|
Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын!
Имам Әл-Бухари Әбу Хурайрадан мынадай хадис келтiредi: “Бiз Пайғамбарымызбен, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, бiрге болған кезiмiзде, ол айтты: “Мен ұйықтап жатып, түс көрдiм. Түсiмде жұмақта жүр екенмiн. Бiр кезде қорған жанында жуынып жатқан қызды кезiктiрдiм. Одан: “Бұл кiмнiң қорғаны?” – деп сұрадым. “Омардiкi” – деп жауап бердi қыз. Сол кезде Омардың қызғаншақтығын есiме алып, мен кейiн бұрылдым. “Бiзбен бiрге отырған Омар жылап жiбердi де: “О, Аллаһтың Елшiсi, мен сенен қызғанамын ба?” – дедi.”
Оның толық аты-жөнi – Омар ибн Әл-Хаттаб ибн Нуфейл ибн Абдуллуза әл-Құрайши, лақап есiмi – Әбу Хафса. Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, оған Әл-Фаруқ (шындық пен өтiрiктiң арасын айырушы) деген ат берген.
Исламды қабылдаудан бұрын Омар ибн Әл-Хаттаб құрайштың белгiлi адамдарының бiрi әрi батыры болатын. Ол қоңырқай жүздi, алып та шымыр кiсi едi, адамдар арасында бойының ұзындығымен ерекшеленетiн. Селдiр шашын қынамен бояп жүретiн. Табандары тым жалпақ болуы себептi аяқ киiмдi сирек киетiн. Ал оны киген жағдайда, тiптi, сол тұста мұсылмандар әмiрi болып, дүниенiң үштен екi бөлiгiн билеп тұрған шағында да онысы өте дөрекi көрiнетiн. Екi қолы бiрдей шалымды, аса ептi, ат құлағында ойнайтын шабандоз болатын. Атқа секiрiп мiнгенде құдды, соның үстiнде туылғандай боп сезiлетiн.
Егер, Омардың өмiр тарихына көз жүгiртсек, бiз оның өз халқының салт-дәстүрiн аса жоғары бағалағанын аңғарар едiк. Әртүрлi iшiмдiктер көп iшiлетiн жиын-тойларға жиi баратын. Сонымен бiрге ол өз руының көсемдерiне жеккөрiнiштi көрiнген жаңа дiни ағымның жолын ұстаушылардың табандылығына құрметпен қарайтын. Көңiлдегi осындай қарама-қайшылықтар оның жүрегiн мазасыздандыратын. Бiр жағынан ол өзiнiң ата-бабалары ұстанған дiннен ажырағысы келмедi, екiншi жағынан жаңа дiннiң әлдеқайда пайдалы және өмiрге икемдi екенiн айқын аңғарды.
Бiр күнi екi ұдай сезiмнiң жетегiнде әрi-сәрi күй кешкен Омар бұл жағдайдан түпкiлiктi құтылмаққа бекiндi. Қылышын белiне қыстырып, Пайғамбарымызға, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қарай бет алды. Жолда оған таныс бiр адам жолығып, қаһарлы жүзiн көрiп, не жағдай болғанын, қайда бара жатқанын сұрады. Омар оған дiннен шығып, рулар арасына iрiткi салып жүрген, мәртебелi адамдардың кемшiлiктерiн көзге шұқып көрсеткен бiр адамды өлтiргiсi келетiнiн айтты. Әлгi адам Омардан өзiн өзi алдамауын, бұл райынан қайтуын сұрады. Әбдiманап тұқымының бәрiбiр Мұхаммед ибн Абдолланы өлтiртпейтiнiн мәлiмдедi. Ол Омарға алдымен өз отбасындағы жағдайды шешiп алуын ұсынды. Бұған таң болған Омарға ол оның қарындасы мен күйеу баласының Мұхаммедтiң, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, дiнiне кiргенiн бiлдiрдi. Қатты ашуланған Омар бiрден қарындасының үйiне тартты.
