................Чатқа кір!..............

Бөлімдер
Басқы бет
Қазақ елі
Ислам
Бөлім Категориялары
Жалпы Бөлімдер
Форум
Суреттер
Чат
Әндер
Құжаттар
Сұрақ - Көмек
Іздеу
Хабар қосу
Cағат қанша?
Намаз уақыттары
Таң намазы:
Күн шығысы:
Бесін:
Екінті:
Ақшам:
Құтпан:
4:35
6:21
12:50
16:28
19:19
20:49
Алматы қаласы
i
  

«Бізді тура жолға баста! ізгілік бергендеріңнің жолына!
Ашуға ұшырағандар мен Адасқандардың жолына емес!»
                            (Фатиха сүресі)

толығырақ...

 

 

 

 
Сайтқа кіру
Онлайн Мүшелер
Сайтта 2 қонақ онлайн
powered_by.png, 1 kB

Басқы бет arrow Қазақ елі arrow ҚАРИЯЛАР - эссе
ҚАРИЯЛАР - эссе Print E-mail
Мұндайда Ақтоты әжем де бабам­нан қалыспайтын. Ол күні бұрын бөбектерге жейде, жөргек, көрпеше тігіп қойып, нәрес­телі болған үйге апарып беретін. Ең бастысы, әжем нәрестелі болған келіншекке баланы қалай жөргекке орауды, қалай бесікке бөлеу­ді, тіпті бесікті қалай тербетуді де ерінбей үйретіп кететін. Оны бүкіл ауыл балалары өздерінің туған әжесіндей құрмет тұтушы еді.

Әрине, жас жұбайлар да қарап қалмай­тын. Бабам мен әжемнің қар­сылығына қарамай бірі шапан жапса, екіншісі қой жетектетіп жіберетін.

Ауыл балалары үшін ең бастысы – Құдабай бабамның шеберхана­сында болу еді. Өздерін қайда қоярын білмей, көрінгенге тиісіп жүрген ауыл­дың сотқар балаларын бабам жи­нап алып, шеберханасында кәдімгідей жұмысқа жегіп қоятын.

Құдабай бабам: “Үйренгендерің өздеріңе жақсы, істегендерің маған жақсы” дейтін. Біріміз қолымызға балта алып, екіншіміз – балға, үшін­шіміз – қол ара алып, бір топ бала іске қызу кірісіп кетуші едік. Мұндай сәттерде бабам біздерге анадай жер­ден сүйсіне қарап тұрып: “Ә, бәре­келді, өздерің үндемей жүріп, нағыз шебер екенсіңдер ғой” — деп мақтап қоятын. Ал біз үйге қайтып бара жатқанымызда өзіміз жасаған ағаш бұйымдардан бір-біреуден сыйлайтын. Біздер бұл бұйымдарды әке-шешемізге көрсетіп: “Мынаны мен өзім жасадым” деп мақтану­шы едік. Оған үйдегілердің бәрі мәз-мейрам болып, кәдімгідей қуанып қалатын.

Иә, байғұс бабам таяққа сүйеніп, бүкшең­деп жүріп-ақ қаншама игі істер тындырған десеңізші! Сол кісіден дәріс алған ағаш шеберлері ауылда қазір де бар.

Ең бастысы, сол кездегі қариялар жас­тарға адамгершілік пен мейірім­діліктің ғажайып үлгілерін көрсетті ғой. Адам жасы егде тарта түскен сайын мейірімі арта береді. Мейірім­ділік – адам бойындағы ең ұлы қасиет шығар деп ойлаймын. Сол себепті біздер адамның қартайған шағын кемшілік деп емес, кеңшілік кезеңі деп түсіндік. Өзім әлі күнге дейін солай ойлай­мын.

Әйтсе де біздер (қа­зіргі қарияларды ай­та­мын) сан ғасыр­лар бойы бір сәтке де үзілмей келе жатқан осындай ата-бабалар дәстүрін жалғастыра алдық па? Өзіміз бі­летін ұлттық әдет-ғұ­рыпты, салт-сананы, жалпы ата-бабалар дәс­түрін өз ұрпақта­ры­мызға үйретіп ке­леміз бе?

Кейбір қариялар бұл сауалдарға нақты жауап берудің орнына түрлі себеп-сылтаулар айтып, табанда ақтала бастайды. Бар кінәні өзіне емес, өзгелерге артқысы келеді.

Міне, осындай сәт­терде менің ойыма француз жазушысы Л.Вовенаргтың бір сөзі түседі. “Қарт­тардың даналығын біз тым мардымсыз пай­даланамыз”, — деген екен қаламгер.

Бала тәрбиесі бі­рінші кезекке қойылып тұрған сәтте қадірлі қариялардың бала тәрбиесі жөніндегі көп жылғы тәжірибесін кәдеге жаратқанымыз жөн емес пе?

Кешегі ата дәстүріміз бен бүгінгі заман талаптарын өзара үйлестіре оты­рып, жас ұрпақты тәрбиелеу ісін қа­сиетті қарттарымыз ғана тындыра алатын сияқты болып тұрады маған. Қазіргі балабақшалар, мектептер, тіпті жоғары оқу орындары да тәлім-тәрбиені, адамгершілікті, мейірімді­лікті, инабаттылық­ты кітаптан емес, өмірдің өзінен үйренген қариялары­мыздың көмегіне зәру болып отыр ғой. Осы орайда француз данышпаны Ж.Ж. Руссоның: “Жастық шақ – даналықты меңгеруге арналған уақыт, ал кәрілік – оны қолдануға арналған уақыт”, — деген сөзі еріксіз еске түседі.

Қоғамда қатыгездік қыр көрсете бастаған кезеңде ғасырлар бойы “мейірімділік” деп аталатын “пәннен” дәріс беріп келген қария­ла­рымыз қайда жүр деп сұрағың келеді. Әлде біз байырғы аталарымыз сияқты ба­лажан адам бола алмай қалдық   па?

Бұдан жиырма жеті ғасыр бұрын ғұмыр кешкен бабаларымыз, яғни сақтар өз ұрпақтарын ерлікке, өрлік­ке, кеңдікке қалай тәрбиелегені көне тарихтан жақсы мәлім ғой. Қырық жыл қырғын болса да арғы аталары­мыз елін сүйетін, жерін сүйетін, ұл­тын сүйетін ұрпақ тәрбиелеуді бір сәт­ке де естен шығарған емес. Мұның бәрін олар өздері ат жалында, түйе қомында жаумен жағаласып жүріп атқарған.

Бертін келе де бабаларымыз осы дәстүрді жалғастыра, жетілдіре түскен. Қазақ қауымы қадірлі қарияларын, ақсақалдарды қашан да ұстаз санаған, пір тұтқан. Оларды шынайы шежіреміз, ақыл-парасатымыз, рухани қазынамыз деп білген. Бұл туралы жоғарыда аталған Шал ақын:

Шежірелі қартың болса,

Қағазға жазған хатың деген,

Қарттың сөзі кітапқа жақын деген, – деп жырлайды.

Сонымен, қазақтың сан ғасырлық шежі­ресін, шешендік шеберлігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, қол өнерін, т.б. қазіргі қария­лардан артық кім біледі? Мұндай мұраны, қасиетті қазынаны заман талаптарына сәйкестендіре отырып, тиімді пайдаланудың нақты жолдары қандай болмақ? Бұл мықтап ойланатын мәселе.

Бүгінгі күн тәртібінде халқымыз­дың санын ғана емес, сонымен бірге, сапасын да, яғни сана-сезімін, білік­тілігін, патриоттық парасатын барынша арттыра түсу міндеті тұр. Бұл игі істі жүзеге асыру үшін қариялардың  өмір­лік тәжірибесіне жүгінгеніміз жөн шы­ғар. Ежелгі грек данышпаны Платон өзінің бір сөзінде: “Егер қарттар өздерінің көрген, білгендерін жастарға айтып отырмаса, онда қариялардың өздері кінәлі” деген екен.

Әрине, бүкіл бір ұлттың ұранындай көрі­нетін аса жауапты бұл іске кез келген қария үлес қосуға қабілетті де­ген ойдан аулақпын. Бұл орайда әңгіме ғұлама-қариялар, зейнеткер-ұстаздар, шежіреші шалдар, шебер ұсталар, жалпы кезінде “өмір акаде­миясын” үздік бітірген бүгінгі ақсақалдар туралы болып отыр.

