Іргетас басқы бет | Бастапқы бет ретінде орнату | Жиі қолданымға қосу | Кері байланыс | Сайт картасы Хабар қосу
Басқы бет | Жаңалықтар | Әдебиет | Ислам | Пікірталас | Әндер | Суреттер | Құжаттар | Чат
  Сайттан іздеу     » Көп амалды іздеу
Бөлімдер
Архив
Дү Се Сә Бе Жұ Се Же
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
Сауалнама: Талғам
Жаңалықтар
Қазақ елі
Әдебиет
Ислам
Басқадай


Әбу Бәкір әс-Сыддық


image

Әбу Бәкір әс-Сыддық


Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын!

Пайғамбар Мұхаммед, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, айтты: “Мен қалдырған және шыншыл халифтар жүрген тура жолдан ауытқымаңыздар, одан мықтап ұстаңыздар. Және жаңалық енгiзуден сақ болыңыздар, өйткенi әрбiр жаңалық енгiзу – дiн бұзарлық, ал дiндi бұзу – адасу”.

Шыншыл халифтар: Әбу Бәкiр әс-Сыддық, Омар әл-Фаруқ, Осман Зун-Нурайн және Әли әл-Муртаза.
Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, былай дедi:
“Ақиқатында, мен үшiн дүние-мүлкiн аямайтын, достыққа берiк, ең сенiмдi адам – Әбу Бәкiр. Егер маған Аллаһтан басқа ең сүйiктiнi таңдау құқы берiлсе, мен Әбу Бәкiрдi таңдаған болар едiм...” 

Әбу Бәкiрдiң толық аты-жөнi Абдулла ибн Усман. Ол құрайыштың атақты адамдарының бiрi болған. Арабтардың әлеуметтiк-тұрмыстық тарихын, рулық қатынастарын жақсы бiлген, саудагерлiктi кәсiп еткен. Пайғамбардан екi жас кiшiлiгiне қарамастан бала күннен бiрге өскен жақын достар болған. Ол араққа тыйым салынбай тұрған заманда да iшiмдiк дегендi бiлмеген және Исламды алғаш қабылдаған адамдардың бiрi. Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, ол туралы былай деген: “Аллаһ менi сендерге жiбергенде сендер өтiрiкшi санадыңдар. Ал Әбу Бәкiр менi шындықты айтып тұр деп бiлдi де малын да, жанын да аямай қолдау көрсеттi. Бәлкiм, сендер сахабаларым туралы пiкiрлерiмдi өз еркiме қалдырарсыңдар”. Ол мұны екi рет қайталады”.

Әбу Бәкiр жайдары мiнездi адам едi, туған-туысқандары онымен жеңiл қарым-қатынас жасайтын. Олар Әбу Бәкiрдiң мәндi әңгiмелерiн тыңдап рақаттану үшiн келетiн, оның бiлiмiне, сауда жүргiзу тәсiлдерiне, шеберлiгiне тәнтi болатын. Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өзiнiң он сахабасының тiрi кездерiнде-ақ жәннаты болатындарын айтқан, солардың бесеуi, атап айтқанда: Осман ибн Аффан, Аз-Зубейр ибн Аууам, Абдур-Рахман ибн Ауф, Саид ибн Әбу Уаққас, Талха ибн Убайдулла Исламға Әбу Бәкiр уағызы арқылы келген.

Әбу Бәкiр мұсылмандар арасында Пайғамбарымыздан, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, кейiнгi сыйлы адам болатын және Исламды жан-тәнiмен қорғайтын.