Дәл сол уақытта қарындасы мен күйеу баласының үйiнде Мұхаммед, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, сахабаларының бiрi Құранның ғажап аяттарын оқып жатты. Ағасының аяқ дыбысын естiген қарындасы қонағына жасырына тұруын өтiндi. Ішке енген Омар: – Мен бiр дауыс естiдiм ғой, ол қайдан шықты? – деп сұрады. Қарындасы мен күйеу баласы қосарлана: – Жоқ, сен ештеңе естiген жоқсың, – деп жауап қатты. Бұған күйiнген Омар айғай салып, күйеу баласын ұрып-соқты, одан соң қарындасына да қолы қатты тидi. Мұндай жәбiрлеуге шыдамаған қарындасы мен күйеу баласы қарсы дауыс көтердi. – Иә, бiз Аллаһ пен Оның Елшiсiне сенемiз! Бiздi өлтiрсең де өз сенiмiмiзден қайтпаймыз! Сүйiктi қарындасының қанға боялған жүзiн көрген Омардың көңiлiне аяныш кiрiп, жүрегi жұмсарды. Олардан Құран аяттары жазылған қағазды көрсетуiн сұрады. Қарындасы ағасының мiнезiндегi бұл өзгерiске қуанса да, былайша нық жауап қайтарды: – Шын мәнiнде, ол – ардақты Құран... Оны тап-таза болғандар ғана ұстайды (Құраннан алынған аяттар: 56: 77-79). Аға, сен қазiр таза емессiң. Алдымен жуынып, тазаланып келiңiз!
Омар қарындасының айтқанын орындап болған соң, ораулы қағазды қолына алып оқи бастады: “Аса қамқор, ерекше мейiрiмдi Аллаһтың атымен бастаймын! Та-Һа. Саған Құранды машақат үшiн түсiрмедiк. Бiрақ, қорыққан кiсiге насихат үшiн түсiрдiк. Жер мен биiк көктердi Жаратқаннан түсiрiлдi. Ол – Рахман, ғарышты меңгердi. Көктердегi, жердегi әрi екi арасындағы нәрселер мен топырақтың астындағы нәрсе Оған тән. Сөзiңдi мейлi әшкере сөйле. Расында, Ол сырды да, құпияны да бiледi. Ол – Аллаһ. Одан басқа ешбiр Тәңiр жоқ. Ең көркем аттар Оған тән. (Мұхаммед!) саған Мұсаның әңгiмесi келдi ме? Сол уақытта ол бiр от көрiп, үй-iшiне: – “Тұра тұрыңдар. Бiр от көрдiм. Бәлкiм сендерге бiр шоқ келтiрермiн немесе от жақта тура жол көрсетушi табармын”, – дедi. Ол отқа барған сәтте: “Иә, Мұса”, – деп шақырылды. “Рас, Мен Раббыңмын. Кебiсiңдi шеш. Өйткенi, сен қасиеттi Туа ойпатындасың. Сенi ұнаттым. Ендi уақи етiлгендердi тыңда”. “Рас, Мен Аллаһпын. Менен басқа Тәңiр жоқ. Сондықтан Маған құлшылық қыл. Сондай-ақ, Менi еске алу үшiн намазды толық орында”. (Та-Һа 20:1-14)
Омар сүйiнген дауыспен: – Не деген ғажайып сөздер едi! Қарындасым менi тезiрек Мұхаммедке, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, жеткiз. Мен Аллаһтан басқа ешбiр Тәңiрдiң жоқтығы және Мұхаммедтiң оның Елшiсi екендiгiне куәлiк бергiм келедi, – дедi. Омар ақиқи сөздердi айтып куәлiк берген шақта Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, және басқа сенiм бiлдiрушiлер: – “Аллаһу Акбар!” – деп айқайлағанда олардың дауысы әуеде қалқып Мекке көшелерiнде естiлiп жатты.
Осыдан соң Аллаһ мынадай аят түсiрдi: “О, Пайғамбар! Саған және сенiң соңыңнан ергендерге Аллаһ жеткiлiктi емес пе?”. Абдолла ибн Мас`уд айтты: – “Омар Исламды қабылдағаннан бергi уақытта бiздiң даңқымыз ешбiр төмендеген емес”. Сондай-ақ, ол: – “Омардың Исламды қабылдауы күш-қуат әкелдi, оның қоныс аударуы көмек болды, оның ел билеген уақыты шарапатты болды”, – дедi. Саид ибн Мусиаб айтты: – “Омар Исламды қабылдаған тұста, көпқұдайшылдар: – “Бiзден тұтас бiр халық бөлiнiп кеттi”, – деп күйзелiс бiлдiрдi”. Әбу Жафар ибн Шайба Ибн Аббастан мынадай хадис келтiредi: Омар ибн әл-Хаттаб айтты: – “О, Аллаһтың Елшiсi! – дедiм мен, Бiз неге жасырынамыз? Осыдан кейiн бiз екi қатар болып шықтық (Меккенiң көшелерiне адамдарды Исламға шақыру үшiн). Бiр қатарда мен, ал басқа қатарда Хамза болды. Бiзге қараған құрайштардың көңiлiн қайғы жайлап алды, бұған дейiн оларды ешқашан мұндай жағдайда көрмеген едiк”.