Қазақтың қадірлі қариялары өзде­рінің жас ұрпақ алдындағы парасатты парызын тарихтың небір аласапыран кезеңдерінде де жадынан шығарған емес. Бұған ежелгі қисса-хикаяттарды, аңыз-әңгімелерді, жыр-дастан­дарды оқи отырып көз жеткізуге болады. Сан ғасырлық көне тарихымыз, рухани шежіреміз біздің осы пікірімізді растай түседі.

Енді тек қана ғасырлар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүріміздің сабақтастығын үзіп алмасақ игі еді.

Ау, қариялар, ақын айтқандай-ақ ақыл-парасаттың дариялары ғой. Сол дариялар сарқылып қалмаса екен. Құдайдан соны тілер едім.                      

ЖАЗДА – ЖАЗ,

КҮЗДЕ – КҮЗ

БОЛУЫН ҚАЛАР ЕДІМ, –

Көне заман данышпаны Унсури осылай деген екен. Әрине, ол бұл орайда адам өмірі­нің жазы мен күзін меңзеп отыр. Ғұламаның айтуы бойынша, дұрыс қартая білудің өзі де біліктілікті қажет ететін үлкен өнер екен. Қария дәрежесіне дейін шарық­тап шығу үшін де едәуір дайындық қажет сияқты.

Сонымен, “дұрыс қартая білудің” өзі қандай ұғымды білдіреді?

Өзінің Алла­ның алдында да, адамның алдында да мойындағысы келмей, шал атанған шағында бозбалаша әлем-жәлем киініп, “ел кезген есер кезде­гідей” жеңіл мінез көрсетіп жүрген қарттарды кім деп білеміз?

Тән мен жанның жасанды жастық көрі­ністерін жасап, сахнада емес, өмірде әртіс болып жүру – ерлік пе, әлде есерлік пе?

Жадыраған жаз өтіп, күрең күз келсе де жағажайда жатқандарды кім дейміз?

Кешегі және бүгінгі қариялар арасында ұлттық дәстүр жалғастығы, яки рухани үндестік бар ма?

Бәріміз де жастық шағымызда ғұмыры­мыз ұзақ болса екен деп армандаған жоқпыз ба?

Енді бүгін сол арманымызға қолы­мыз жет­кен кезде біз неге қарттықты мойындау­дан бас тартқымыз келіп тұрады?

Міне, біз осындай сауалдарға жауап іздеген едік. Тегінде мұндай жауапты көп­шілік болып іздегеніміз жөн шығар.

Ал біздің бар мақсатымыз – осындай сұрақтар қою арқылы оқырманға ой салу ғана еді. Біз соған қанағат етеміз.

Бүгінгі жастар – ертеңгі қариялар ғой. Олар қарттық хақында не ойлайды екен? Бүгінгі бозбалалар да мезгілі жеткенде “әке”, “ата” тіпті “баба” атанғысы келетін шығар. Ал мұның өзі қарттыққа, қариялыққа, ақсақал атануға ұмтылу деген сөз емес пе?

Олай болса, неге кейбір қарттар ел көзіне қария болып көрінуден қашқақтап жүр? Жазда – жаз, күзде – күз болғаны жөн емес пе?

Біздің жастық шағымызда егде тарта бастаған адамдар өздерінің кәрілігіне намыстанбайтын. Қартайып қалғанын жасыруға әрекет жасамай­тын. Қайта қариялығын мақтаныш етіп, жұртқа байсалды жан болып көрінуге құштар еді.

Бізге олар ғасырға жуық өмір жолында ұзақ сапар шегіп, қияметтен қиын бел-белестерден сүрінбей, мәреге абыроймен жеткен сиқырлы жандар тәрізді көрінетін.

Әйтеуір біз білетін қариялар “қар­тайып қалдым” деп өкінбейтін. Қайта “құдайға шүкір, қариялыққа да аман-есен жеттік-ау, бұған да тәубә” деп отыратын. Мұндай қарттар құманмен қолына су құйған балаларға: “ғұмырың ұзақ болсын, мен сияқты ақ сақалды, сары тісті шал бол” деп бата беретін.

Дәл осындай, өмірдегі өз орнын жақсы түсіне білген қариялар қазір де аз емес. Олар маған ата-бабалары­мыздан бізге жеткен ежелгі рухани жәдігерліктер сияқты болып көрінеді. Осындай киелі жандарға іштей тағзым еткің келіп тұрады. Олар өткен шақ пен болашақты жалғастырып тұрған алтын көпір дер едім.

Құдай маған өмір берсе, онда мен өзімнен кейінгі інілеріме – аға, бала­ларыма – әке, немерелеріме – ата, ал шөбере-шөпшектеріме – баба болып, қария атанып жүруден ешқашан жа­лықпас едім. Басқаша айтсақ, өмір­дің бар­лық баспалдақтарын зор мақта­ныш­пен, абыроймен басып өткім келеді.

Сөйтіп, дұрыс қартая білу де үлкен өнер екен ғой. Оған да әзірлік қажет сияқты. Басқаша айтсақ, дұрыс қар­тайғанымыз жөн екен.

Менің байқауымша, адамдар негізінен екі түрлі болып қартаяды. Бірі – жастау кезінде сырт көзге сыр бермей жүрсе де қартая келе мейлінше қатыгез, ызақор болып кетеді. Екіншісі – егде тартқан шағында бұрынғысы­нан да мейірімді, қайырымды, кең­пейілді, әділ шал болып шыға келеді.

Жалынды жастық шағында адамдар бір-бірінің мінез-құлқына, іс-әрекетіне, сөйлеген сөзіне онша назар аудара қоймаса керек. Ал қартайғанда соның бәрі тайға таңба басқандай айқын көрініп, бесенеден белгілі болып тұрады екен. Оның жақсы да, жаман да жағы бар. Жақсысы – кімнің кім екенін біліп аласың. Жаман жағы – көргің келмеген нәрсені көресің. Білгің келмейтін жәйтті білесің. Сөйтіп, бір кездегі аяулы досыңнан бірте-бірте суынып, ақыры одан безіп кетуің де ғажап емес.

Иә, солай. Солай екеніне өзгелер түгілі, көпке дейін өзім де іштей илана алмай жүрдім. Әйтсе де өмір шынды­ғынан қашып құтылу мүмкін емес. Бір кездегі момақан жігіттің бертін келе тасбауыр, безбүйрек шалға айналып кеткенін көзім көрсе де, көңілім сенбей-ақ қойды.

Мен бір күні балалықтың базарын бірге аралап, жастықтың жалынды күндерін бірге өткізген екі досымды үйге қонаққа шақырып, олармен ұзақ әңгімелестім. Солардың бірі сөйлегенде сүйсініп, делебем қозып, өзімнен өзім шабыттанып отырдым. Ал, екіншісі – ауыз ашса-ақ күйініп, күрсініп, күңіреніп, іштей езіліп, ызаланып отырдым. Солай болды. Досымды енді мүлдем жаңа қырынан таныдым.

Сол күні мен дастархан басында мәре-сәре болып отырған екі замандасыма қарап:

– Достарым, біздер кеше ғана сұлуды көрсек соңынан ілесіп кете беретін есер жігіттер едік қой. Құдайға шүкір, жақсылы-жаманды, азды-көпті ғұмыр кешіп, бірқатар тіршілікті тын­дырып тастаған сияқтымыз. Айтың­даршы, осы сендер өмірдің осылайша білінбей, білдірмей, көзді ашып-жұмғанша зымырап өтіп кеткеніне өкінбейсіңдер ме? Өткен өмірлеріңе қанағат етесіңдер ме? Әлде орындал­май қалған армандарың да бар ма? – дедім.

Бағанадан бері бір-біріне кезек бермей, жарыса сөйлеп отырған достарымның әңгімесі бірден, пышақ кескендей шорт үзілді.

Сол сәтте арамызда өлі тыныштық орнаған. Жаңа ғана жадырап отырған достарым әп-сәтте қартайып кеткен мүсәпір жандар сияқтанып көрінді. Дәл осындай сауал қойғаныма өзім де өкініп қалдым. Мұндай сұрақтың соншама ауыр тиетінін қайдан білейін. Мейлі. Не де болса айтылды ғой. Ай­тылған сөз – атылған оқ. Енді әліп­тің артын бағуды жөн көрдім. Сәлден кейін Мейірбек қызу сөйлеп кетті:

 Өкінбеймін! Мен неге өкінуім керек? Құдай маған ұзақ ғұмыр берді деп өкінем бе? Кешегі сұрапыл со­ғыста, соғыстан кейінгі ашаршылық жылдары менің қаншама бауырла­рым, үзеңгілес достарым, талай боз­дақ­тар қыршын кеткен жоқ па? Ал біз – тіріміз. Тіршілік жасап жүрміз. Қан­шама бала-шағаға, немере, шөбе­ре­лерге ата болдық. Ұрпақ жалғас­тығын үзбей, үздірмей келеміз. Қоғамға қосқан үлесіміз де аз емес. Өзімізден кейінгі жастарға үлгі-өнеге бола білдік. Елдің сый-сыяпатынан да құр алақан емеспіз.