Бiрде Әли ибн бу Тәлиб халиф кезiнде мұсылмандарға хұтба оқып тұрып былай дедi: “Уа, жамағат! Маған ең күштi адамның кiм екенiн айтыңыздаршы”. “Ең күштi адам сенсiң, уа, әмiршiмiз” – дестi жұрт. “Иә, мен кiммен шайқассам да жеңiске жеткенiм рас. Бiрақ маған ең батыл адамның кiм екенiн айтыңыздаршы” – дедi хазiрет Әли. “Бiз басқаны бiлмеймiз” – дестi жамағат. “Ол – Әбу Бәкiр, – дедi халиф. – Бадыр соғысы басталған күнi бiз Пайғамбарға, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, арнап шатыр тiктiк. Аллаһтың атымен ант етiп айтайын, сол кезде пұтқа табынушылардан Пайғамбарды, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қорғау үшiн Әбу Бәкiрден басқа ешкiм батылдық көрсете алмады. Әбу Бәкiр қылышын жарқылдатып Пайғамбарға, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, ұмтылған мүшриктердiң меселiн қайтарып отырды. Мiне, ең күштi адам сол”.

Әли тағы былай дедi: “Мен Пайғамбарды, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, құрайыштардың қоршап алғанын көрдiм. Бiрi қол жұмсап, бiрi жұлқылап: “Құдайлар көп емес, жалғыз” деп жүрген сен бе?” – деп өрекпiдi олар. Аллаһ куә, оған араша түсуге ешқайсымыздың жүрегiмiз дауаламады. Сол кезде Әбу Бәкiр жетiп келдi де, құрайыштардың бiрiн олай, бiрiн бұлай итерiп-итерiп жiбердi. Сендер шынымен өз туыстарыңды “Менiң құдайым – Аллаһ” дегенi үшiн өлтiрмексiңдер ме?!” – дедi ол.

Әли осы сөздердi айтты да кенет жылап жiбердi. Ыстық жас сақалын жуып кеттi. “Айтыңыздаршы, – дедi сосын сөзiн жалғап. – Осындай сөздi Перғауын заманында айтқан мұсылман күштi ме, әлде Әбу Бәкiр күштi ме?” Жұрт үн қатпады. “Неге үндемейсiздер? Аллаһ атымен ант етiп айтайын, жер бетi Перғауын заманындағыдай мұсылманға толып кетсе де, ол Әбу Бәкiрдiң тырнағына да тұрмас едi. Себебi ол өз дiнiн жасырды, ал Әбу Бәкiр Исламды ашық насихаттады әрi қорғады”.

Әбу Бәкiр дүние-мүлкiнiң елеулi бөлiгiн Аллаһ жолына түскен құлдарды босатуға жұмсады. Солардың қатарында көп азап шеккен мұсылмандардың тұңғыш азаншысы Бiләл да, ради Аллаһу анһу, болды. Осыған байланысты Омар былай дедi: “Әбу Бәкiр бiзге құрметтi мырза кiсi, ол бiздiң Бiләл мырзаға еркiндiк алып бердi”.

Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, Меккеден Мәдинаға көшерде қасында Әбу Бәкiрдiң болғанын қалады. Бұған қатты қуанған Әбу Бәкiр отбасына түк қалдырмай барлық қаражатын Аллаһ пен оның Пайғамбарының, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, жолына жұмсау үшiн өзiмен бiрге ала жүрдi. Саур тауындағы үңгiрге келе жатқан жолда Әбу Бәкiр Пайғамбардың бiресе алдында, бiресе соңында жүрiп отырды. Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, одан мұның мәнiсiн сұрағанда: “Жол торушылар бар ма деп қауiптенгенде алға өтемiн, қуғыншылардан қауiптенгенде артта жүремiн” дедi ол. “Тұтқиылдан тап берер қатерден менiң аман болғанымды тiлеп, кеудеңдi оққа тосып келе жатырсың ба?” – деп сұрайды Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, одан. Әбу Бәкiр оған “Дәл солай, сенi ақиқатпен жiберген Аллаһтың атымен ант етем!” – деп жауап бередi. Олар үңгiрге келгенде Әбу Бәкiр Пайғамбарды, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, сыртта қалдырып, өзi үңгiрдi тазалап шығады. Одан кейiн ғана Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, кiруiне рұқсат етедi. Олар үңгiрге кiрген кезде құрайыштардың жақындап қалғанын байқайды. Пайғамбарға, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, шын қауiп төнгенiн сезген Әбу Бәкiр қорқыныштан жылап жiбередi. “О, Пайғамбар, егер олардың бiрi төменге аңғарып қараса бiздi анық көредi”, – дейдi ол. “Ей, Әбу Бәкiр, Аллаһқа тәуекел ет, қайғырма, анығында Аллаһ бiзбен бiрге” деп жұбатты оны Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, ...