Мұсылмандарды қудалау күшейген шақта Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, иман келтiргендерге Меккеден Мәдинаға қоныс аударуға рұқсат еттi. Мұсылмандар топ-тобымен Меккенi тастап жасырын көше бастады. Тек Омар ибн Хаттаб қана жасырынып шығуды қаламады. Әли ибн Әбу Тәлиб айтады: “Мен Омар ибн Әл-Хаттабтан басқа ашықтан-ашық көшкен бiрде-бiр адамды бiлмеймiн. Қоныс аударып шығар алдында ол қылышын белiне қыстырып, садағын мойнына асынып, қорамсағын иығына iлiп бiрден Қағбаға бет алды. Омар Қағбаны жетi рет айналып шығып, Ибраһим, алейһиссәллам, мақамы жанында екi бас намаз оқыды. Содан соң сол маңда отырған ақсүйектер тобының атақтыларына: “Әй, ұсқынсыз бұзақылар! Егер кiмде-кiм анам баласыз, балаларым жетiм, әйелiм жесiр қалсын дейтiн болса, менi анау қырдың астынан күтсiн”, – дедi қаһарланып. Бiрақ оның бұл шақыруына батылы жетiп ешкiм бара алмады”. Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өзiнiң сенiмдi серiгi Омарды аса жоғары бағалады және оның жетiстiктерiн мақтан етiп жүрдi.
Имам Әл-Бухари Әбу-Хурайрадан келтiрген хадисiнде: “Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, айтты: “Сендерге дейiн өздерi пайғамбар болмаса да пайғамбар сияқты сөз сөйлеген израил ұлдары болған. Егер, менiң қауымымнан да сондай бiреулер болса, олардың бiрi – Омар болар едi”. Аллаһтың Елшiсi тағы бiрде: – “Жарайсың, ибн Әл-Хаттаб”, – деп сүйсiндi. Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, ендi бiр жолы түс көргенiн, түсiнде сүт iшiп тұрған ыдысын Омарға ұстатқанын айтты. Түстiң жоруын сұрағандарға ол оның iлiм иесi болатындығын айтты.. Аллаһтың Елшiсiнiң, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қасында Омар өзiнiң дәрежесi жөнiнен Әбу Бәкiрден кейiнгi орында тұрды. Ол адамдарға қайырымдылық жасау жөнiнде тек Әбу Бәкiрмен ғана шендесетiн және оның әрдайым өзiнен басым түсетiнiн мойындайтын. Омар Пайғамбардың кеңесшiсi әрi уәзiр ретiнде үнемi бiрге жүретiн. Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, әңгiмесiн көбiне: – “Мен, Әбу Бәкiр және Омар...” – деп бастайтын. Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, айтқан: “Қайсыбiр пайғамбардың болмасын көктердi мекендеушiлерден екi уәзiрi, жердi мекендеушiлерден екi уәзiрi болған. Менiң көктi мекендеушiлерден екi уәзiрiм – Жәбiрейiл мен Мекайл, ал жердi мекендеушiлерден Әбу Бәкiр мен Омар” (Имам ат-Термизиден).
Аллаһтың Елшiсiне жоғарыдан Омардың дiни сенiмi үшiн қаза болатыны жөнiнде хабар жеткен. Бiр күнi Пайғамбар, Әбу Бәкiр, Омар және Осман (Оспан) төртеуi Ухуд тауына көтерiлдi. Олар шыққан кезде тау сiлкiне бастады. Сонда, Аллаһтың Елшiсi, салла Аллаһу алейһи уә сәллам: “Тыныштал Ухуд! Сенiң үстiңде пайғамбар, шыншыл және екi шахид тұр” – дедi.