Әрине, қиын-қыстау күндерді де бастан кешірдік. Өкіндік. Өлген жоқ­пыз. Қиналдық. Қырылған жоқпыз. Жыладық. Жеңілген жоқпыз. Біреу­ден кейін, біреуден ілгері дегендей ілбіп келеміз. Жылжып келеміз. Әзір­ше тоқтаған жоқпыз. Ажалға сабыр берсін. Бала-шағамыздың қызығын көре берейік. Талқанымыз таусылған­ша қара жерді басып, жүре берейік достарым, — деп Мейірбек маған мейірлене қарады.

– Әй, бәрекелді, өзің бала кезіңде “батыр” болып, аулада ағаш қылыш асынып жүруші едің. Әлі сол қызу қалпыңда екенсің ғой, — деп досымды мен бір мақтап қойдым.

Күні бойы тұнжырап отырған Сейілбек ауыр бір күрсініп алды да, әңгімеге араласа кетті:

– Ал мен өкінем. Өмірім өксіп өтті. Өмірге келгеніме де, мына жа­рық дүниені көргеніме де, алғаныма да, бергеніме де, жеңгеніме де, жеңіл­геніме де, күлгеніме де, жылағаныма да, бәріне өкінемін! Өз тағдырыма өзім лағнет айтам. Бүйткен өмірі құрысын!

– Доғар! Қорқыт атамның қобы­зындай зарлап кеттің ғой, — деп Мейір­­бек зіл тастай сөйледі. – Жағыңа жылан жұмыртқаласын. Сен балалы-шағалы адамсың ғой. Құдайдан қорықсаң қайтеді? Іріген ауыздан шіріген сөз шығады деген рас екен-ау. Не деп боздап кеттің? Басқаны білмесек те, сені білеміз ғой. Бір ауылда өстік. Бір қалада тұрып келеміз. Бір нанды бөлісіп жеген күндеріміз де болды. Бір-бірімізге қабақ шытқан емеспіз. Неге сонша зарлап жылай бересің?    

– Жоқ, ә. Бұл менің жылағаным емес, сендерге шынымды айтып құлағаным ғой. Күйінгенім емес, өздеріңді сыйлап иілгенім шығар. Бірақ сендер мені ешқашан түсінбей­сіңдер. Түсінгілерің де келмейді.

Әншейінде аз сөйлейтін Мейірбек бүгін тілге тізгін беріп, өршелене сөйлеп кетті:

– Сенің өткенге өкінетін жәйің жоқ. Балалық шағың ба­қытты өтті. Жетім­діктің не екенін біл­мей өстің. Әкең соғыс­қа барған жоқ. Ағаң майданды көр­ген жоқ. Үйлеріңе “қара қағаз” келген жоқ. Әкең колхоздың төрағасы болды. Ағаң “брон” алып, трактор айдады. Үйлеріңде қашан да ішіп-жейтін тамақ мол болды. Біз­дің ауылда ақ бидай­дың нанын жейтін жалғыз бала сен едің. Ал, біз ол кезде жү­геріден жасалатын нанға зар едік. Соның бәрін ұмытқан екенсің ғой.

– Сол үшін бәрің мені өлердей жек көрдіңдер. Бас­тықтың баласы деп келдіңдер. Мені “бай­батша” деп келдіңдер. Ортақ ойынға қоспа­дыңдар. Жығылып қалсам, тоспадыңдар. Мені бөтен сана­дың­дар. Ұрмай-соқ­пай, мақта­мен бауызда­дыңдар. Бар пәлені маған жаптыңдар. Немістің “шпионын” менен таптыңдар. Бәрі есім­де. Адам ондай қорлықты, зорлықты ұмытпайды екен, сірә.

– Әй, өзің нағыз кекшіл екенсің ғой. Біз бәрін баяғыда-ақ ұмытып кеткенбіз. Қайдағы-жайдағыны әлі күнге ұмытпай, жіпке тізіп алып, мүң­кітіп жүргенін қа­ра­шы. Ұялмайсың ба?

– Кезінде мені мұқатып: “бастықтың барлаушысы, адам­ның алдаушысы” дедіңдер. Ұялмадың­дар. Ал мен неге ұялуым керек?   Сол кезде менімен бірге қыздарға бірге баруға да намыстанушы едіңдер.

– Ей, мына шалың масқара ғой. Әлі күнге қыздарды ұмытпапты. Өзінің ойы бұзық болса керек.

– Неге ұмытам? Бәрі есімде. Бәленің бәрі сол қыздардан шыққан жоқ па?

– Қалайша?

– Әйтеуір маған ұнаған қыздарды екеулеп жүріп қас-қағымда айнал­дырып алушы едіңдер.

– Әй, қойшы. Жоқтан өзгені сөз қылмай. Біз айналдырған да, ойландырған да емеспіз. Қыздардың өздері келсе, оған “кет” дейсің бе? Қайта қыз дегенде сенің жолың болғыш еді. Біз сыртыңнан қызығып, қызғанып жүретінбіз.

– Бұл не?! Мазағың ба, азабың ба? Қашан менің өмірде жолым болып еді?

– Ойбай-ау, әкең кәдімгідей құда түсіп, осы қаладағы бір мықтының қызын әперді ғой. Біз жатарға жай таппай, “жетімдер бұрышында” кө­рінгенге көлгірсіп, жамандарға жа­лынып жүргенімізде сенің екі бөлмелі пәтерің болды ғой. Біз автобуста асы­лып, трамвайда тырбанып жүрге­німізде сен “Победа” дейтін жеңіл машинаны желдіріп жүрмедің бе? Соның бәрін қалай ұмыттың? Өмірдің жарқын күндерін жадыңда сақтамай, қара түнектей тұнжыраған кездерін жіпке тізіп жүргенің қалай?

 

– Менің дертім ішімде ғой. Іш қазандай қайнайды, қолымнан келер дәрмен жоқ. Мұндайда ешкімге шешіліп айта алмаған қиын екен. Айтсаң, онда досыңа күлкі, дұшпа­ныңа таба боласың. Сол себепті сыртқа сыр бермеуге тырысам. Оған да үйреніп қалдым. Қандай қайғы-қасірет басыма түссе де, ішімде өгіз өліп, арба сынып жата береді. Сендер сүйген қыздарыңа үйлендіңдер,— деп ол әңгімесін ширата түсті. Сондықтан үйдегі “жалмауыз кемпір” дегенді сендер тек ертегілерден ғана естіген шығарсыңдар?

– Әй, сенің кемпірің жаман ба? Қашан барсақ та жадырап қарсы алып, жайраңдап шығарып салады ғой.

– Сендер келгенде жадырап, жайраңдап жүрген шығар. Бір сағатқа жақсы әйелдің рөлін ойнау үшін ерекше дарынның керегі бола қоймас.

– Сонда кемпірің саған жайраңдамай ма?

– Жоқ. Маған ол сендер кеткен соң тайраңдайды.

– Сонда не істейді? Не айтады?

– Не істемейді, не айтпайды деп сұрағаның жөн шығар. Бәрін істейді, бәрін айтады. Бұдан қырық жыл бұрын ауылдан келген жігітті, яғни мені қан базардан қалай тапқанын, үйіне әкеп баққанын, арқамнан қалай қаққанын, бетіме әтір жаққанын, маған жұмыс тапқанын күні бүгінге дейін жыр етіп, езбелеп келеді. Мені қалай өз үйіне кіргізіп, жеңіл маши­наға мінгізіп, менің ескі-құсқы киім­дерімді гаражына ілгізіп қойғанын ұмытпайды. “Бір ауыз орысша біл­мейтін топасты” әкесі қалай инс­титутқа түсіргенін, әсіресе, аспирант етіп қойғанын әсерлеп айтудан жа­лық­п­айды. Мұның бәрі “мың бір түн” хикаяларынан да қызықты болып естіледі. Алда-жалда қонаққа бара қалсақ, көпшіліктің көзінше сұқ сау­сағымен мені нұсқап: “Мына немені мен өзім адам қылғанмын” дейді.