Бiр сөзбен айтқанда, Әбу Бәкiр Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, ең жақын, ең сенiмдi адамы болған. Сондықтан да ол: “Ақиқатында, мен үшiн дүние-мүлкiн аямайтын, достыққа берiк ең сенiмдi адам – Әбу Бәкiр. Егер маған Аллаһтан басқа ең сүйiктiнi таңдау құқы берiлсе, мен Әбу Бәкiрдi таңдаған болар едiм...” деген және оны сахабаларының бәрiнен артық көрген, ал оның қызы Айша Пайғамбардың сүйiктi әйелi болатын.

Әбу Бәкiр Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, көз жұмғанша одан жұп жазбады. Өлер алдында Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, оған намазда өз орнына имам болуды тапсырды. Бұл оның бүкiл халифаттың билiгiн Әбу Бәкiрге қалдырғаны едi. Ол Пайғамбарға, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, әрi орынбасар, әрi сырлас, әрi жолдас болды. Әбу Бәкiр тiрi кездерiнде-ақ жәннатқа барады деп Расул айтқан он сахабаның алғашқысы болатын. Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, дүние салғаннан кейiн Әбу Бәкiр мұсылмандардың алғашқы әмiршiсi болды және Аллаһ Та`ала сол арқылы ауыр сәтте араларына iрiткi түсiп, тарап кетуге шақ қалған мұсылмандардың басын бiрiктiрдi. Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өлгенiн естiген мұсылмандар қайғыдан естен танып, бұл суық хабарға сене алмай алас ұрды. Тiптi Омардың өзi жұрттың алдына шығып: “Аллаһтың атымен ант етем, Расулуллаһ өлген жоқ” деп жар салды. Мұны естiген Әбу Бәкiр Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, мешiтiне келiп аттан түстi. Сосын Айшаның үйiне кiрiп жабулы жатқан Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, бетiн ашып көрдi де маңдайынан сүйдi. Одан соң бiр сәт егiлiп жылады. Аздан соң сыртқа шықты. Омар әлi сөйлеп тұр екен. “Уа, жамағат, тынышталыңыздар! Ей, Омар, отыр”, – дедi Әбу Бәкiр. Бiрақ Омар оның сөзiн тыңдамады. Әбу Бәкiр күңiренiп сөйлей жөнелдi. Жұрт ендi Омарды былай қойып, Әбу Бәкiрге құлақ салды. Омар сонда ғана тынышталды. Әбу Бәкiр алдымен Аллаһқа мадақ айтты да жұртқа былай дедi: “Кiмде-кiм Мұхаммедке табынса, ол өлдi, ал кiмде-кiм Аллаһқа табынса – Ол мәңгi тiрi, ешқашан өлмейдi” – дедi. Әбу Бәкiр одан соң Құраннан аяттар оқи бастады.

“Аллаһ Та`ала Құранда былай деген: “О, Мұхаммед! Шынында сен де өлесiң, олар да өледi...”. (Зумар 39:30).

“Мұхаммед бiр елшi ғана, одан бұрын да елшiлер өткен. Егер ол өлсе, не өлтiрiлсе, керi қайтасыңдар ма? (Қайта кәпiр боласыңдар ма?) Кiм керi қайтса, ол Аллаһқа ешбiр зиян келтiрмейдi. Аллаһ шүкiр етушiлердi сыйлайды” (Әли Имран 3:144).

Қайғыдан есеңгiреген жұрт бұл аяттар туралы ұмытып та кеткен едi. Кейiн Омар бұл туралы былай дедi: “Аллаһ атымен ант етiп айтайын, Әбу Бәкiр осы аятты оқи бастағанда зар еңiреп жер құштым. Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, өлгенiне сонда ғана көзiм жеттi”.