Омар зерделi, тапқыр, терең ойлы, ақылды, шапшаң қимылдайтын адам едi. Оның пiкiрлерi он үш түрлi жағдайда Құран аяттарымен расталған.
Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қайтыс болғаннан кейiн “Ас-Сикифтағы” Сағд ибн Абадада жиналған ансарлар мухаджирлерге: “Бiр әмiр сiздерден, бiреуi – бiзден” деген талап қойды. Мұны естiген Әбу Бәкiр, Омар мен Әбу Убайда олардың қасына келдi. Омар сөз бастағаны сол едi, оны Әбу Бәкiр бөлiп жiбердi, ол үнсiз қалды. Кейiн Омар бұл туралы: “Аллаһтың атымен ант етемiн, бiрiншi боп сөз бастағанда мен тек өзiмнiң алдын-ала дайындаған сөздерiмдi айтқым келдi. Өйткенi, Әбу Бәкiр қажеттi сөздердi таба алмай, адамдарға ықпал жасай алмай қала ма деп қорықтым” – дедi. Әйтсе де, Әбу Бәкiр ұтырлы сөздердi тауып айтты: – “Бiз (мухаджирлер) – басқарушылармыз, ал сендер (ансарлар) – уәзiрiмiз боласыңдар. Бұған Хаббан ибн әл-Мунзир қарсы дау айтты: – “Жоқ, Аллаһтың атымен ант етемiн! Бiзден де – басқарушы, сiзден де – басқарушы!” Әбу Бәкiр айтты. – “Алайда, бiз (мухаджирлер) – билеушi, ал сендер (ансарлар) – уәзiрсiңдер. Олар (Мекке тұрғындары – құрайштар) өздерiнiң үйлерiмен (қағба) арабтардың жүрегiнен орын алған, өздерiнiң тегi жөнiнен арабтардың iшiндегi тәуiрлерi. Омарға немесе Әбу Убайдаға ант берiңдер”. Сол кезде Омар былай дедi: – “Жоқ, олай емес. Бiз саған ант беремiз. Сен бiздi басқарушысың, қалайда бiзден артықсың, әрi Пайғамбарымызға, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, бiзден гөрi жақын едiң. Сөйтiп Омар Әбу Бәкiрдiң қолын алып, оған ант еттi, одан кейiн басқалары да ант бердi. Омардың ең қауiптенген нәрсесi – егер ансарлардың бiрiне ант берiле қалған жағдайда мұсылмандар арасында жанжал шығып кетуi кәдiк едi.
Әбу Бәкiр өлер алдында, халифаттың билiгiн Омарға берудi өсиет еттi. Билiк құрған кезiнде Омар, ради Аллаһу анһу, әлем таныған ең әдiлеттi билеушiлердiң бiрiнен болды. Ұстанған дiнiне берiк, Аллаһтың жауларына ымырасыз, қаталдығына бола адамдар оның алдында қорқынышты күй кешетiнiне, ал шайтандар оның жолынан қашып кететiнiне қарамастан, Омар қарапайым, Аллаһтың әмiрi мен тыйым салған iстерiн қатаң сақтайтын адам едi. “Менiң кемшiлiктерiмдi кiм көрсетсе, сол – менiң ең сүйiктi адамым”, – дейтiн ол. Бiр күнi Омар ел аралап келе жатып Илия (қазiргi Иорданиядағы Ақаба) қаласы маңында тоқтауға ұйғарым жасады. Оған жанындағылар: – “Сен – арабтардың әмiршiсiсiң! Бұл жерлерде түйемен жүру жарасымды емес... Атқа ауысып мiнiп үстiңе басқа киiм (қырық құрау жамау көйлегiн меңзеп) кисең румдықтардың алдында дұшпан көзi деген, айбаттырақ боп көрiнер едiң”, – дегенде, ол: “Бiз Аллаһ Та`ала даңқымызды Ислам арқылы көтерген халықпыз. Ал егер де бiз өз даңқымызды Исламнан емес басқа нәрселерден iздейтiн болсақ, онда Аллаһ бiздiң даңқымызды арттырмақ түгiл абыройымызды түсiредi”, – деп бiр-ақ кестi.