– Мынауың сұмдық қой. Есті­меген елде көп екені рас-ау. Бәтша­ғар­дың тіліне темір тұсау салмайсың ба.

– Е, досым-ай. Қайдағы тұсау, тұ­сауды мен емес, әке-шешесі жабылып бұдан қырық жыл бұрын маған салып қойған ғой. Мені кү­шік кезімде талады емес пе? Содан бері екеуміз қыр­қысып ке­леміз. Ере­гісіп, егесіп келе­міз. Менің қа­ным­­ды олар терімді тес­пей сорып келеді ғой. Біз­дер бір-бірі­мізді жең­бей­міз де, бір-бірі­міз­ден жеңіл­мейміз де. Ұдайы итжығыс. Ит тіршілік. Ит қорлық.

– Әй, сенің қыр­мызыдай бойжеткен екі қызың, ержеткен ұлың бар емес пе? Олар неге саған қарас­пайды? Жұлдыз санап жүр ме?

– Айтсам сенбей­сіңдер. Егер қыздың анасы ұдайы әкесін жамандай берсе, онда қыздар тек әкесін ғана емес, жер бетіндегі бүкіл еркек кіндіктіні жек көріп, жеркеніп кетеді екен. Бізде әйтеуір солай болды. Ал ұлсымағым баяғы­да-ақ неміс келінімнің жетегіне еріп, жер түбіне қаңғып кеткен. Қазір ол Алманияда жүр деп есітем.

– Ойпырай, ә. Бәтшағар! Тәп-тәуір бала сияқты көрінетін. Адамның аласы ішінде екен-ау. Тым құрыса оқта-текте саған телефон соғып қойса несі кетеді?

– Соғады. Бірақ маған емес. Анасына. Менің атыма жазылған үйді сатып, кемпірім баласына кетпекші. Түбінде сататын шығар. Өйткені, соңғы кезде кемпірім “Қарттар үйі” туралы әңгімені жиілетіп жіберді.

– Астапыралла! Мен қорқайын дедім ғой. Айдың күні аманда мына қатын айласын асырып, сені мұзға отырғызып кетпесін. Абай бол.

– Абай болғанда не істеймін? Қазір “қит” десең болғаны, заң атау­лы әйелді жақтап шыға келеді емес пе? Зымиян әйелдер соны біліп алған. Ар-ожданды белден басып, әй-шәйіңе қарамай сотқа қарай жүгіре береді. Оған еш нәрсе істей алмайсың.

– Әйелмен айтысып, абырой таппайсың. Одан гөрі күні бұрын Сейілбекке қолайлы бір үй-жай қарастырып қояйық. Бәріміз жабыла іздесек, сәті түсіп, тіпті үйі бар кемпір де табылып қалуы ғажап емес.

 “Үйі бар кемпір” дегенше, сен неге “кемпірі бар үй” демейсің, ә. Қазір кемпір емес, үй маңызды болып тұр ғой.

Бұған бәріміз күлдік.

Біз сол күні әзіл-қалжың айтып тара­дық.  Ертеңіне не боларын қай­дан білейік. Сол түні аяулы досымыз мәңгілікке көз жұмыпты. Қалай болғанын кім білсін... Бұл құпияны ол өзімен бірге арғы дүниеге алып кетті ғой. Білгенде қолымыздан не келеді? Өзіміз сол “келместің кемесін күтіп жағада тұрған” жоқпыз ба?      

...“Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады” деген қанатты сөз бар ғой. Соны сәл ғана өзгертіп: “жігіт кезінде бәрі жақсы, қырсық-қиқар шалдар қайдан шығады”, – деп сұрауға болар еді.

Иә, ұзақ жылдарға созылған тірші­лік тауқыметінің өзі-ақ бір кездегі жаны жайдары, көңілі көлдей, кең­пейіл­ді сері жігітті қатыгез қарияға ай­нал­дырып жіберетін сәттер де болады екен.

Сөйтіп, спортшылардың тілімен айтқанда, “кәрілік” деп аталатын мәреге әркім әртүрлі нәтижемен жететін сияқты.

Кейбір адамдар егде тартқан сайын көңілінің көкжиегі кеңіп, өзгелерге деген ықыласы еселеп арта түседі. Мұндайлар қартайған шағында бұрынғы жас кезіндегіден де мейірімді, қайырымды, инабатты болып кетеді. Олар өз ортасына имандылық шуағын шашып жүреді.

Тұла бойында ұдайы мейірімділік оты лаулап, жанып тұратын осындай киелі қариялардың өз отбасына, бала-шағасына, көрші-қолаңдарына деген ыстық ықыласын, ілтипатын, риясыз көңілін көрген адамның да табанда жаны жадырап кететіні хақ.

Мен дәл осындай жаны жайсаң, бір жайдары қарияны білем. Сол ақсақалды мен өмірдің өзімен үйлесім тапқан жан дер едім. Жарықтықтың “қартайып қалдым” деп мұңайғанын да, толып жатқан сырқаттарын айтып күңіренгенін де, біреуге шағымданып шырылдағанын да естіген емеспін.

Бір жолы әңгіме барысында мен сол қарияға қадала қарап:

 Ақсақал, сіз бүгінгі тұрмыс тір­шілігіңізге, бала-шағаңызға, жалпы мы­нау зымырап өтіп жатқан өміріңізге ри­засыз ба? — деп сұрадым. Ол менің сауа­лыма күлімсіреп тұрып жауап берді:

 Әрине, ризамын. Әйтпегенде ше! Мүмкін сен сөзіме онша сене қоймассың. Алжыған шал екен деп маған күдіктеніп қалуың да ықтимал ғой. Мейлі. Не ойласаң, соны ойла. Сұрақ – сенен, жауап – менен бол­сын. Айтайын. Ақындарша ақтарылып айтайын. Қартайған адам не жақсы, не бақсы болады деп ойлаймын. Мен соның біреуі шығармын,- деп қария маған қарады.

 Бүгін көңіліңіз көктем, жүре­гіңіз желкен болып тұр екен ақсақал, — дедім.

 Бүгін ғана емес. Күнде. Өмір бойы осындаймын. Сонау сәбилік шағымнан қалыптасып қалған жақсы бір әдетім, түсінігім бар. Бүкіл әлем, барлық адамдар мен үшін, менің көңілді жүруім үшін, күлуім үшін, бә­рін танып-білуім үшін қызмет істеп жатыр деп ұғынам. Дәлірек айтсақ, мына немерелерім менің көңілімді көтеру үшін сықылықтап күлетін сияқты. Балам мен келінім менің берген батамды ақтау үшін қол ұстасып жүретін секілді. Ағайын-туыстарым оқтын-оқтын бала-шағасына той жа­сап, мені қария деп төрге отырғызады. Үстіме шапан жабады. Балаларына бата сұрайды. Соның бәрі менің мерейімді асыру үшін жасалады деп түсінем.

 Айналаңыздағы адамдарды жақ­сы көреді екенсіз ғой қария, — дедім.

 Адамдарды ғана емес, анау аспанмен тілдесіп тұрған Алатауды да, содан төмен қарай сарқырап ағып жатқан өзендерді де, айналасындағы айдын көлдерді де ұнатам. Тіпті мына әлемнің қожасы саналатын күннің кешке қарай қызарып батқанын да, аспанға күмістей жалтырап сұлу айдың қалықтап шыққанын да ұнатам. Мұ­ның бәрі менің жүрегіме жылу береді.

– Ойбай-ау, ағып тұрған ақын екенсіз ғой.

 Ақын болмасақ та, соған жақын болған шығармыз. Менің ойымша, әдемі әлемге, қыздардың қылығына, ұлдардың ұғымына, шалдардың шапағатына, жастардың махаббатына сүйсіне білген адамның бәрі ақын.

– Шіркін-ай, сіз сияқты ақын­жанды ақсақалдар көп болса ғой.

 Оның рас, өмірдің тек көлеңке жағын көре бермей, шұғылалы, нұрлы жағынан да нәр ала білуіміз керек. Қараңғы түнді де, жарқыраған күндізгі күнді де құдай жаратты емес пе? Күн мен түн, жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық, қайырымдылық пен сараңдық, әділдік пен әділетсіздік, жастық пен кәрілік алма-кезек ауысып, жалғасып өтіп жатқан зымыран-өмірге не жетсін!

 Қария, өзіңіз нағыз философ екенсіз ғой. Мына айтып тұрғаныңыз адамзаттың тұңғыш пайғамбары саналатын Заратуштра ілімінің негізгі идеясы екенін білесіз бе?

