп, АҚШ ауып кетiптi. Америкаға келген Әуезовтi әке деп санаған. Әуезовтiң iлтипаты тиiп, тiптi ол жоғары қызметке тағайындалады. Сайын Балмұханұлына ол Абылай ханның да суретiн бердi. Өмiр деген қызық. Қазақтың бiр ханын бiр қырғыз өлтiрсе, бiр ханын бiр қырғыз қайта тiрiлткен. Қазақтың соңғы ханы Кенесары қырғыз манаптарының қолынан қаза тапқан едi.
Көзi тiрi кезiнде классик-жазушы атанған ұлы суреткер Ғабит Мүсiрепов Абылай ханның суретiн әкелгенiн естiгенде, Сайын Балмұханұлына үйге барып әңгiмелесейiк деген.
Телефон шалып, қабырғалы қаламгерлердiң бiразын үйiне шақырады. «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакторы, сыншы-ғалым Мұхамеджан Қаратаев ең соңынан келген. Дәрiгер-ғалым Сайын Балмұханұлы бiрiнен кейiн бiрi келiп жатқан ақын-жазушылардың әрбiрiне болған жайды қайта-қайта айтып берiп отырды. Сурет туралы екi болжам бар деген.
- Бiр болжам - Құдайбергеннiң болжамы. Кезiнде қалмақтарға орыстар қару-жарақ берiп, бiздi қырып жiбергенi белгiлi ғой. Сол уақтарда қазақтар да құралақан жүрген жоқ, зеңбiректерiн тартып алып, бiр швед офицерiн қолға түсiрген. Ол Абылай ханның, тағы көп кiсiнiң портреттерiн жасайды. Сонымен бiрге, Ұлытауда зеңбiрек құюды үйреткен. Оған Абылай хан риза болып, оны Ташкент арқылы Тегеранға шығарып салуға қасына 25 кiсi ертiп жiбередi. Бұл болжам Швецияда да бар екен, - дейдi елiмiзге Абылай ханның суретiн алып келген Сайын Балмұханұлы.
Абылай ханның суретiн әкелiптi деген әңгiме ауыздан-ауызға бiрден тарап кеткен. Қазақтың маңдайына бiткен талантты ұлдарының бiрi, белгiлi сәулетшi Шота Уәлихановты бұл жаңалық ерекше елең еткiзедi. Мүсiнге жан кiргiзiп, сәулетке сән берiп жүрген ол Абылай хан бабасын көруге Ғабеңе барды. Сайын Балмұханұлының АҚШ-тан әкелген кiтаптарының iшiнен Мәжит Айтбаевтың «Абылай» поэмасын көрiп, ондағы Абылайдың суретiне айрықша мән берген.
Өткiр жанары мен ойлы жүзiнен ерекше ақыл-парасаттың лебi сезiлетiн қолдан салынған Абылай хан суретi бейнелеу өнерiнiң хас шеберi Шота Уәлихановқа бiрден ұнаған. Алайда, мұны мен қайдан көрiп ем деген ойдың құшағына берiледi. Бұрыннан таныстай болып көрiнген бейне көңiл төрiнде сақталып қалды. Оның сырын зерттей келе өзi кейiнiрек бiледi. Бұл - сурет қолда бар Шоқан Уәлихановтың бейнесiне қарап салынған деген болжам. Бұл Абылай ханның суретi туралы екiншi болжам едi.
- Немiстердiң қолына тұтқынға түскенде Мәжит Айтбаевпен Хамза Абдуллин бiрге болған. Сол айтқан, кiтап шыққанда мен де бар едiм, бұл суреттi Мәжит салды дейдi. Бiрақ мен оған дейiн Мәжит сурет салады дегендi естiген жоқ едiм. Суреттi зерттей отырып мен мынадай қорытындыға келдiм: бұл сурет, әрине, Абылай ханның суретi, қолдан жасалған дүние. Бұны жасағанда Шоқан негiзге алынған. Салыстыра отырып қарасаңыз, Шоқанның бет әлпетi, мұрты дәл келедi. Оған ақыл қосқан, басына киiм кигiзген. Жалпы, Мәжит Абылай есте қалсын деген жақсы ниетпен Шоқанды негiз етiп алған сияқты, - дейдi Шота Уәлиханов.
Ол заманда жазбақ тұрмақ, Абылай хан туралы шындықты айтудың өзi мүмкiн болмаған. Кезiнде патшалы Ресейдiң саясатына мойынсұнбай кеткен Абылай ханды тоталитарлық жүйе - Кеңес өкiметi де жоққа шығарып бақты. Алайда, қазақ зиялылары ұлтымыздың тарихындағы ақтаңдақтардың құпия сырларын ашуға жасырын түрде кiрiсiп жүрген. Әсiресе, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов Абылай хан туралы деректер жинауға қатты ден қояды.
- Әбдiлда Тәжiбаевтың естелiктерiнде бiр әңгiме бар, Шахмет Құсайынов екеуiн Мұхтар Әуезов шақырып алып, өзiнiң Абылай хан туралы кiтап жазуға кiрiсетiнiн айтқан. Арада күндер өтiп, жылдар артта қалғанда, роман жариялана бастаған. Бiрақ ол Абылай туралы емес, Абай туралы едi. Сондағы ол кiсiнiң айтайын деп отырғаны - ол кезде Абылай туралы жазу мүмкiн емес едi, - дейдi Шота Уәлиханов.
Жақсыға да, жаманға да әйтеуiр бiр нәрсе себеп болып жатады. Бiз айтып отырған әңгiменiң басы осыдан 43 жыл бұрынғы - 1963 жылғы ақпандағы оқиғада жатыр. КСРО-дан АҚШ-қа барған төрт профессорды, ең алдымен, бiздiң сол елдегi елшiмiз қабылдайды. Сыртта жүрген елшiнiң оң көзқарасы Сайын Балмұханұлының қырғыз азаматымен кездесуiне себеп болған.
- 1963 жылы КСРО-дан АҚШ-қа төрт профессор оқуға бардық. Онда бiздiң елшiмiз қабылдап, менiң қазақ екенiмдi бiлген соң, «Төлеген Тәжiбаевты бiлесiң бе?» деп сұрады. Мен оны жақсы бiлетiн едiм, елшi қуанып кеттi. Екеуi бұрын бiрге iстеген екен. Содан не керек, менiң соңыма қауiпсiздiк комитетiнiң аңдушыларын салмайтын болды. Баратын жағыңа еркiн барып, жүре бер деп, рұхсат бердi, - дейдi Сайын Балмұханұлы.
Өз елiмiздiң азаматтарын шетелде жүргенде өзге елдiң тыңшылары емес, өзiмiздiң адамдар аңдитын болған. Жоқ жерден жау тауып алатын заман солай едi. Екi елдiң шекарасын қиып өту тозақтың қыл көпiрiнен өткенмен бiрдей-тiн. Болашақ қамын ойлаған ержүрек ғалым Сайын Балмұханұлы тексеру кезiнде төрт кiсiнiң суретiнiң негативiн ұлтарағының астына салып тығып өткен.
«ДАЛА мен ҚАЛА» газетi, №19 (148), 19.05.2006ж.
1466 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | Oljas
|