Хазiрет Омар, ради Аллаһу анһу, Шам қаласына келгенде алдынан жылға көрiндi. Ол түйеден түсiп, аяқ киiмiн шешiп қолына алып, түйесiн жетектеп суды кешiп өттi. Осы кезде Әбу Убайда оған: – “Сен бүгiн бұл жердi мекен етушiлердiң көз алдында ұлы iс көрсетiп, ананы iстедiң, мынаны iстедiң...” – деп тым әспеттеп жiбердi. Сол кезде Омар оның кеудесiне бiр қойды да былай айтты: “Тоқта! Осы сөздердi сенен басқа бiреу айтса ғой, о, Әбу Убайда! Расында, сендер ең нашар адамдардан, саны да аз ең төменгiлерден едiңдер, ал Аллаһ сендердi Ислам арқылы даңққа бөледi, егер сендер даңқты басқа нәрседен сұрайтын болсаңдар, онда Аллаһ сендердi қорлыққа ұшыратады”.
Мұсылмандардың әмiршiсi ең алдымен өзiне, одан кейiн жақын туыстарына, өзiнiң қол астындағы қала және аймақ бастықтарына қатаң талап қойғыш болды.
Салим ибн Абдолла ибн Омар былай дейдi: – “Егер, Омар мiнберге шығып адамдарға әлдебiр нәрсенi тыйым салған болса, соңынан өзiнiң отбасындағыларды жиып алып айтатын: – “Расында, менiң адамдарға тыйым салған нәрселерiмнен аулақ болыңдар, расында, құстар етке қалай қадалып қараса, адамдар да сендерге солай қадалып қарайды. Аллаһтың атымен ант етемiн, егер кiмде-кiм менiң әмiрiмдi бұзатын болса, мiндеттi түрде оның жазасын басқалардан еселендiре түсемiн”.
Ол Пайғамбарымыздың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, сенiмдi серiктерiнiң бiрi Әбу Мұса Әл-Ашғариға былай деп жазды: – “Расында кiмнiң бағымы келiстi болса, ең бақытты бақташы сол, ал кiмнiң бағымы келiссiз болса, ол – Аллаһтың алдындағы ең бақытсыз бақташы. Сен және сенiң қарамағыңдағылар (жоғарыда отырғандар) бағылудан сақтаныңдар. Сенiң мысалың көк қуып тояттайтын малдың мысалындай болмас үшiн. Өйткенi, күйi келiскен малдың ажалы да тез болмақ. Сiзге Аллаһтың игiлiгi болсын!”.
Мұсылмандар Омардан әрi қорқатын, әрi сыйлайтын. Ол дiндар, құлшылықтың адамы едi, өзi батыл, өзi сенiмдi және мемлекет басқарушы, саясаткер болатын... Исламның ең бiр күштi қайраткерi болғандығы себептi де жұрт одан қатты қорқатын. Өйткенi, ол соңының не болатынына қарамастан Аллаһтың жолында шындықты бетке айтудан тайсалмайтын. Әл-Мұғира ибн Шұғба, ради Аллаһу анһу, былай деген: “Омардың ерекшелiгi – оның қорқыныш тудыруында. Адамдар одан қорықты”. Алайда, оның ел билеген уағындағы тарихқа жүгiнер болсақ, Омардың жұртқа мейiрiмдi әрi қайырымды болғандығын да жоққа шығаруға болмас едi. Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, сахабаларының бiрi келiп, кейбiр сахабалардың қатал мiнездi Омардың халиф болғанын қаламайтындықтарын жеткiздi, сонда Омар: “Менiң жүрегiмдi олар үшiн мейiрiмге толтырған, ал олардың жүрегiне мен дегенде қорқыныш ұялатқан мақтау Аллаһқа болсын!” – деп жауап қатты. Сосын тағы да: “О, Аллаһ! Расында, Сен бiлесiң, олардың менен қорыққанынан бұрын, олардың құқығы үшiн мен Сенен көбiрек қорқамын!” – дедi.