 Білмедім. Әйтеуір біреу маған құлағыма сыбырлап: “Тәңір жаратқан күл­лі әлем, яғни мына қара жер де, анау көгілдір аспан да, айдын көл де, құлан жорытқан шөл де, ойнақтаған тұлпар да, қалықтаған сұңқар да, бәрі, бәрі де Алланың саған тартқан сыйы ғой. Ендеше, сен солардан ләззат ал”, — деп тұрғандай болды.  Мүмкін содан шығар, әйтеуір мен қашан да көңілдімін, өзіме-өзім сенімдімін.

 Ақсақал! Кейбір қариялар мына өмірден түңіліп, қартайдым деп бүгіліп, жан дүниесі үгіліп жүреді ғой. Баланы да, даланы да, қаланы да жақтырмай­ды. Бұл туралы не ойлайсыз?

 Ондайлар да ұшырасып қалады. Оларға еш нәрсе ұнамайды. Өз баласының көп білгені де, немересінің сықылықтап күлгені де, жастардың қол ұстасып жүргені де ұнамайды.

Айналасына біртүрлі жеркене қарап үйренген мұндай қырсық шалдарға өз кемпірінің сығырайып қарағаны да, келінінің шәй құйып бергені де, көрші жігіттің әскерден аман-есен келгені де жақпайды, оған әкесінің той жасап бергені де жақпайды. Әдетте мұндай шалдар қойшы жігіт тұсынан айғайлап өтсе де ашуланады. Бау-бақшада бұлбұл құс құйқылжыта сайраса да, қасап пышағын қайраққа қайраса да ашуланады.

 Мұндай құбылысты өз ба­сыңыз­­дан байқадыңыз ба? Тегінде қартайған шақта адам қандай жағымсыз қасиеттерден сақтанып жүруі керек деп ойлайсыз?

 Өзгеріс дегенің тірі пендеге тән нәрсе емес пе. Соның өзінде өзің айтқан құбылыстар әркімде әртүрлі дәрежеде көрініс тауып жатады. Сол себепті мен барлық қарттар туралы емес, тек өзім хақында ғана айтқаным жөн шығар. Мені әзірше қара жерді басып жүрген сан мыңдаған қарттар­дың бірі деп санағаның дұрыс.

 Қартайған сайын жаным жалқауланып бара жатқан сияқты. Иә, әңгіме дене күші хақында емес, адам­ның ішкі әлемі, рухани қуаты жайында болып отыр. Бүйте берсе, түбінде ай­наламда болып жатқан өмірге белсенді түрде қатыса алмай қалам ба деп те қорқам. Ал қария атанған адам үшін бұл аса қауіпті жәйт дер едім. Өйткені, ақсақалдың қоғамдағы ең басты міндеті – жастарға көрген-білгеніңді айтып, ақыл-кеңес беріп отыру ғой. Арманым – ант мезгілі жетіп, арғы дүниеге аттанғанша ақыл-парасаттан айрыл-май, ұрпақтарыма ақылды ата, білікті баба бола білу.

 Ақсақал! Тек өзі туралы ғана ойлап, тек өз пайдасын ғана іздеп жүретін шалдар да бар екенін білеміз. Солардың ішінде қасиетті қария, ақылды ақсақал бар деп ойлайсыз ба? Қара басының қамын күйттеп жүрген шалдар бүгінгі жастарға үлгі-өнеге бола ала ма?

 Жоқ, ә. Жақсылығы өз басынан аспайтын ондай пенделер кімге үлгі-өнеге болып жарытады дейсің. Он­дай­лар бейнебір жапан далада жалғыз өс­кен жеміссіз ағаш сияқты ғой. Түбінде мұндай ағаштар қурап қалатынын бә­ріміз білеміз. Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың деген Абай ғибратын ұмытпау керек. Егер мен тек өзім үшін ғана күйіп-пісіп, тырбанып жүрген болсам, онда мына жарық дүниеде өмір сүріп жүрмін деп айтуға ұялар едім.

 Жақсы айттыңыз, ақсақал. Егер сауалым оғаштау естілсе, кешірім өтінем. Айтыңызшы, қартайғанда күншіл, міншіл болып кеттім деп ойланбайсыз ба? Өйткені, сіздің бірқатар құрбы-құрдастарыңыз атақ-лауазым жағынан сізден әлдеқашан озып кеткен көрінеді.

 Рас. Өмір бәйгесінде мені шаңға көміп кеткен құрдастарым аз емес. Бір­ақ мен тірі пендені күндеп, іштарлық жасап көрген емеспін. Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады дейміз ғой. Мен өз әлімді білем. Одан асуға әрекет жасаған жоқпын. Достарымның жетістіктеріне қуанам, кемшіліктеріне күйінем. Жеңістерін мақтанышпен айтып жүрем. Кейбір достарымның самғау биікке шарықтап шығуына өзім тікелей көмектесіп келдім. Менің білетінім – жаны жайдары, ары адал адам ешқашан, ешкімді күндемейді. Баяғы заманның бір данышпаны: “Азап шеккің келмесе, күншіл болма” депті ғой. Мен осы қағида бойынша өмір сүріп жүрмін.

 Ақсақал, өзіңіз рұқсат берген соң сұрап жатқаным ғой. Әйтпесе менің кейбір сауалдарын ащылау тиюі де мүмкін.

 Сұрай бер. Қымсынба. Шын­дық­ты шыжғырып айтқанға не жетсін.

 Кейбіреулер қартайғанда сұм­дық сараң болып кетеді дейді. Сіз адам­­ның бұл қасиеті туралы не ойлайсыз?

 Жастардың арасында да са­раңдар аз емес. Жомарт жігіттер де көп емес. Менің білетінім, сараң адам қашан да кедей адам деуге болады. Ондай адамды алтын тонға орап қой­саң да “түгім жоқ” деп ұдайы жылап отырады. Өзі тойса да көзі тоймайды. Мұндай пенделердің көзін тойдыру­дан гөрі, өзін, яғни оның қарнын тойғызу әлдеқайда оңай дер едім. Өмірде азға қанағат етіп үйрен­ген адамдар ұтады. Мен солай етем. Сол себепті өзімді-өзім бай санаймын.    

 Бұрын кеңестік дәуірде жауап­ты қызметте істеген кейбір қариялар жастарға ақыл-кеңес айтудың орнына өзін-өзі дәріптеп: “Мен кезінде сенің ауылыңды түнде жатқызып, күндіз тұрғызғанмын”, — деп сес көрсетеді. Сіз бұған қалай қарайсыз?

 Рас, ондайлар бар. Көп емес, бірақ бар. Әйтсе де бір қарын майды бір құмалақ шірітеді деген. Мен өзім мақтаншақтық, тәкаппарлық адам бойындағы ең жеркенішті қасиеттер деп ойлаймын. Мақтаншақтық тү­бінде жасты да, кәріні де жақсылыққа қарай жетелейтін қасиет емес. Әсіре­се, жастардың мақтаншақ болмағаны, әйтсе де жан-тәнін салып мақтауға лайық игі істерді тындырғаны жөн деп ойлаймын. Адамның өзін-өзі мақтауы көрер көзге оны кемсітіп тұрады ғой. Соны қалай сезбейтін­деріне қайран қалам. Өзіне өзі ғашық болып жүргендерді бейшара дер едім. Ал тәкаппарлық дегеніміз, маған адамның өзіне өзі жасаған кари­катурасы сияқты болып көрінеді.

 Адам бойындағы жаман қасиеттердің ең жеркеніштісі қайсы­сы деп ойлайсыз?

 Жағымпаздық, екіжүзділік. Өйткені, мұндай адамдар қоғам үшін өте қауіпті. Олар көзіңше саған да дос, сыртыңнан сенің дұшпаныңа да дос. Олар үшін өмірде қасиетті, киелі ешнәрсе жоқ. Қажет болса олар анасын аттап та кете береді. Менің жастарға айтарым, екіжүзді адам­дардан аулақ жүрсе екен. Кемістігіңді көре тұрып, кемшілігіңді айтпаған адамнан сақтанып жүргендері жөн.

– Ал ондай­лар­ды қалай танимыз?

– “Басқаны дат­тап, өзіңді мақтап тұрған адамға ешқа­шан сенбеңіз”, — депті ғой  Л.Толстой. Жағымпаз жанның тілінен бал, ойынан зәр тамып тұратынын талай данышпандар айтқан. Екіжүзді до­сыңнан гөрі ашық жаудың өзі жақсы дер едім.

– Кейбіреу­лер қартайған­да қатыгез болып кетеді. Өз бала­ларына да қатал қарайды. Бұған не дер едіңіз?