Жұрттың бәрi осы аятқа құлақ салып, егiлiп жылады және Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, дүние салғаны рас па? – деп сұрағандардың бәрiне жасқа булығып тұрып әлгi аятты оқыған деседi. Ақиқатында, мұсылмандар үшiн бұдан үлкен қайғы болған емес, абдыраған қауым адасып қала жаздады. Алайда Әбу Бәкiр Аллаһтың көмегiмен күмән-күдiкке бой алдырып, сасқан жұрттың жүректерiн орнықтырып, сенiмдерiн күшейте бiлдi. Бұл оның парасаттылығының, сабырлы байсалдылығының, жүректiлiгiнiң, даналығының белгiсi, дәл осындай қиын-қыстау сәтте одан басқа ешкiм мұндай даналық шешiм жасай алмаған болар едi.

Әбу Бәкiр Пайғамбардан соң екi жыл, үш ай, он күн ғана өмiр сүрдi. Оны Пайғамбардың, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қасына жерледi. Ол өлер алдында Омармен оңаша сөйлестi, жұрт мұның мәнiсiн бiрден түсiндi де құптамаған рай танытты. “Әбу Бәкiр Тәңiрiне не деп жауап бередi? Ол өз орнына қолында түгi жоқ, қатал, дөрекi адамды қалдырмақ па? Оның қолына билiк тиген соң не болмақ? - деген алып-қашпа сөздер шыға бастады. Мұны естiген Әбу Бәкiр: “Сендер менi Тәңiрiме қайтiп барады? – деп қорқытпақсыңдар ма? Мен Оған өзiмнен кейiн Сенiң ең жақсы пендеңдi қалдырдым деймiн”, – дедi. Одан соң Омарды шақырып алып былай дедi: “Ақиқатында, Аллаһтың алдында түнде iстелетiн iс бар, Аллаһ оны күндiз қабыл қылмайды, күндiз iстелетiн iстi Ол түнде қабыл қылмайды. Сол сияқты Ол парызды орындамағанның нәпiлiн қабыл қылмайды” дедi.

Әбу Бәкiр, ради Аллаһу анһу, мұсылман қауымында Пайғамбардан, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, кейiнгi ең iзгi адам едi. Бұл туралы Ибн Омар (Омардың баласы) былай деген: “Пайғамбардың тiрi кезiнде бiз Аллаһтың Елшiсiнен кейiн Әбу Бәкiр, Омар, Осман деп айтушы едiк” (Әбу Дауд).

Бiз мұсылмандар осы әңгiмеден ғибрат алуға тиiспiз. Өйткенi Аллаһ Та`ала бiздiң iсiмiздi сыртқы тұлғамызға, бет пiшiнiмiзге қарап емес, жүрегiмiздiң тазалығына, iсiмiздiң Пайғамбар, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, қалдырған үлгi-өнегеге қаншалықты сәйкестiгiне қарап бағалайды. Бұл туралы Құранда: “Ол күнi, мал да, балалар да пайда бермейдi. Бiрақ кiм Аллаһқа нағыз (таза) жүрекпен келсе ғана (пайда бередi)” деген. (Шуғара 26:88-89) Және Пайғамбарымыз, салла Аллаһу алейһи уә сәллам, былай дедi: “Ақиқатында, Аллаһ сiздердiң түр-тұлғаларыңызды емес, iстеген амалдарыңыз бен жүректерiңiздiң тазалығына қарайды”. 

Әбу Бәкiрдiң iсi, қызметi, кемеңгерлiгi жөнiнде жазылған материалдар жетерлiк. Бiз бүгiн оның өмiрiнен дерек берер бiрер оқиғаларды ғана сөз еттiк.


264 рет оқылған | Nov 20,2006 | жазған: | BaKiTJaN
Ұқсас хабарлар

Бұл жазбаға сәйкес ештеме табылмады
Бұл жазба сізге ұнадыма?
Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00Rating: 5.00 (барлығы 32 дауыс)

comment Пікір жаз (0 жазылған) 

Ең көп оқылған
Сілтемелер
Жазушылар