Бiрде Му`ауия ибн бу Суфиян Сағс ибн Суханнан Омарды суреттеп беруiн өтiндi. Сағс айтты: “Ол өзiнiң қол астындағылардың жағдайынан хабардар, шешiм шығаруда әдiлеттi, тәкаппарлықтан ада, кешiрiмдi, шындыққа сүйенушi, әлсiздерге демеушi, туысқанға бейтарап, бөтендерге рақымды...” Имам Әл-Бухари ибн Аббастан, ради Аллаһу анһума, мынадай хадис келтiредi: “Бiрде Уейна ибн Хасен ибн Хузайфа Омарға жақын адамдардың бiрi болған өзiнiң iнiсiнiң баласы хафиз Әл-Хур ибн Кайсқа келдi. Құранды жатқа бiлетiн адамдар жастығына немесе ересектiгiне қарамастан Омардың кеңесшiлерi және мәжiлiс мүшелерi болатын. Уейна iнiсiне айтты: “Інiм, әмiршiнiң алдында сенiң беделiң бар, одан менi қабылдауын өтiн”, – дедi. Әл-Хур оның өтiнiшiн орындап, әмiрдiң қабылдауына кiргiздi. Уейна айтты: “Ей, Хаттабтың ұлы! Аллаһтың атымен ант етемiн, сен бiзге үлестен мол қып бермейсiң, бiздiң арамызда әдiлдiкпен iс жүргiзбейсiң!” Омар ашуға булығып, ендi жауап қайтарғалы тұрғанда, оны Әл-Хур тоқтатып, былай дедi: “О, мұсылмандардың әмiршiсi! “Расында, Аллаһ өзiнiң Елшiсiне, салла Аллаһу алейһи уә сәллам: “Кешiрiмдi бол, адамдарды iзгiлiкке шақыр және әдепсiздiктен бетiңдi бұр!” – деген. Бұл адам әдепсiздерден”. Аллаһтың атымен ант етемiн, Омар өзiне осы аят оқылғанда, одан аттап өте алған жоқ, өйткенi, ол Аллаһтың Кiтабын қатты ұстанатын едi.
Омардың қарапайымдылығы соншалық аракiдiк үйiнен шығып кетiп, адамдардың жағдайымен танысатын, көмек беретiн. Бiр күнi түнде қалада боп жатқан жағдайды өз көзiмен көргiсi кеп қызметшiсiмен бiрге үйден шықты. Бiр үйдiң жанынан өтiп бара жатып, жылаған балалардың даусын естiдi. Ол дереу үйдiң есiгiн қақты. Есiктi әйел ашты. Ол алдында мұсылмандардың әмiршiсi тұрғанын бiлген жоқ. Омар әйелден балалардың неге қатты жылап жатқанын сұрады. Ол балаларының екi күннен берi нәр сызбағанын, оларды алдаусыратып, ұйықтатып тастау үшiн тас толтырылған қазанды қайнатып жатқанын айтты. Мұны естiген Омар дереу мұсылмандар қазынасы сақталған қоймаға барып, дорбаларға ұн, май, киiм-кешектi толтырып, ақша алып, жүктiң барлығын өз иығына асынып, әлгi әйелдiң үйiне қайта тартты. Қызметшiсiнiң жүктердi көлiкке артайық немесе өзiм көмек қылайын деген сөздерiн елең қылмады. Үйге кiрiсiмен әйел мен оның балаларына өз қолымен тамақ iстеуге кiрiстi. Ас дайын болғанда бүлдiршiндердi тiзесiне отырғызып өзi тамақтандырды. Мұнымен де тынбады. Еденге жатып балалармен ойнай бастады. Қашан олар көңiлденiп, мәз-мәйрам болған шақта олармен қоштасып, үйден шықты. Ол сыртқа шыққаннан кейiн өзiнiң қызметшiсiнен: – Мен неге еденге жаттым, бiлесiң бе? – деп сұрады. Қызметшiсi: – О, мұсылмандардың әмiршiсi! Жоқ! – деп жауап қатты. Омар: Мен олардың қалай жылағанын көрдiм, қашан балалардың күлгенiн көргенше тастап кеткiм келмедi. Ал олар көңiлденген кезiнде көңiлiм орнына түстi, – дедi. Мұндай оқиғаларды көптеп келтiруге болады.
Имам Әз-Захридтан қалған мынадай сөздер бар: – “Омардың ел билеп тұрған уақытында Аллаһ бүкiл жарты аралды, бүкiл Египеттi және бүкiл Иракты ашып бердi... Ол өлгенге дейiн-ақ барлық олжаны адамдар арасында тең үлестiрiп бердi”. |