– Қатыгездік – қашанда дәрмен­сіз­­діктен туады. Таби­ғатында мейі­рім­ді болған адам ешқашан қатыгездікке бар­майды. Қатыгез адам еш нәрседен аян­байды. Әдетте қаты­гез, пасық адамдар ызақор, кекшіл болып келеді. Олар ұсақ-түйек жәйт­­терді кек сақтап, соны қайтарудың жолын іздестірумен әуре-сарсаң болып жүреді. Кейбір пен­де­лер бүкіл өмірін түкке тұрғы­сыз кегін қай­ы­ру­ға жұмсап жібереді.

– Сіз ашу­шаң адам емессіз бе?

– Жоқ. Әдетте рухани әлсіз жандар ашушаң бо­лады. Әри­не, мен де адаммын ғой. Кейде ашуым келеді. Бірақ ұзақ уақыт біреуге ашула­нып, кек сақтап жү­ру­ге дәтім шыда­майды. Мен өзім ашу дегеніміз – аз уақыт­қа ақымақ болу деп түсінемін. Баяғыда бір данышпан: “Ашу­ға жиі бой алдыру – басқаның кінәсі үшін өзіңнен-өзің кек алғанмен барабар”, — депті ғой. Сол дұрыс шығар.

Адамның жағым­сыз қасиеттері көп қой. Жалқаулық та, күншілдік те, сараң­дық та, мақтаншақ­тық та, екіжүзділік те ашушаңдық та жаман адамдарға тән қасиет деп білем. 

Берілген өмір — аманат,

Ете біл соған қанағат

Әдетте біз айна­ламыздағы адам­дарды қанағатшыл, нысапты болуға шақырамыз. “Қанағат – қарын тойғызады” дейміз. Мұнымыз, әрине, дұрыс. Азды місе тұту, барын базар ету, қолда барға тояттау көрінгеннің қолынан келе беретін іс емес. Өзі тойса да көзі тоймайтын ашкөздерді күнде көріп жүрміз ғой.

Мұндайда ақын Дулат Бабатай­ұлы­ның мынадай жыр жолдары ойға оралады:

Дүние – жемтік, мен – төбет,

Соны бақпай не бақтым?

Ырылдасып әркіммен,

Не қапқыздым, не қаптым.

Әйтсе де бұл айтылған пікірлері­міз негізінен дүние-мүлікке, ақшаға, үй-жайға, түрлі жиһаздарға, т.б. құнды заттарға қатысты болып, соларға қанағат ете білу хақында болып отыр.

Ал, құдайдың өзі өлшеп берген азды-көпті өмірге де риза болып, соған қанағат ету қажеттігі жайында сізге ақыл айтқан адам болды ма? Әрине, сіз “жоқ” деп жауап бересіз. Өйткені, қысқа ғұмырдың өзіне қанағат ете білуге, тәңірдің сыйлаған әрбір күніне риза болуға, соны місе тұтуға кешегі кеңес кезеңінде бізді ешкім үйреткен емес. Өйткені мұның өзі түптеп келгенде, діни мәселе еді. Бұл сауалға Қожа Ахмет Яссауидің “шариғат”, “марифат”, “тарихат”, “хақиқат” деп аталатын жахрия ілімі толық жауап береді. Мұсылман әлеміне осы төрт салалы ілімді сыйлаған ғұламаның “Диуани хикмет”, яғни “Даналық кітабы” атты еңбегін оқып шыққаныңыз жөн шығар. Сонда ғана сіз неліктен қысқа ғұмырға да шүкіршілік етуіміз қажеттігін түсінесіз.

Сонымен, біз күрмеуге келмейтін қысқа өмірге қанағат ете білеміз бе?

Иә, ауруханаларда – қасіретхана­ларда адамдар күн сайын, сағат сайын, тіпті минут сайын ажалмен ар­палысып, өмір үшін күресіп жата­ды. Бірде адам, бірде ажал жеңіске жетеді. Мен соларды көруге мәжбүр болдым. Тағдырым солай екен. Қи­нал­дым. Қынжылдым. Өкіндім. Өксі­дім. Бәрін білдім. Қасірет-қайғыға да күлдім. Құдай кешірсін. Әйтеуір өмір­дің құндылығын бір адамдай түсіндім.

Әрине, өмірдің қыруар қызығына мерзімі жеткенде қанағат ете білу оңай емес шығар. Өйткені, өмірдің тәттілігін адам ажалдың қыл арқаны қылқындыра бастаған сәтте ғана толық сезінеді. Мұндай қорқыныш сезімі барша жанға тән табиғи қасиет. Ал қорқыныш сезімінің ең күштісі – ажал үрейі. Одан тірі пенде қашып құтылған емес.

Соның өзінде, қорқыныш пен қорқақтық екеуі, түптеп келгенде, екі түрлі құбылыс. Қорқыныш – табиғи сезім. Мұның өзі жер бетінде тірі жүру үшін аса қажет сезім. Егер тіршілік иесі еш нәрседен қорықпаса, сақтанып жүрмесе онда жер бетінде тірі жан, тірі жәндік қалмас еді.

Ал, қорқақтықтың жөні басқа ғой. Ол адамға ана сүтімен берілетін табиғи қасиет емес. Ешкім анасынан қорқақ, сужүрек болып туылмайтыны мәлім. Демек, қорқақ болу – адамның дүниетанымына, қоғамдық көзқарасына байланысты болып келеді. “Қорқақ адам  – ең қауіпті адам”,- деген екен неміс жазушысы Карл Берне. Өйткені, қорқақтар қара басын, өз жанын аман алып қалу үшін туған анасын, туған жерін, бүкіл әлемді сатып жіберуге ұдайы әзір тұрады.

Сөйтіп, ажал аранын ашып, төніп келгенде әркім әртүрлі мінез-құлық көрсетеді. Біреулер ажал үрейін ақыл-парасатқа жеңдіріп, жекпе-жекке шық­қан батырларша ажалды қас­қайып тұрып қарсы алады. Ажалға өк­темдік мінез көрсетеді. Оны менсінбей өледі.

Ал, кейбіреулер жарық дүниемен жөндеп қоштаса да алмайды. Түбінде бір өлетінін білмей жүрген адамдай-ақ қоштасар сәтте жас балаша байбалам салады. “Мені аман алып қалыңдар” деп жұрт­тың бәріне жаға­сын жыртып жалы­нады. Жалбарынады. Сосын барып, “дұрыс емдей алмаған” дәрі­герлерін жерден алып, жерге салады. Қасын­дағы­лар­ды қаралайды, жүректерін жаралай­ды. Көз жұмғанша өзімен-өзі алысып, арпалысып, өмірге лағнет айтып кетеді.

Бір жолы ауруха­на­да жатқанымда отыз бес жасар жігіт қайтыс болды. Екеу­міз бір палатада он бес күндей бірге жат­тық. Ол өзі мінезі ашық-жарқын, жүзі жылы, айналасындағы адамдарды ұдайы күл­ді­ріп жүретін, әзілқой жігіт екен. Біздер аз күнде-ақ достасып кеттік.

Міне, сол жігіттің ажалды қалай қарсы алғанына қайран қал­дым. Ол өзінің қан­дай дертке шалдыққа­нын, тіпті қанша уақыт тірі жүретініне дейін жақсы білетін. Соған қарамай, ол адам айтса нанғысыз сабырлылық сақтай білді.

Кейде ол маған бір түрлі күлім­сіреп қарап қойып, жасы қырыққа жетпей, қыршынында қиылып кеткен ақындар мен суретшілердің, сазгер­лер мен әншілердің, ғалымдар мен мүсіншілердің, тағы басқалардың есімдерін жіпке тізгендей етіп айтып шығатын.

Сосын сәл ғана ойға шомып тұра­тын да кенеттен қызу сөйлеп кететін:

 Азға қанағат етудің өзі де біліктіліктің белгісі шығар. Адамның адами дәрежесі оның тірі жүрген жылдарының санымен емес, сапасы­мен өлшенсе керек. Жер бетінде жүз жыл жүріп те түк тындырмай кеткендер аз ба?

Саған мақтанғаным емес, отыз беске жеткенше біраз істің бетін бері қаратқан сияқтымын. Ең бастысы, бір ұлым, бір қызым бар. Соларға әке болдым. Рас, олар әлі жас. Бірақ анасы бар ғой. Ол өте мейірімді әйел. Балажанды. Оған сенем.

Әрине, алдағы асулар да аз емес еді. Амал не? “Өлшеніп берген өмір бар” депті ғой Майлықожа ақын. Адамға берілген өмір – Алланың аманаты ғой. Соған қанағат ете білгеніміз жөн.

 Дүние-мүлікке емес, ақшаға емес, алтынға емес, өмірдің өзіне қанағат ету қиын шығар,- дедім мен.

 Әрине, қиын. Саған оны оңай деп кім айтты? Сен білесің бе, мына жарық дүниеде небәрі бір күн ғана, бір ай ғана, бір жыл ғана өмір сүретін жәндіктер болады.

 Бір күн дейсің бе? Қойшы. Мұның нағыз өтіріктің көкесі ғой.

 Рас. Солай. Саған биолог ретінде бір хикая айтып берейін.

Ғылым тілінде “цикада” деп ата­ла­тын шыбын-шіркей тектес бір жәндік бар. Бала кезімізде біз оны “шырыл­дауық” дейтінбіз. Ол өзі тұт ағашының торлаған қауын тәрізді тілімденіп кеткен қабырғасындағы қуыс-қуыстарда ұялап, соны мекен­дейді.

Бір қызығы,  цикада сыбызғыдай сызылған ғажайып дауысы бар, өнерлі “музыкант”. Олар қалай болса солай, беталды шырылдай бермейді. Дауыс қосып, “хормен” шырылдай жөнелген­де, бейнебір тұт бағының ішінде музыкалық концерт жүріп жатқандай естіледі.

Міне, сол жәндік мына жарық дү­ниеде небәрі бір күн ғана өмір сүреді. Оның туылған күні – өмірмен мәңгі­лікке қоштасатын күні. Цикада туыла­ды да, дәл сол күні қыңқ етпей, ешкім­ге жалынбай, жалбарынбай, қас-қағымда өліп кете береді. Олар өз ұрпа­ғына бір ғана аманат-мұра тапсы­рып кетеді. Ол – ән. Құйқылжыған әсем ән. Тамылжыған тамаша ән. Өмірге де, өлімге де, қуанышқа да, қайғыға да цикада осылайша әсерлі әнмен жауап береді. Мұндай құбылыс­тың өзінде табиғаттың әзірше адамға беймәлім бір құпиясы жатқан сияқты.

Иә, бір күндік өмір де өмір, — деп әңгі­месін аяқтады досым.

Сол жігіт аурухана төсегінде жан тапсырды. Сыр берген жоқ. Көзі жұмылғанша әйелінің қолын ұстап жатып, езу тартқан күйінде жан тап­сырды. Мен бір досымнан осылайшы айырылып қалған едім.

Бала кезімде әжем маған ертегіні көп айтатын. Басқалар сияқты емес, ертегілердегі айбарлы арыстанды да, сиқырлы самұрықты да, жағы жабысып қалған жалмауыз кемпірді де өз көзімен көріп, өз құлағымен естігендей етіп әңгімелейтін.

Ертегіге кірісер алдында “мына көзім не көрмеген, мына құлағым не естімеген” деп қоятын. Ол кезде бұл сөзге мән бермеген екенмін. Шыным­ды айтсам, әжемнің сол пролог тектес кіріспе сөзін жетпіске жеткенде ғана ұқтым.

Жуырда біздің үйге бір бейтаныс кемпір келді. Шырамытып тұрмын. Әйт­се де жыға танымадым. Ал ол бол­са, менің аты-жөнімді айтып, бәрін біліп тұр. Кемпір менің таңырқап тұр­ғанымды сезіп, маған күлімсірей қарады:

 Әй, шал! “Іздей берсең Меккені де табасың” деген сөз рас екен. Сені ақыры таптым-ау. Ау, сен өзің неге мелшиіп қалдың? Танымай тұрсың ба? Баяғыда бүкіл курстың жігіттері маған жабыла ғашық болып едіңдер ғой.

 Ойбай-ау сен бе едің, — деп жылдам барып құшақтай алдым. Сасқанымнан қайта-қайта атын айта беріппін.

 Ой, келгенің қандай жақсы бол­ды! Өзіңді қыз кезіңде бүйтіп құшақтай алмаған едім. Кемпір болғаныңда қолым жетті-ау, ақыры. Ештен кеш жақсы ғой, – деп қалжың да айттым.

 Мені кемпір дейсің. Өзіңнің де жетісіп тұрған жайың жоқ. Әбден мыжырайып, қолтоқпақтай шал болып қалыпсың ғой.

 Шал емеспін. Мына кемпірдің айтуынша, мен әлі қырықтың қыр­қа­сынан аса қоймаған жігітпін,-деп жанымда тұрған әйелімді көрсеттім.

Бәріміз мәре-сәре боп күлдік. Дастарханға отырған соң әңгіме қыза түсті. Жастық шағымызды жарыса еске алдық. Қонағымыз бірде күліп, бірде жылап сөйледі. Бір кездегі қиялға сый­майтын “Қыз Жібектің” бет-аузы бүрсиген бір уыс кемпір боп қалғанын көр­генімде, еңіреп жылағым келді. Зы­м­ырап өткен зұлым уақыттың қатыгез­дігін қарашы! Ол ешкімді аямайды екен ғой.

Қонағымыз қайтарында маған біртүрлі жалбарына қарады:

 Саған үлкен өтінішпен келдім. Менің “жігітімді” (шалын айтып отыр) балам “Қарттар үйіне” апарып таста­ған. Сенесің бе? Қартайғанымызда бір-бірімізді көруге зар болып қалдық. Мен де сонда барып тұрайын десем, жал­ғызым жібермейді. Ал шалымның үйге келуіне келінім келіспейді. Сөйтіп, өлер шағымызда бір-бірімізді сағынып, жүздесе алмай, мұңдаса алмай, сырласа алмай, екеуміз екі жақта зарлап қал­дық. Жазмыштан озмыш жоқ. Құдай­дың басқа салғаны шығар. Мен неме­релерімді қимаймын. Олар “әже” деп мойныма асылғанда қан құстырған қасі­ретімді де үмытып кеткендей бо­лам. Сенен өтінішім, менің мына хатым­ды, шалымның жылы киім-кешектерін, бес-алты кітабын апарып берші. Маған онда бару қиын. Келінім тышқан аулайтын мысықтай, кірпігін қақпай аңдып отыр. Қадам бастыр­майды.

Мен не істерімді білмей асып-састым, қарбалас бір күйге түстім. Өзімнен-өзім әбігерленіп қалдым. Әйтеуір “мақұл, апарам, бүгін-ақ апарам” дей беріппін.

Сол күні “Қарттар үйі” қайдасың деп жолға шықтым. Іздеп таптым. Қазір оны “Ардагерлер үйі” деп атайды екен. Іздеген адамыма да жолықтым. Директордың айтуынша, ол ешкіммен араласпай, сөйлеспей, тұнжырап, күні бойы жападан-жалғыз ойға шомып отыра береді екен.

Менің кемпірінен сәлемдеме алып келгенімді білгенде тұнжырап отырған қарттың жүзі жайнап, жанары жадырап кетті:

– Қалай өзі, бақуат па? Ауру-сыр­қаттан сау ма екен? Көңіл-күйі қалай?

 Бәрі жақсы. Кемпірің кердеңдеп жүр. Баласы үлде мен бүлдеге орап қойыпты. Екі езуі екі құлағында.

 Әй, қайдам, — деп ол бір ауыр күрсініп алды. Келінім кемпірімді кеміріп жатқан шығар. Теріңді теспей қаныңды соратын келіндер де болады. Сен білмейсің. Білмегенің жақсы. Құдай ондайды көзіңе көрсетпесін.

 Мүмкін балаңыз жуастау шығар.

 Әрине, жуас. Жуас қана емес. Ынжық. Болбыр. Бұзау. Жетекке жүргіш. Етекке жығылғыш. Қатыны қараса, қарғып тұрады. Сен білесің бе, Будда дінінің бір сектасы бар. Олар есігінің алдында өсіп тұрған бір ағаш­тың бұтағын кесіп алып, одан баланың қуыршағына ұқсас қолтоқпақтай етіп, өздерінің “құдайын” жасайды. Сосын оны үйінің бір бұрышына іліп қояды да, ертелі-кеш соған табынып, тағзым етіп, құлшылық құрып жатады. Ұлым үйленген соң біздің отбасы да сондай бір күйге түсті. Күндіз-түні бәріміз ке­лін­ге табынып, тағзым ететін болдық. Тек мен ғана құлшылық етпедім. Міне, сол себепті осында жатырмын.

 “Баланы жастан, келінді бастан”, — дейді ғой. Басында өздеріңіз бір қателік жіберіп алған шығарсыздар.

 Жібердік. Келін дегеніміз біреудің ерке қызы емес пе. Сол ерке қыздың бірден келін болып кетуі қиын. Мүсіншілердің тілімен айтсақ, келін әлі пісіп-жетілмеген шикізат қой. Мәселен, мүсінші үшін балшық – шикізат. Мүсінші одан азуы алтықарыс арыстан да, томпиған тасбақа да, иманжүзді адам да жасай алады.

Үйленген жігіт те сондай мүсінші болуы керек. Алған жарын “айна­лайын” деп отырып, өзінің отбасына, жаңа ортаға, әке-шешесінің талап-тілектеріне сәйкес келетіндей етіп тәр­биелеуі тиіс. Сол отбасына ұнайтын­дай мүсін жасап шығуы керек қой. Әрине, мүсіншілік – шынайы шеберлікті, биік ақыл-парасатты талап етеді. Түптеп келгенде, өмірдің өзі сол ақыл-парасатқа барып тіреледі ғой.

 Қызық екен,  – дедім мен айтарға басқа сөз таппай қалғандай-ақ.

Біз ұзақ әңгімелестік. Қас қарайып, көз байлана бастаған сәтте мен қайтуға ыңғай білдірдім. Қоштасарда ол қойнынан екі бүктелген жұқа дәптер шығарып маған берді:

  Мынаны кемпіріме апарып бер. Мұнда соған арналған өлеңдерім бар. Ұнаса оқыр. Жарым көңілін жұбатар. Бойдақ кезімде соған арнап көп өлең жазып едім. Үйленген соң өлеңді қойып кеттім. Енді бір аяғым жерде, бір аяғым көрде тұрғанда өлеңді қайтем. Қайдағы ақындық дейсің. Ішке жиналған запыран ғой. Ішіңе көп у, яғни запыран жиналып қалса, жүрегің лобып, құсқың келіп тұрады. Іштегі күйік те сыртқа не күй, не жыр боп шықса керек. Мен де сондай бірдеме жазған болдым.

Біз құшақтасып қоштастық. Мен үйге қайттым. Машинаға отырған бойда-ақ “құдай кешірсін” деп қойып, әлгі шалдың өлеңдерін оқуға кірістім.

Сұмдық-ай! Мұндай да қайғы-қасірет болады екен-ау. Мен жұп-жұқа дәптерді емес, алты батпан азапты арқалап келе жатқандай күйге түстім. Айналамда тау күйіп, тас жанып жатыр екен ғой. Сең соққан балықтай бір сәтке есеңгіреп қалдым.

Бір данышпан: “Мен өмір бойы өзім бақытты болу үшін емес, бақытты адамдардың арасында өмір сүру үшін күрестім”, — депті. Шынында да осын­дай бақытсыз жандарды көріп тұрып, бақытты болу мүмкін емес шығар.

Құдай адамды қартайғанда қина­масын. Жастық шақта төбеңнен жай түсіп жатса да, мән бермейсің ғой. Қарттық – қаталдықты көтере алмайды. Соны ұмытпағанымыз жөн.

Сөйтіп, мен “Төлегеннің” жазған хатын “Қыз Жібекке” әкелдім. Ол шалының хатын алғашқыда көз жүгіртіп іштей, ал сәлден кейін мен естісін дегендей дауыстап оқыды. Хатты оқыған сайын дауысы күңіреніп, күйзеліп, күйініп шықты. Бір кезде кемпір маған жалт қарап:

 Ей, пошташы, әкесі өлгенді де естіртеді ғой. Кел осы өлеңдерді газетке жариялайық. Жұрт оқысын. Білсін. Мүмкін кейінгі толқын жастарға да сабақ болар, – деді.

 Ойбай-ау. О не дегенің! Мен сенің шалыңа бұл өлеңдерді тірі пендеге тіс жарып айтпаймын деп Алланың атымен ант-су ішіп келдім емес пе! Газетке жариялап жіберсек, ұлым мен келінім ел-жұртқа масқара болып жерге қарап қаламыз, — деп шалың қорқып отыр ғой.

 Ал біз өлеңді кім жазғанын айтпаймыз. “Белгісіз автор” деп қол қоямыз,- деді кемпір.

Бұл ұсыныс маған да ұнай кетті. Алайда газеттер “белгісіз автор” деген бүркеншек атпен өлең жариялауға келісім бермеді. Сол себепті осы дәптердегі ұзақ толғаудың қысқа ғана үзіндісін оқырманға осылайша жеткізуді жөн көрдім.

Сонымен, “Қарттар үйіндегі” қа­рияның қасірет жырын оқып көрейік:

 

Бақытты ете алмадым...

(Кемпіріме арнау)

 

Шіркін-ай, күй арнасам кемпіріме,

Шамам келсе шабытпен желпінуге.

Не де болса қолыма домбыра алдым,

Құлағын арман-күйге келтіруге.

 

Бүгін мен тым биіктен құладым ба?

Жаудан жәбір көргендей жыладым да.

Жалғызымның айбарлы ызғарымен

Жаратқан мені тағы сынадың ба?

 

Анасын қорғай алмай баласынан,

Әлдекімнің мүңкіткен жаласынан.

Қарттық  қасірет екенін мен түсіндім,

Ұлымның оқ боп атқан қарасынан.

 

Дәрменсіздік көрсеттім қорғай алмай,

Тым болмаса бір сөзбен қолдай алмай.

Сүмірейіп отырдым сүмелектей,

Бір жылы сөз өзіңе жолдай алмай.

 

Саған қорған бола алмай келемін-ау,

Гүл емес, қайғы-қасірет беремін-ау.

Қорлығын жалғызымның көре берсем,

Аманатын Алланың беремін-ау.

 

Көп жылдар өзіңді ертіп жетеледім,

Әйтсе де парызымды өтемедім.

Құс болсам қанатыма отырғызып,

Басқа бір әлемге ұшып кетер едім.

 

Мен бүгін түңілдім де, үгілдім де,

Бұрынғыдан бес бетер бүгілдім де.

Дозақ та адам барар ауыл ғой деп,

Тәңірден “жанымды ал” деп жүгіндім де.

 

Кешір, сені бақытты ете алмадым,

“Бақыт” деген жұлдызға жете алмадым.

Сүйретіліп жаныңда ұзақ жүрдім,

Өйткені, сені қиып кете алмадым.

 

Кете алмадым, бақытты ете алмадым,

Алыстағы арманға жете алмадым.

Дозақтың қыл көпірі рас болса,

Мен содан тірі жүріп өте алмадым.

 

Өте алмадым, жұмаққа жете алмадым,

Жұмағыңды керек те ете алмадым.

Абыройымның барында дұрыс шығар,

Барсакелмес ауылына бет алғаным.

 

Бет алғаным аруақтар ауылына,

Солар тартар шалыңды бауырына.

Тірілерден көрген көп қорлығымды,

Жеткізермін өлілер қауымына...

 

Бұл өлең маған сол қарияның өлімге еріксіз бойұсынар сәтінде жан-жарымен бақылдасып айтқан соңғы сөзі сияқты естілді. Көпке дейін еңсем езіліп, көңілім күңіреніп жүрді. Осы бір қасіретті жыр жолдары жанымнан шықпай-ақ қойды.

Тағдыр адамға алты батпан азапты арқалатып қоятын мерез-мезгіл де болады екен-ау. Әйтсе де мына қара жер соның бәрін де көтеріп, ал зы­мыран-уақыт бәрін де емдеп сауық­тырып жіберуінің өзі ғажап емес пе?!

Үйіме келіп, бала-шағамды, келіндерімді, кемпірімді көрген соң, алдымен, өз тағдырыма іштей мың мәрте шүкіршілік еттім. Бір данышпанның: “Бақытты болу бір бөлек, оны сезіне білу екінші бөлек, екеуі екі түрлі құбылыс”, — деген сөзі есіме түсті.

Иә, мен өзімнің бақытты екенімді енді ғана шындап сезгендей болдым. Кейде біз өмірдегі ұсақ-түйекке ренжіп, күнделікті күйбең тіршіліктің құлы боп кетеміз ғой. Қария болу дегеніміздің өзі сол пендешіліктен биік тұра білу, мына жарық дүниеге төменнен емес, қыран құстар ғана қалықтай ұшып шыға алатын асқар биік тау шыңдарынан қарау, тұлғалану деген сөз болса керек.

egemen.kz

 
ІргеТас
Барлық құқығы сақтаулы